Павлодар облысында әлеуметтік дүкендерді ретке келтіріп, жергілікті жылыжайлардан қияр мен қызанақты тікелей жеткізуді жолға қояды. Өңір басшысы Әбілқайыр Сқақов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына баға белгілеу мәселелері жөніндегі кеңес барысында осындай тапсырмалар берді. Кездесуде сондай-ақ ӘМАТ тізіміне кіретін сүт өнімдерінің бағасын ұстап тұру туралы меморандумға қол қойылды.
Азық-түлік өнімдерін өндірушілермен және дистрибьюторлармен кездесу алдында әкім Павлодардағы бірнеше әлеуметтік дүкендер мен базарларды аралады. Ол тұрақтандыру қорынан азық-түлік сататын сауда нүктелерінде арзанырақ өнімдердің нақты қай жерде екенін анықтау қиын екенін айтты. Сатып алушыларға қолжетімді болсын деген талаппен аймақ басшысы тұрақтандыру қорының жұмысын қадағалап, әлеуметтік дүкендермен өзара әрекеттесетін «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басшылығына жүгінді.
- Адамдар әлеуметтік бағалары бар сөрелерді оңайлықпен таба алмай жатады, - деді ол. – Алдағы күндері әлеуметтік дүкендердің мекенжайлары мен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының шекті бағаларын барлық мүмкіндігі бар арналар арқылы халыққа жеткізу қажет. Тұрақтандыру қорынан алынған өнімге баға белгілерін қатаң бақылау керек. Халық «Павлодар» ӘКК жанында жұмыс істейтін тұрақтандыру қоры көтерме қойма режимінде жұмыс істейтінін және оның өніміне шекті сауда үстемесі 10%-дан аспайтынын білуі тиіс.
Бүгінгі таңда тұрақтандыру қоры нарыққа ӘМАТ тізіміне енгізілген 19 позицияның 13-ін төмендетілген бағамен қамтамасыз етеді. Мәселен, қанттың келісі 240 теңгеден сатылса, әлеуметтік дүкенде немесе тұрақтандыру қорымен бірлесе жұмыс істейтін сауда орындарында ол 264 теңгеден аспауы керек. Сол схема бойынша өсімдік майының литрі 664 теңгеден аспауы қажет. Ал картоп пен сәбізге келетін болсақ, жергілікті көкөніс өсірушілермен жасалған меморандум аясында Павлодар облысында бұл өнімдерді тікелей жеткізу жалғасып келеді. Шаруа қожалықтарының қоймаларынан бұл көкөністердің келісі 95 теңгеден сатылса, әлеуметтік дүкендерде 115 теңгеден аспайды. Дәл осындай тауарды ірі сауда желілерінде келісін 125 теңгеден сатып алуға болады.
- Азық-түлік тауарлары үшін біз 10 пайыздық үстемеақыны ұстап тұруға тырысамыз, өйткені біз оны вагондармен аламыз тікелей жеткізу арқылы, - дейді «Small» аймақтық филиалының басшысы Кирилл Кухтин. - Борщ себетіне – картоп пен сәбізге – біздегі баға келісіне 125 теңге.
Қияр мен қызанақтың қымбаттауына байланысты көптеген шағымдардан кейін павлодарлық жылыжайлардан тікелей жеткізілімге келістік. Ірі сауда желілерінің сөрелерінде жергілікті қиярдың келісі 995 теңгеден, ал қызанақ 765 теңгеден аспайтын болады. Әбілқайыр Сқақов ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік салаларының басшыларына басқа да сауда орындарын жергілікті маусымдық көкөністермен қамтамасыз етуді тапсырды.
– «Керуен» базарында оңтүстіктен «Рахмет» базары арқылы келетін қияр екі есе қымбат тұрады, - деп атап өтті облыс әкімі. - Біз жеткізу тізбегін тексеріп, осындай қымбат көкөніс өнімдерін шеттетіп тастауға күш салуымыз керек. Өңірдің жеке жылыжайы бола тұра, сөредегі қияр мен қызанақтың құны соншалықты қымбат екендігі қисынсыз.
Жұмыс кездесуі барысында павлодарлық сүт өңдеушілерімен меморандумға қол қойылды. Олармен келісіп, кәсіпорындар сүт пен айранның 2,5% майлылығы бар, сүзбе мен сары майдың өткен жылғы бағаны сақтап қалуы туралы уағдаласты.
– Біз бұл өнімдердің бағасын уақытша тоқтатуды шештік, – дейді «Молком-Павлодар» ЖШС директоры Виталий Михайлов. – Майлылығы 2,5 пайызды құрайтын сүтіміздің сату бағасы 192 теңге деңгейінде сақталып отыр. Яғни, дүкендерде 212-220 теңге аралығында болуы керек.
Аймақ басшысы субсидия түріндегі мемлекеттік қолдауға жауап ретінде өңдеушілер мен басқа да кәсіпкерлер ең қажетті тауарлардың бағасын тежеу бойынша әлеуметтік міндеттемелерді орындауы күтіліп отырғанын айтты. Әбілқайыр Сқақовтың айтуынша, Павлодарда арнайы мобильді топ жұмыс істейтін болады, ол ӘМАТ-тың баға белгілерін бақылап, олардың баға белгіленуін талдау үшін барлық деректерді беретін болады.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суретті түсірген Валерий Бугаев