Павлодарда IV қысқы Жастар спорт ойындарының жарыс кезеңі өтуде

Павлодарда IV қысқы Жастар спорт ойындарының жарыс кезеңі өтуде

«Астана» мұз сарайында облыс әкімі Асайын Байхановтың қатысуымен Қазақстан Республикасының IV қысқы Жастар спорт ойындарының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Жарыс бағдарламасына спорттың 11 түрі (хоккей, шаңғы жарысы, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, кёрлинг және т.б.) кіреді, бұл ретте жастар арасындағы хоккей жарысы Павлодар мұз айдынында өтеді.

23 ақпан мен 1 наурыз аралығында облыс орталығында Астана, Алматы қалалары, Павлодар, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жетісу, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарынан келген 10 командадан құралған 2004-2006 жылғы жасөспірімдер арасында хоккей матчтары өтеді.

Қатысушыларға арналған құттықтау сөзінде Асайын Байханов мұндай жарыстар әр ойыншы үшін өзін шыңдауға және тәжірибе жинау үшін тамаша мүмкіндік екенін атап өтті.

- Хоккейдің танымалдылығы бүкіл әлемде үнемі өсіп келеді. Көптеген адамдар осы спорт түрімен айналысып, әртүрлі деңгейдегі командаларда өнер көрсетуде. Бұл спорт пен дене шынықтыруды дамыту, салауатты, белсенді өмір құндылықтарын насихаттау, жаңа спорт кешендері мен хоккей корттарын салудағы ортақ күш-жігеріміздің заңды нәтижесі, - деп атап өтті өңір басшысы.

Павлодарлық команданың капитаны Александр Лариковқа IV қысқы Жастар спорт ойындарының алауын жағудың құрметті құқығы берілді. Ол жарысқа алғаш рет қатысып отыр және жарыстың туған жерінде өтіп жатқанына өте қуанышты.

Барлық жарыстардың қорытындысынан кейін әр спорт түрі бойынша құрама командалар құрылып, алдағы халықаралық жарыстарға, оның ішінде Канвондода (Оңтүстік Корея) өтетін 2024 жылғы қысқы жасөспірімдер Олимпиадасына баратын спортшылар анықталады. Сондай-ақ, Миланда (Италия) өтетін 2026 жылғы Олимпиада ойындарына дайындыққа қатысатын мықты спортшылар таңдалады.


Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев