Павлодар кардиоорталығында ота жасаудың барлық түрін өткізуді жалғастырады

Павлодар кардиоорталығында ота жасаудың барлық түрін өткізуді жалғастырады

Облыстық кардиологиялық орталықтың №3 қалалық ауруханамен бірігуі дәрігерлердің жасап  жүрген операцияларға ешқандай кері әсерін тигізбейді. Бұл туралы Павлодар облысы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ардақ Күзеков медицина мекемелерін қайта құру мәселелері бойынша арнайы баспасөз конференциясында мәлімдеді.

Естеріңізге сала кетейік, облыстық денсаулық сақтау басқармасында кардиоорталықты және №3 қалалық аурухананы біріктіру туралы шешім қабылданған болатын. Біріншіден, оны заңнама талап етеді -үкіметтің тиісті қаулысы, сондай – ақ стационарлық, стационарды алмастыратын және консультациялық-диагностикалық көмек бір ұйым болатын көп профильді орталықтарды құруға көшуді ұйғаратын Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығы бар. Екіншіден, мидың тамырлы зақымдануынан зардап шеккен пациенттерге медициналық қызмет көрсетуді жақсарту үшін қайта ұйымдастыруды қажет етеді.

- Павлодар облысында инсульт салдарынан өлім көрсеткіші өсіп келеді, - деп атап өтті Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушысы. - 9 айдың қорытындысы бойынша инсульт 440 адамның өліміне себеп болды, бұл өткен жылға қарағанда 10-15% - ға жоғары. Үш инсульт орталығы құрылды. Олардың бірі №3 қалалық аурухананың базасында орналасқан, бірақ онда заманауи магнитті-резонансты томограф, кардиограф, жоғары сапалы УДЗ-аппараттары жоқ. Бұл ретте барлық материалдық-техникалық база кардиологиялық орталықта бар. Сондықтан осы инсульт орталығын кардиоорталыққа ауыстыру идеясы туындады. Осының арқасында кардиохирургиялық клиника мен инсульт орталығынан, жіті жүрек аурулары және созылмалы жүрек патологиясы бар пациенттерге арналған кардиологиялық клиникадан тұратын жүрек-қан тамырлары кластері, сондай-ақ жүрек-қан тамырлары патологиясы бар пациенттерге арналған оңалту орталығы түпкілікті қалыптастырылатын болады.

Өкінішке орай, кардиоорталық ұжымының бір бөлігі осындай бірлестікке риза болмады. Қайта құруға қарсыластардың басты дәлелі орталық өзінің жоғары мәртебесін жоғалтады және оның мамандарына жүрекке күрделі операция жасауға рұқсат берілмейді. Ардақ Күзеков мұндай жағдайға жол берілмейді,- деп сендірді.

- Орындалатын операциялардың деңгейі кадрлар мен материалдық базаға байланысты және кардиоцентрдің өз бетінше жұмыс істейтіндігіне немесе қалалық аурухананың бір бөлігі ретінде жұмыс жасайтынына байланысты емес, - деді ол. - Кардиохирургиялық көмекке жататын жоғары технологиялық медициналық қызметтер жоғарғы деңгейде көрсетіледі. Келешекте орталықта тек қарапайым операциялар жүргізіледі деп ешкім айтып тұрған жоқ. Кардиоорталықта бұрын көрсетілген операциялардың барлық түрлері болашақта да көрсетілетін болады.

Кардиологиялық орталықты қаржыландыру да тиісті деңгейде қалады, оның бүгінде 360 миллион теңге көлемінде үлкен кредиторлық берешегі бар. Медициналық мекеменің штаттық кестесі де өзгермейді. Жалғыз, орталық басшысының орны қысқартылады. Алайда, өзінің мәртебесін ауыстыратын барлық топ-менеджмент жұмысқа орналасады,ал бұрын жасалған ұжымдық шарттар алдағы уақытта да орындалатын болады.

- Екі медициналық мекеменің құқықтық мәртебесінен басқа ештеңе өзгермейді, - деп түйіндеді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы. - Яғни екі заңды тұлға – бір заңды тұлғаға айналады. Сондай-ақ, облыстық перзентхана №1 қалалық аурухананың үлкен құрылымына айналды, ал перинаталды орталық, жұқпалы аурулар және тері-венерологиялық қызметтер Султанов атындағы облыстық аурухананың құрамына кірді.

 

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі

Сурет: depzdrav.gov.kz