Екібастұзда тұңғыш рет жұқпалы аурулар бөлімшесі ашылады

Екібастұзда тұңғыш рет жұқпалы аурулар бөлімшесі ашылады

Әбілқайыр Сқақов Екібастұз қалалық ауруханасының жаңадан ашылып жатқан жұқпалы аурулар бөлімшесінде болды. Оны ашу үшін соңғы бес жыл бойы бос тұрған жедел жәрдем станциясының ғимараты пайдаланылды.

Бөлімше корпусы ұзақ уақыт бойы консервацияда тұрған. Биыл ғимаратты қайта құру жұмыстары аяқталды. Қазір жабдықтарды іске қосу және тестілеу процесі жүріп жатыр. Бөлімшеге жиһаз сатып алынып, штат білікті медициналық қызметкерлермен жасақталды.

Бас дәрігер Мұхаметқайыр Андосовтың айтуынша, бұрын ауруханада жұқпалы аурулар бөлімшесі болмаған. Науқастарды бейімделген палаталарға орналастыруға тура келген еді. Жаңа инфекциялық бөлімшені екі апта ішінде пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Қалалық ардагерлер кеңесінің кеңсесін аралау барысында облыс әкімі ақсақалдардың тілектері мен арыздарын тыңдады.

Әбілқайыр Сқақов Мәшһүр Жүсіп көшесіндегі №105-үйдің тұрғындарымен де кездесті. Тұрғындар өңір басшысына өздерінің проблемалары туралы айтып берді. Атап айтқанда, олар ауланы абаттандырып, балалар алаңын жабдықтауды сұрады.

Екібастұзды дамытудың Кешенді жоспарына сәйкес алдағы екі жылда елуден астам ауланы жөндеу жоспарланып отыр. Биыл жиырма бес аула ретке келтіріледі. Бұдан бөлек, қаланың елу жеті көшесін жөндеу жоспарлануда.

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі

Суреттерді түсірген Валерий Бугаев