Павлодарлық кәсіпорындар «Парыз» және «Алтын сапа» сыйлықтарын тапсыру рәсімінде жүлдеге ие болды

Павлодарлық  кәсіпорындар  «Парыз» және  «Алтын сапа» сыйлықтарын тапсыру рәсімінде жүлдеге ие болды

Сыйлықтарды тапсыру рәсімі Нұр-Сұлтан қаласында өтті. «Алтын сапа» сыйлығының «Іскер» арнайы марапаты «ЭКОпром Павлодар» ЖШС-не, ал, «Парыз» сыйлығының «Үздік ұжымдық шарт» номинациясы бойынша «ERG Service» ЖШС атап өтілді.

Биыл «Алтын сапа» сыйлығының тағайындалғанына 15 жыл толды. Осы уақыт ішінде  2,2 мыңнан астам кәсіпорын байқауға қатысып, 140-ан астам кәсіпкерлер мен компаниялар сыйлықтың иегері атанды. «Парыз» сыйлығына келер болсақ, ол жеке кәсіпкерлік саласындағы және басқа да ұйымдардың өкілдерін тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін шешуге ынталандыруға бағытталған. Бес жыл ішінде Павлодар облысының атынан байқауға 191 түрлі компания қатысты.

Аймақтардың қатысушылары марапаттау рәсіміне бейнеконференцбайланыс арқылы қосылды. Сыйлыққа үміткерлерді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтау сөзбен қарсы алды.

Президенттің атынан «Үздік индустриялық жоба» және «Үздік инновациялық жоба» номинацияларының сыйлығын Премьер-министр Асқар Мамин табыстады. Сыйлықтың мүсіншелері мен дипломдарына қарағандылық «YDD Corporation» ЖШС мен Ақмола облысының «Агрофирма TNK» ЖШС-і ие болды. «Парыз» сыйлығының бас жүлдесі ақтөбелік «ПО Глобал-Спецодежда» ЖШС мен «Karachaganak Petroleum Operating B.V.» ЖШС-ің Батыс Қазақстан облысындағы филиалына табысталды. 

Павлодарлық «ЭКОпром Павлодар» ЖШС-е «Іскер» арнайы сыйлығы берілді. Бұл кәсіпорын Қазақстанның металл өңдеу нарығында жоғары беделге ие болып,  «Қазақтелеком» мен «Қазақстан Темір Жолы» АҚ-ы, Eurasian Resources Group сияқты ірі отандық компаниялармен әріптестік орнатқан. 

«Парыз» сыйлығының «Үздік ұжымдық шарт» номинациясы бойынша  «ERG Service» ЖШС үздік деп танылды. Кәсіпорын жыл сайын қамқорлық жасау және өмірдің қиын кезеңінде қолдау көрсету мақсатында өз қызметкерлері үшін, сонымен бірге, жалпы өңір тұрғындары үшін де қайырымдылық акцияларын өткізіп келеді.

 

 

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі

Суреттер: atameken.kz  және Валерий Бугаев