Павлодарлықтар Ұлы Отан соғысында қаза болғандарды еске алды

Павлодарлықтар Ұлы Отан соғысында қаза болғандарды еске алды

Павлодарда Жеңістің 77-жылдық мерейтойы атап өтілді. Мерекелік іс-шаралар Даңқ монументінің жанында Ұлы Отан соғысында қаза болғандарды еске алуға арналған «Уақыттан да күшті естелік» реквием-митингінен басталды.

Павлодарлықтар соғыс қаһармандарына бір минут үнсіздікпен тағзым етіп, облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды.

 

 

Даңқ монументінің жанындағы алаңға мыңдаған павлодарлықтар жиналды. Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қоюға әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері, қоғамдық ұйымдардың өкілдері келді. Гүл шоқтарын қою рәсімі азалы марштың әуенімен жүргізілді.

- Жеңіс күні - ең алдымен, қаза болғандарды еске алып, аталардың ерлігіне тағзым ету күні, - дейді интернационалист-жауынгер Сергей Емельянов. – Халық бұл күнді тарихта теңдесі жоқ қаһармандықтың үлгісі ретінде еске алады. Жеңіс күні құтты болсын!

Алты жасар Арслан Ғалымбек те соғыста қаза болған атасын еске алуға келді. Жас павлодарлық Ленинград майданында шайқасқан бабасының құрметіне Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды.

Соғыс жылдары өңірде қырық мыңнан астам адам майданға аттанып, олардың жартысына жуығы, яғни, жиырма мыңнан астам сарбаз ұрыс даласында қаза тапты немесе хабар-ошарсыз кетті. Павлодарлықтар соғыстың барлық ірі майдандарында шайқасты. Олардың он мыңнан астамы әскери наградалармен марапатталды. Жиырма үш павлодарлық Кеңес Одағының Батыры атағын алса, сегіз жауынгер Даңқ орденінің толық иегері атанды.

Қазіргі таңда Павлодар облысында Ұлы Отан соғысының он сегіз ардагері тұрып жатыр. Жеңіс мерекесінің қарсаңында оларға екі миллион теңге көлемінде бір реттік материалдық көмек көрсетілді. Жеңіс күнінің қарсаңында облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов барлық ардагерлерді жеке құттықтап, оларға мықты денсаулық пен күш-жігер тіледі.