Павлодар облысында сүт-тауарлы фермалардың санын арттыру жоспарлануда

Павлодар облысында сүт-тауарлы фермалардың санын арттыру жоспарлануда

Облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов Павлодар ауданының бірқатар шаруа қожалықтарындағы егіс жұмыстарының барысымен танысты. Биыл Павлодар ауданындағы егістік алқаптарының көлемі өткен жылмен салыстырғанда отыз пайызға артық. Аудан суармалы егістіктердің көлемі бойынша өңірде көш бастап келеді.

"Асхат" шаруа қожалығының басшысы Қадырбек Нұрпейісов осы мақсаттарға ұзындығы бір шақырымнан асатын жаңбырлатқыш машина сатып алынғанын айтты. Фермерлер әр гектардан елу центнерге жуық көкөніс жинауды жоспарлап отыр.

Шаруа қожалығы "PepsiCo" корпорациясымен чипстер өндіру үшін картоп жеткізуге келісімшарт жасасты. Фермерлер картоп дақылының отыз пайызын экспортқа жібергенімен, оның негізгі бөлігі ішкі сұранысты қанағаттандыруға жұмсалады. Сонымен қатар, шаруашылық он мың тонна өнімге арналған көкөніс қоймасын салуды жоспарлап отыр.

- Біздің облыс - заманауи көкөніс сақтау қоймаларының саны бойынша елімізде бірінші орында, - деді Әбілқайыр Сқақов. - Барлық қоймалардың жалпы сыйымдылығы шамамен 450 мың тоннаны құрайды және бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді.

"Радуга" шаруа қожалығында тамшылатып суару әдісі қолданылады. Сексен бес гектар суармалы егістікте сәбіз өсіріледі. Шаруалар сәбіздің алғашқы өнімін 20-шілдеден кейін алуды күтіп отыр.

"Родник"шаруа қожалығының алқаптарында негізгі көкөністердің барлық түрлері отырғызылды. Өңір басшысы қожалық егіс алқаптарын тиімді әртараптандырғанын атап өтті. Картоп пен сәбіз сексен гектардан егілсе, он алты гектарда қырыққабат және он екі гектарда қызылша отырғызылды. Әбілқайыр Сқақов мұндай тәсіл павлодарлықтарды арзан көкөністермен қамтамасыз етуге көмектесетінін атап өтті.

Бұдан кейін облыс әкімі облыстың ғана емес, бүкіл елдің ірі ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің бірі - "Андас" шаруа қожалығының құрылыс алаңына барды. Мұнда 1200 бас сауын сиырға арналған сүт фермасы салынып жатыр.

- Бұл өте жақсы бастама, оны жоспарланған мерзімде аяқтау қажет, - деді Әбілқайыр Сқақов. - Облыс бойынша барлығы отыз алты сүт-тауар фермасы бар, олардың он үші 2020-2021 жылдары салынған. Алдағы екі жылда тағы сегіз СТФ іске қосуды жоспарлап отырмыз. Бұл жүздеген жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Ең бастысы, біз сүт өңдеу кәсіпорындарын сапалы шикізатпен қамтамасыз етеміз, - деп атап өтті Әбілқайыр Сқақов.

Сонымен қатар, шаруашылық заманауи көкөніс қоймасын, астық кешенін салуды және суармалы учаскені кеңейтуді жоспарлап отыр. "Андас" ШҚ өз көкөніс сақтау қоймаларының болуы бойынша облыста көшбасшы болып табылады. Бүгінгі таңда қоймалардың жалпы сыйымдылығы қырық бес мың тоннаны құрайды.

Соңында Әбілқайыр Сқақов "Набережное"ЖШС-нің алқаптарында болды. Аймақ басшысы тәжірибелі агроном Николай Стрельбоймен кездесті. Шаруашылық кеңесшісімен әңгіме барысында ғылыми сүйемелдеу деңгейі, сондай-ақ аймақтың тұқым қорының жағдайы туралы сөз болды.

Николай Стрельба "Набережное" ЖШС-ін қазақстандық және ресейлік үздік бидай сорттарын пайдалана отырып, элиталық тұқым өсіру шаруашылығына айналдыру жоспарларымен бөлісті. Қазір осы тұқымдармен он гектар тәжірибелік учаскелер егілді. Фермер жазда облыс аграршылары үшін тәжірибе алмасу турларын өткізуді жоспарлап отыр.

Әбілқайыр Сқақов бастаманы қолдап, оны жүзеге асыру үшін фермерге жан-жақты көмек көрсетуді тапсырды.

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев