Ақсу қаласының тұрғындары аймақ басшысына өздерінің әлеуметтік мәселелері туралы айтып берді

Ақсу қаласының тұрғындары аймақ басшысына өздерінің әлеуметтік мәселелері туралы айтып берді

Павлодар облысында халықпен кеңейтілген форматтағы кездесулер жалғасып жатыр. Бұл жолы Ақсу тұрғындары аймақ басшысына өздерін толғандырған сауалдарды тура қоюға мүмкіндік алды. Атап айиқанда, сауалдардың көбі инфрақұрылымды дамыту, экологиялық мәселелерді шешу және жылу беруге қатысты болды.  

Қала экономикасының негізін өнеркәсіп секторы құрайды. Соңғы үш жылдың өзінде ғана оның көлемі 1,3 есе өсті. Ауыл шаруашылығы да табысты дамып келеді. Қазіргі кезде Ақсу қаласы мұндағы заманауи көкөніс қоймаларының саны бойынша көш бастап тұр.   

Жалға берілетін тұрғын үйлердің құрылысы да қарқынды жүргізіліп келеді. 30 жылдың ішінде тұңғыш рет жылдық көлем 57 мың шаршы метрді құрады. Соңғы үш жылда 8 көпқабатты тұрғын үй салынса, биыл тағы бір 144 пәтерлі тұрғын үйді тапсыру көзделіп отыр. Тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету деңгейі 95%-ы құрайды. Аудандық маңызы бар автожолдардың көрсеткіші 94,5%-ға жеткізілді. Аймақ басшысы Ақсу қаласының әкіміне әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді жақсарту бойынша жұмысты жалғастыруды тапсырды.  

 ШОБ субъектілерінің санын арттыру қажет. Балаларды қосымша біліммен қамтамасыз ету де назарда тұру керек, деп атап өтті Әбілқайыр Сқақов. – Мобильді жұмыспен қамту орталықтарының жұмысын жалғастырып, «Еңбек» бағдарламасы бойынша кемінде 140 грант беруді, әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасын бақылауды және ауыл тұрғындарын қатты отынмен уақтылы қамтамасыз етуді тапсырамын.

Бұған дейін облыстық басқармалардың басшылары Ақсу қаласына қарасты 31 ауылдық елді мекенге барған еді. Кездесулерде көтерілген 187 мәселенің басым көпшілігі инфрақұрылымды жаңарту, әлеуметтік қолдау және кәсіпкерлікті дамытуға қатысты болды.

Бір жарым сағаттық кездесу кезінде жергілікті тұрғындар өзекті мәселелерді де қозғады. Ақсудың қоғамдастық өкілдерін мұндағы сүт-тауарлы ферманың экологияға әсері алаңдатады. Аймақ басшысы құзыретті органдарға нысанды мұқият тексеруді тапсырды.  

Тағы бір өзекті мәселе – сынақ кезінде бұзушылықтар анықталған жаңа қазандықты іске қосу. Облыс әкімі жақын арада техникалық аудит жүргізіліп, одан кейін тиісті шаралар қабылданатынын айтты. Сонымен бірге, Әбілқайыр Сқақов АФЗ-ың қолданыстағы қазандығы техникалық режим мен жүктемеге төтеп беретінін атап өтті. Ақсу қаласының тұрғындары жылусыз қалмайды.  

Сондай-ақ, кездесуде жергілікті ақсақал жеке тұрғын үй секторы абаттандырылмай жатқанына шағымданды. Қарияның өтінішін тыңдаған аймақ басшысы кездесу аяқталған соң аталған шағын ауданға барды.  

– Жағдай бойынша осы көшелердің тұрғындарымен кездесіп, олардың проблемаларын бірлесіп талқылап, шешім қабылдау қажет, деді Әбілқайыр Сқақов. Ақсу қаласының әкімі бәрін тәртіпке келтіріп, анықталған кемшіліктерді жоюы тиіс.  

Тағы бірқатар мәселелер инженерлік инфрақұрылымды, қоғамдық көлікті, автожолдарды жаңарту, үйлерді басқарудың жаңа формасына көшу және өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қатысты болды. Кездесу аяқталған соң Әбілқайыр Сқақов азаматтардың жеке қабылдауын өткізді.  

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев