Бүгін облыс әкімдігінде аумақтарды абаттандыру бойынша айлық өткізу және өңірдегі санитарлық эпидемиологиялық ахуал талқыланды

Бүгін облыс әкімдігінде аумақтарды абаттандыру бойынша айлық өткізу және өңірдегі санитарлық эпидемиологиялық ахуал талқыланды

Жиналысты ашқан өңір басшысы Асайын Байханов алдымен су тасқыны кезеңін қорытындылады. Өткен жұма күні аудандардағы тұрғын үйлерді су басу қаупі толығымен жойылды. Павлодар облысындағы су тасқыны жағдайы тұрақты. Облыс әкімі су тасқынына қарсы күреске қатысқандардың барлығына алғысын білдірді.

- Қардың уақытылы шығарылмағаны үшін сөгіс жариялағанымда, кейбіріңізге ұнамаған болатын. Өмір алдын алу шараларының қажет екендігін және уақытылы орындалу керектігін көрсетті, - деді облыс әкімі.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы басталды. Біздің облыста айлықтың әрбір аптасы белгілі бір тақырыпқа арналған «Таза Қазақстан. Көркем қала мен аудан» өңірлік жоспар әзірленді.

1-ші апта (13-20 сәуір) «Берекелі өлке» атауымен өтеді. Коммуналдық қызметтер мен ұйымдар көшелерді, жаяу жүргіншілер жолдарын тазалап, жарықтандыру бағаналарын сырлайды, арықтар мен құдықтарды тазартатын болады.

2-ші апта (20-27 сәуір) «Менің аулам - менің бағым» күні аула аумақтарын, балалар алаңдарын жинау, саябақтар мен скверлерді тазалау ұйымдастырылады.

3-ші апта (27 сәуір-3 мамыр) - «Жасыл аймақ» күні ағаш көшеттерін отырғызу, жасыл желектерді әктеу жұмыстары жүргізіледі.

4-ші апта (4-11 мамыр) - «Табиғатты қорғау - адамның борышы» күні рұқсат етілмеген жерлерде жиналған қоқыстарды жоюға, өзендер мен көлдердің жағалау аймақтарын тазартуға ерекше назар аударылады.

Облыстық «Тазалық марафоны» 27 сәуір күні өтеді. Қоқыстарды шығаруға жүзден астам арнайы техника жұмылдырылады. Бұл күндері полигонда қоқыс тегін қабылданады. Қоқыстарды шығаруға өтінімдерді қабылдауға арналған «жедел желі»: 32-22-52, 8 775 862 1684 (ватсап).

Облыс әкімі өңір тұрғындарын «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына белсенді қатысуға шақырды. Бұл ретте қалалар мен аудандардың әкімдеріне тұрғындардан көп шағым түсетін жерлерге өздеріне баруды тапсырды.
Қалалар мен аудандардың басшыларына елді мекендердегі барлық заңсыз қоқыс орындарын жоюды қамтамасыз ету тапсырылды.

Сондай-ақ, жиналыста өңірдегі санитарлық эпидемиологиялық жағдай қаралды. 3 айда облыста аса қауіпті инфекциялар тіркелген жоқ. Ауыз су сынамаларын зертханалық зерттеу нәтижелері бойынша елді мекендердегі су гигиеналық нормативтерге сәйкес келеді.


Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Есенжол Исабек