БАӘ инвесторлары Екібастұздағы индустриялық аймақты дамытуға дайын

БАӘ инвесторлары Екібастұздағы индустриялық аймақты дамытуға дайын

Біріккен Араб Әмірліктерінің компаниясы Екібастұз қаласындағы шағын индустриялық аймақты дамытумен айналысады. Бұл туралы облыс әкімі Әбілқайыр Сқақовтың Canarax Trading LLP компаниясының құрылтайшылары Нитинг Бхатнагар және Ибраһим Ахмет Абдолла әл Хаммадимен кездесуінде мәлім болды.

Облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың инвестициялық жобаларды іске асыруды үдету туралы тапсырмасына сәйкес өңірлік маңызы бар индустриялық аймақты құру бойынша жұмыс жүріп жатқанын атап өтті.

- Бұл біздің бірінші кездесу емес, - деді Әбілқайыр Сқақов. - Өткен жылдың наурыз айында Абу-Дабиде біздің өкілдеріміз өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған еді.

Аймақ басшысы кейін Екібастұз қаласында Өңірлік индустриялық аймақ құрылғанын айтты. Шағын индустриялық аймақтың жетекші инвесторы ретінде «Canarax Trading» компаниясы шақырылды.

Компанияның құрылтайшысы Нитин Бхатнагар пандемиялық кезеңде Қазақстанға ұшып келуде және келіссөздер жүргізуде қиындықтар болғанын айтты. Ол бұл қиындықтар қазір артта қалғанын атап өтті.

- Біз индустриялық аймақты жүзеге асыру бойынша жұмыс жүргізіп, әлеуетті инвесторлармен кездестік, - деді Нитин Бхатнагар. - Біз Екібастұздағы шағын индустриялық аймақтың табысты жұмыс істеуін міндетімізге аламыз.

Қазіргі кезде инвесторлар Екібастұзда және «Астана» Халықаралық қаржы орталығында «Canarax Ekibastuz Industrial Zone» ЖШС-ін тіркеді. Кейін бұл серіктестік индустриялық аймақтың басқарушы компаниясы ретінде жұмыс істейтін болады.

- Екібастұз қаласының Кешенді даму жоспарын бекіту кезінде біз көмір химиясын дамытуға басымдық бердік, - деді Әбілқайыр Сқақов. - Біз үшін көмір - Екібастұздың басты ресурсы және шикізат базасы екендігі айдан анық.

Аймақ басшысы Екібастұз қаласының әкімі Ардақ Қаңтарбаевқа және жауапты мемлекеттік органдардың басшыларына индустриялық аймақты ашу бойынша негізгі шарттарды нақты құрастыруды тапсырды. Әбілқайыр Сқақов инвесторға көмір химиясын дамыту бойынша көмір күлін қалдықсыз қайта өңдеу технологиясының, шайынды суларды тазалау үшін ардсорбенттер әзірлеудің дайын патенттері бар Химия және көмір институтымен әріптестік байланыс құруды ұсынды.

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі

Суреттерді түсірген Валерий Бугаев