Биыл Екібастұз өңірінің барлық ауылдары сапалы ауыз сумен қамтылады

Биыл Екібастұз өңірінің барлық ауылдары сапалы ауыз сумен қамтылады

Әлкей Марғұлан атындағы ауылда су құбырының реконструкциясы аяқталып жатыр. Облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов суды ауылдағы әрбір үйге тартуды тапсырды.

Мердігер ұйым - «Көлсай Құрылыс» ЖШС өкілінің айтуы бойынша су құбыры жаздың соңына дейін іске қосылады.

- Біз монтаждау жұмыстарын толық аяқтадық: сорғы станциялары мен трансформатор орнатылды, - деді мердігер. - Су желісін іске қосқаннан кейін станцияның аумағын абаттандыратын боламыз.

Аймақ басшысы станцияны баланста ұстайтын ұйымды және судың тарифтік бағасын анықтауды тапсырды.

- Негізінде су магистральдерін күтіп ұстаумен айналысатын бірыңғай коммуналдық кәсіпорын құру қажет, - деді Әбілқайыр Сқақов. - Бұл тәжірибені облыстың бүкіл аумағында енгізу қажет.

Екібастұз қаласының әкімі Ардақ Қаңтарбаев биыл өңірдің барлық ауылдары сапалы ауыз сумен қамтылатынын айтты. Жыл соңына дейін Төртқұдық ауылы мен Бозшакөл станциясындағы су құбырларының құрылысын аяқтау жоспарланып отыр.
Ауыл тұрғындарымен кездесуде аймақ басшысы әкімдердің халық алдында есеп берулерінің маңыздылығын атап өтті.

- Қазір халықпен кездесулердің форматы өзгерді, - деді Әбәлқайыр Сқақов. - Әкімдер баяндама оқып, алдын ала әзірленген сұрақтарға жауап беретін кез өтті.

Ауылдың байырғы тұрғыны Николай Бельгер ауыр жүк көліктері ауылдың кіре беріс жолын бұзып тастағанына наразылық білдірді. Екібастұз әкімі мердігер ұйым кепілдік міндеттемелер бойынша жолды жөндейтінін айтты.

Аймақ басшысы ауыл тұрғындарының бірлесіп мешіт құрылысын бастағанын құптады. Ауыл жастары мешіттің іргетасын құйып, қабырғасын қалап жатыр.

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев