Павлодар облысы мектептерінде Соңғы қоңырау соғылды

Павлодар облысы мектептерінде Соңғы қоңырау соғылды

Салтанатты іс-шара Екібастұздағы №36 мектеп-лицейінде де өтті.
Облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов мектеп түлектерін мерекемен құттықтап, ақ жол тіледі.
- Соңғы қоңырау – әр адамның өміріндегі ерекше қуанышты күн. Сіздер білім алып отырған лицей-мектебінің де орны ерекше. Биыл мектепті 38 түлек аяқтап отыр, оның ішінде төртеуі «Алтын белгіге», біреуі үздік аттестатқа үміткер. Мектеп оқушылары халықаралық, республикалық, облыстық олимпиадалар мен түрлі конкурстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері. Алған білімдеріңізді жалғастырып, кәсіп меңгеріп, ел үшін аянбай еңбек етулеріңізге тілектеспін. Еліміздің экономикасын, мәдениеті мен білімін, ғылымын дамытуға сіздер зор үлес қосасыздар деп сенемін, - деді облыс әкімі.
Мектеп түлектері атынан үздік оқыған Рената Смайылова сөйлеп, терең білім мен жақсы тәрбие берген ұстаздарына алғыс білдірді.
- Мектептегі оқу зымырап өте шықты, ұстаздарым мен сыныптастарымды сағынатын боламын, - деді ол. – Мектепте география мен тарихты сүйіп оқыдым. Сондықтан тарих мұғалімі мамандығын таңдадым. Алдағы уақытта Павлодар педагогикалық университетіне оқуға түссем деймін.
Мектеп түлектері 10-сынып оқушыларына өздері құрастырған «Ұрпаққа аманат» атты жинағын сыйға тартып, «Асығың алшысынан түссін» деген ырыммен үлкен асықтың макетін табыс етті. Әрі қарай «Алтын белгінің» иегері Мадияр Болатов білім алауын 10-сынып оқушысы Айдана Жанаділқызына тапсырды.
Салтанатты рәсім соңында мектеп түлектері «Қош бол, мектебім» әнін шырқап, білім ордасымен қоштасты. Осыдан кейін мектепте соңғы қоңырау соғылды.
Павлодар облысында 112 700 мектеп оқушылары үшін соңғы қоңырау соғылды. Олардың 4303-і 11-сыныпты бітірді. Мектептен түлеп ұшқандардың арасында 233 оқушы «Алтын белгіге», 333 оқушы үздік аттестатқа үміткер.