Өңірде жаңа жұмыс орындарын құру, жылуды қамтамасыз ету және к-көктемгі су тасқыны  ерекше бақылауда

Өңірде жаңа жұмыс орындарын құру, жылуды қамтамасыз ету және к-көктемгі су тасқыны  ерекше бақылауда

Бүгін облыс әкімі Асайын Байхановтың қатысуымен өткен аппараттық кеңесте қоныс аударушылар мен қандастарды жұмысқа орналастыру, сондай-ақ, көктемгі су тасқынына дайындық мәселелері талқыланды.
 
Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпова 2022 жылы Павлодар облысы бойынша 21 мыңнан астам жұмыс орны құрылғанын, ал, биыл облыста 25 мың жұмыс орны құрылатынын айтты.
 
- Біз 25,2 мың жұмыс орнын құрумен 201 жобаға арналған өңірлік жұмыспен қамту картасын әзірледік, - деп хабарлады Альмира Дисюпова.
 
Асаин Байханов жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қабылданған жобалардың орындалуын қамтамасыз етуді және әр он күн сайын өңірлік жұмыспен қамту картасын іске асыру бойынша жиынтық ақпарат қалыптастыруды тапсырды. Бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері қалалар мен аудандардың әкімдерімен бірлесіп «Электронды еңбек биржасы» ақпараттық жүйесінде бос жұмыс орындарын орналастыру бойынша жұмыс жүргізуі қажет.
 
Жиналыста қоныс аударушылар мен қандастардың мәселелері де талқыланды. 2017 жылдан бастап өңірге осы санаттағы 14 мыңнан астам адам көшіп келді. Ең көп азаматтар Түркістан және Алматы облыстарынан  қоныс аударды. Әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы хабарлағандай, барлық қоныс аударушылар мен қандастардың бәрі бірдей аймаққа бейімделе алмады. Негізгі себептер - климаттық жағдайы және отбасылық өмірге қолайлы Астана мен Алматы сияқты басқа өңірлерге көшіп кету.
 
- Өңірлік квотаға енгізілген 698 адам кетіп қалды. Биыл аймаққа 3773 адам келуі мүмкін, бұл өткен жылмен салыстырғанда 173 адамға артық. Қоныс аударушылар мен қандастарды орналастырылатын 272 елді мекен анықталды, - деп атап өтті Альмира Дисюпова.
 
Талқылау қорытындысы бойынша өңір басшысы әкімдерге қоныс аударушылар мәселесін жеке бақылауға алуды тапсырды.
- Бірінші кезекте оларға жұмыспен, тұрғын үймен қамтамасыз ету және субсидияларды уақтылы төлеу арқылы қолайлы жағдай жасау қажет, - деп атап өтті Асайын Байханов.
 
Биылғы жылы біздің облысқа келгендер үшін жұмыс күші артық өңірлерден көшіру бағдарламасы бойынша 1300 АЕК немесе 4,4 млн теңгеге жуық экономикалық ұтқырлық сертификаты көзделген. Сертификатты тұрғын үй сатып алуға, үй тұрғызу үшін инвестиция ретінде жұмсауға немесе ипотека бойынша алғашқы жарна ретінде пайдалануға болады.
 
Сондай-ақ, аппараттық кеңесте алдағы су тасқыны кезеңі талқыланды. Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Жасұлан Жұмашевтың хабарлауынша, соңғы 5 жылда негізгі проблемалық учаскелер Ақтоғай және Баянауыл аудандары болып табылады. Бұл аудандарда, сондай-ақ, Тереңкөл, Аққулы, Шарбақты, Май және Екібастұз қалаларында алдағы су тасқынына дайындық жағдайы тексерілді. Тексеру нәтижелері бойынша шалғай ауылдарда қар жинау және шығару тиісті деңгейде жүргізілмейтіні немесе мүлдем жүргізілмейтіні анықталды. Бұл биылғы жылы жауын-шашын нормадан 21%-ға артық екенін ескере отырып, су тасқыны жағдайын қиындатуы мүмкін.
 
Жасұлан Жұмашевтің айтуынша, өткен жылы үйлерді су басқан Павлодар ауданының Рождественка ауылында қосымша су өткізгіш құбырлар орнатылмаған. Ал Май ауданындағы Көктөбе ауылында Абылайхан көшесі бойында су бұру құбырлары салынбаған және траншея жүргізілмеген.
 
Асайын Байханов әкімдерге қалалар мен аудандардың барлық елді мекендерінде қар шығаруды қамтамасыз етуді, су өткізу құбырларын тазалауды, бір апталық мерзімде облыстың 2023 жылға арналған су тасқыны кезеңінен өтуге дайындық жөніндегі шараларды пысықтауды тапсырды. Төтенше жағдайлар департаменті алдағы су тасқыны кезеңіне барлық резервтерді дайындауы қажет. Өңір басшысы Баянауыл ауданындағы көпір құрылысын жеделдетуді тапсырды. Инженерлік құрылыс Қалқаман-Баянауыл–Үміткер–Ульяновский тас жолының 104–ші шақырымында салынып жатыр.
 
 
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев