Павлодар облысында Президент тапсырмалары қалай жүзеге асырылады

Павлодар облысында Президент тапсырмалары қалай жүзеге асырылады

Аймақ басшысы Әбілқайыр Сқақов Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент мәжілісі қарсаңында берген тапсырмаларын іске асыру жөнінде кеңес өткізді.

 

Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ирина Назарчук хабарлағандай, Павлодар облысында инфляцияны тежеу үшін бірінші қажеттіліктегі тауарлардың физикалық және бағалық қолжетімділігі бойынша жұмыс істейтін болады. Өңірде өндірушілер мен сауда сөрелеріндегі азық-түлік бағасын бақылау күшейтіледі.

 

- Негізгі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің өндірісі өсетін болады, - деді Ирина Назарчук. - Биыл фермерлерге базар салып беру жоспарланған, бұл фермерлерге өз өнімдерін минималды үстеме шығынмен және делдалдардың артық маржасыз сатуына мүмкіндік береді. «Кәсіпкерлікті дамыту» ұлттық жобасы аясында биыл 6,2 миллиард теңгеге 356 жобаны қолдау жоспарлануда.

 

Инвестициялық саясат жайында айтатын болсақ, 2022 жылы Павлодар облысына 792 миллиард теңге инвестиция тарту арқылы 60 жобаны енгізу және 1000 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Кеңес отырысында бюджетаралық қатынастарды реформалау ретінде жергілікті жер қойнауын пайдаланушылар үшін өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму шегерімінің нақты көлемін белгілеу ұсынылды. Бүгінгі таңда бұл төлемдердің мөлшері жер қойнауын пайдаланушылардың өздерімен тікелей келіссөздер арқылы анықталады.

 

Халықты әлеуметтік қолдау шаралары туралы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпова баяндады. Ол жұмысқа орналастыруда, NEET категориясына жататын жастарға басымдық берілетінін атап өтті.

 

- Жалақыны субсидиялауды 30 АЕК-ке дейін ұлғайта отырып, «Жастар тәжірибесі» жобасын іске асыру мерзімі 12 айға дейін ұлғайтылады, - деді баяндаушы. - «Бірінші жұмыс орны» жобасын іске асыру мерзімі 12 айдан 18 айға дейін ұзартылды. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы өз бизнесін дамытуға берілетін өтеусіз грант мөлшерін 200-ден 400 АЕК-ке дейін арттыруды тапсырды. Бұл қолдау шарасымен біздің өңірде 1,2 мыңнан астам адам қамтылатын болады.

 

Павлодар облысының әкімі жергілікті жерлерде жастарды қолдауға назар аудару керектігін атап өтті. Әбілқайыр Сқақовтың айтуынша, мектеп, колледж немесе жоо-ны бітіргеннен кейін жастар кем дегенде бес жыл бойы мемлекеттік органдардың назарынан тыс қалмауы тиіс. Сонда ғана билік жастарға білім алуға, жұмысқа орналасуға және одан әрі дамуға нақты көмек көрсете алады. Қорытындылай келе, аймақ басшысы бір апта ішінде облыс әкімдігінің 2022 жылға арналған іс-шаралар бағдарламасын қалыптастыруды тапсырды, ол Павлодар облысының барлық жергілікті атқарушы органдарының жұмысына негіз болуы тиіс.

 

Сондай-ақ, кездесу барысында эпидемиологиялық жағдай талқыланды. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бүгінде өңірде инфекциялық төсек-орын жүктемесі 37%-ды, ал реанимациялық төсек-орын 17%-ды құрайды. Алайда Қазақстанда «Омикрон» штаммының анықталуына байланысты коронавирустың таралуы бойынша болжамдар қайта қаралды. Ең пессимистік сценарийге сәйкес, елдегі COVID-19 жаңа жағдайларының саны күніне 40 мыңға жетуі мүмкін. Бұл жергілікті денсаулық сақтау жүйесінде қазірдің өзінде инфекциялық аурулардың алдын алумен айналысу керек дегенді білдіреді.

 

- Қалалар мен аудандардың әкімдері және біздің дәрігерлер егу науқанына бар күшін салуы керек, - деді Әбілқайыр Сқақов. - Елордада коронавирус ауруы бірнеше есе өсті және бұл толқын жақын арада бізге де жетеді. Сондықтан Павлодар облысының тұрғындарын белсенді вакцинациялау және қайта вакцинациялау қажет. Егер өткен жылы вакцинацияның шарықтау шегі маусым-шілде айларына келсе, қазір ревакцинация науқаны болуы керек.

 

Соңғы тәулікте өңірде 2,8 мыңнан астам адам ревакцинациядан өтті. Облыс әкімі халықты қорғау үшін күніне 4,5 – 5 мың екпе алу деңгейіне жету керектігін баса айтты.

 

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі

Фото түсірген Валерий Бугаев