Павлодар облысында халықпен жұмыс жасауды қалай қайта құру керек

Павлодар облысында халықпен жұмыс жасауды қалай қайта құру керек

Бірінші жергілікті басшыларға қала, ауыл тұрғындарымен жиі кездесіп, әлеуметтік желілерде тікелей эфирде хабарлар жүргізіп, азаматтардың өтініштеріне жедел жауап беру тапсырылды. Облыс әкімдігінде өткен аппарат мәжілісінде халықпен байланыс орнатудың жаңа жолдары талқыланды.

 

Павлодар облысы әкімі аппаратының басшысы Нұрлан Дүйсімбинов қаңтар айының басында республика көлемінде орын алған оқиғалар билік пен қоғам арасындағы қарым-қатынастың қалыптасқан тетіктеріндегі күрделі проблемаларды анықтағанын атап өтті. Бірінші кезекте өңірде азаматтардың өтініштерімен жұмысты қайта құру және жергілікті жерлерде әкімдердің халықпен кездесуін жиірек ету жоспарланып отыр.

 

- Біз қалалар мен аудандар әкімдерінің көшпелі кездесулерінің кестесін жасадық, осыған сәйкес қаңтар мен ақпан айларында 349 кездесу жоспарланған, - деп мәлімдеді баяндамашы. - Бүгінгі таңда 189 кездесу мен азаматтарды қабылдау өткізіліп, оларға 3 мыңнан астам адам қатысты. Барлық отырыстардың қорытындысы бойынша көтерілген проблемалық мәселелерге егжей-тегжейлі талдау жасалып, оларды шешу бойынша ұсыныстар әзірленетін болады.

 

Аймақ басшысының аппарат басшысы әлеуметтік желіні пайдалану мәселесіне де тоқталды. Жоғары лауазымды басшылардың көбісі өздерінің жеке аккаунттарын Facebook немесе Instagram-да белсенді жүргізуге мүдделі емес екенін талдау көрсетті. Бұл ретте Павлодар, Ертіс және Май аудандары әкімдерінің жеке парақшаларын жүргізетін және келіп түскен сұраныстарды жедел пысықтауға тырысатын оң мысалдары бар.

 

- Мемлекеттік қызметтің жоғары имиджін сақтау маңызды мәселе болып қала береді, - деп жалғастырды Нұрлан Дүйсембинов. - 2021 жылы Павлодар облысында теріс себептер бойынша 12 мемлекеттік қызметші жұмыстан шығарылды, олардың алтауы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары үшін, қалғаны - Әдеп кодексінің нормаларын бұзғаны үшін. Жергілікті жерлерде алдын алу жұмыстарын күшейту қажет. Ең тиімді және беделді мемлекеттік қызметкерлерді көтермелеп, тәртіп бұзушыларды қатаң жауапкершілікке тарту керек.

 

Сонымен қатар, өңірде басшылық құрамның ротациясын жандандыруға ниетті. Белгілі болғандай, кейбір аудандарда әкімдердің орынбасарлары қосымша аудандық жер, тұрғын үй және басқа да негізгі комиссиялардың төрағалары бола отырып, 7 жылдан астам уақыт бойы өз қызметтерін атқарып келеді. Бұл өз кезегінде бақылаушы органдар тарапынан орынды сұрақтар туғызып, төмен тұрған мемлекеттік қызметшілердің ынталандыру деңгейін төмендетеді және сыбайлас жемқорлыққа түрткі болады.

 

Павлодар облысының әкімі халықпен өзара іс-қимыл жөніндегі жұмыстың ілгерілеуін атап өтіп, қоғаммен неғұрлым тиімді диалог және оның сұраныстарына жедел ден қою үшін үлкен әлеует бар екенін атап өтті.

 

- Бәлкім, мұның бір себебі пандемиялық шектеулер болса керек, бірақ бүгінде әкімдер жылдар бойы көп бара бермейтін шалғай ауылдарға іс жүзінде бастарын сұғуға аса құлқылары жоқ, - деді Әбілқайыр Сқақов. - Аудан басшылары мен олардың орынбасарлары халықпен қатынау үшін үнемі барып тұруы керек. Мен және менің орынбасарларым бұл жұмыстың жүргізіліп жатқанын міндетті түрде тексеретін боламыз. Мұндай кездесулер ресми есеп беру үшін емес, нақты жағдайды анықтау үшін қажет.

 

Өңір басшысы облыс тұрғындарынан келіп түскен барлық мәселелерді «қалалық» және «ауылдық» деп бөліп, 90% жағдайда оларды жергілікті жерлерде шешуге болатынын еске салды. Сонымен қатар, ол әкімдерден және басқарма басшыларынан кері байланыс алу үшін әлеуметтік желілерді белсенді пайдалануды талап етті. Бұл жұмыстың нәтижесі әлеуметтік наразылықтың төмендеуі болуы керек.

 

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі

Фото Валерий Бугаев