Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында 30 павлодарлық марапатталды

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында 30 павлодарлық марапатталды

Мұғалімдер, дәрігерлер, өнеркәсіптік кәсіпорындар мен ауыл шаруашылығының қызметкерлері, сондай-ақ басқа да салалардың өкілдері өңірлік наградаларға ие болды. Мемлекеттік мереке құрметіне арналған салтанатты кездесу Естай атындағы қалалық мәдениет сарайында өтті.      

Өзінің құттықтау сөзінде Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айқындап берген бірлік, бейбітшілік және қуатты экономикалық даму бағытының арқасында Қазақстан тәуелсіздіктің 30 жылдығын кемел және табысты мемлекет ретінде қарсы алып отырғанын атап өтті.

– Елбасының ядролық полигонды жабу, Қазақстан халқы Ассамблеясын құру, елорданы көшіру және басқа да тарихи бастамалары мен ол құрған институттар еліміздің өркендеуі жолындағы аса маңызды  істер болды, - деді өңір басшысы. - Елбасы біздің өңірімізде жарқын көрініс тапқан еліміздің индустрияландыру даму жолын бастап берді. Тәуелсіздік жылдары ашылған кәсіпорындар табысты өндірістер деңгейіне көтерілумен қатар, тұтас кластерлер құрды. Сіздерді  Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен құттықтаймын! Баршаңызға мықты  денсаулық, сарқылмас қуат және мол табыс тілеймін. Отбасыларыңызда әрқашан амандық пен жақсылық  болсын.

Мемлекеттік мереке қарсаңында Әбілқайыр Сқақов кәсіби қызметінде ерекше көзге түскен облыс тұрғындарына түрлі марапаттар табыстады. 10 адам «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» белгісіне, 14 адам облыс әкімінің Құрмет грамотасына, тағы 6 адам өңір басшысының Алғыс хатына ие болды.

Марапаттау рәсімінен кейін салтанатты жиынға жиналғандар Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның  ұжымдары мен солистерінің концертін тамашалады. Концерттің сценарийі Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірбаянының негізгі кезеңдеріне - Шамалған ауылында дүниеге келген, Украинада білім алған, Теміртаудағы металлургия кешеніндегі жұмысы және президенттік қызметі кезіндегі оқиғалар негізінде құрылды. Әншілер Елбасының сүйікті әндерін шырқады. Мерекелік бағдарламаны Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Толқын Забирова аяқтап, павлодарлық аудиторияға үш ән орындап берді.

 

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі

Суреттерді түсірген Валерий Бугаев