Бүгін облыс әкімдігінде 10 ай ішіндегі өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы талқыланды.
Негізгі мәселелерді қарастырғанға дейін өңір басшысы Асайын Байханов Бесқауға ауылында орын алған жағдайға қатысты арнайы жиналыстың қорытындысы бойынша қабылданған шаралар туралы есепті тыңдады. Рейдтік іс-шаралар барысында 1047 тәуекел тобындағы отбасыларды аралап, олардың ішінде қосымша 166 отбасы анықталды. Мұндай отбасыларды А нүктесінен – қолайсыз ортаға кірген сәтінен бастап осы санаттан шығу нүктесіне дейін сүйемелдеу бойынша бірыңғай операторды айқындау ұсынылды. Кешенді әлеуметтік қызметтерді алатын мекен жайларды күшейту үшін 2000-нан астам адам тұратын ірі елді мекендерде кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссиялар құрылады. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша оқу орындарының профилактикалық қызметінің жүйесін қайта қарау туралы балаларды зорлық-зомбылықтан, өзіне-өзі қол жұмсаудан алдын алу және олардың құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі өңірлік кешенді жоспар әзірленді.
Сондай-ақ, Шідерті кентінде 8 айлық баланың қайтыс болу оқиғасы жан-жақты талқыланды. Бір жасқа дейінгі балаларды динамикалық қараудың әлсіз бақылауы үшін Павлодардың №3, Екібастұздың №3 емханаларының, сондай-ақ, Ақтоғай аудандық ауруханасының басшылары тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Баланың қайтыс болу фактісі бойынша сот-медициналық сараптамасы жүргізілуде, оның нәтижелері 12 желтоқсанда белгілі болады.
Асайын Байханов балаларға қарсы қылмыстардың алдын алу жөніндегі жұмыстарды жалғастыруды және аз қамтылған отбасылардың әлеуметтік патронаж қызметін күшейтуді, сондай-ақ, оқу орындарындағы профилактикалық жұмыстарды толығымен қайта қарауды тапсырды.
Аппараттық жиналыстың негізгі күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ирина Назарчук баяндама жасады. Өңірдегі барлық базалық әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша оң серпінге қол жеткізілді. Ағымдағы жылдың 10 айы ішінде Павлодар облысына 730,1 млрд теңге тартылып, өткен жылдың деңгейінен 28,2 % асып түсті.
Асайын Байханов Ақтоғай, Баянауыл, Успен аудандарының әкімдеріне аталмыш ауылдардағы су құбырларының құрылысын уақтылы аяқтауды және халықтың әлеуметтік осал топтары үшін тұрғын үй сатып алу қажеттілігіне баса аударуды тапсырды.
- Халық бізден нақты нәтижелер күтеді. Сіздердің әрқайсыларыңыз бюджет қаражатын тиімді және толық пайдалану үшін жеке жауаптысыздар, - деді облыс әкімі.
Жиналыстың екінші сұрағы «Қысқы кезеңге автокөлік жолдарын дайындау туралы» көлік және автокөлік жолдары басқармасының басшысы Қанат Кашкировтың облыс әкіміне берген есебі баяндамашының дайын болмауына байланысты қабылданбады.
Өңір басшысы өзіне бағынышты қызметкерлерден жетекшілік ететін бағыттары бойынша кәсібилік пен құзыреттілікті талап ететінін атап өтті. Көлік және автокөлік жолдары басқармасына мамандардың облыстың әрбір ауданына барып, аудандық жолдардың қысқы кезеңге дайындығымен танысуды және бұл туралы келесі жиналыста баяндау тапсырылды. Ведомство басшысына сөгіс түрінде тәртіптік жаза берілді.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев