Павлодар облысының әкімі Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында есеп берді

Павлодар облысының әкімі Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында есеп берді

Әбілқайыр Сқақов облыстық және республикалық БАҚ өкілдеріне өңірдің дамуы және Павлодар облысының тәуелсіздік жылдарындағы кейбір жетістіктері туралы айтып берді.

Аймақ басшысы өз баяндамасын базалық макрокөрсеткіштерден бастады. Павлодар облысында өнеркәсіптік өндірістің 10 айдағы көлемі 2,2 триллион теңгені құрады. Мұндағы өңдеу өнеркәсібінің үлесі 60%-ы құрады, бұл көрсеткіш өңірге шикізаттық емес өндіріс көлемі жағынан еліміз бойынша үшінші орынға көтерілуге мүмкіндік берді.

 

- Қазіргі таңда облыстың шикізаттық емес экспорты республикалық көлемнің әрбір сегізінші АҚШ долларын құрайды, - деді Әбілқайыр Сқақов. - Өңірдің экспорттық әлеуетінің тағы да 28%-ға ұлғаюына 2025 жылға дейін жалпы көлемі 2 трлн теңгені құрайтын 186 инвестициялық жобаны жүзеге асыру әсер етеді. Тәуелсіздік жылдары Павлодар облысында толыққанды мұнай-химия кластері қалыптасты. Қазіргі кезде өңірде бензин өндірісінің үштен бір бөлігі, газойлдардың 40%-ға жуығы өндіріледі. Сондай-ақ, бізде ғана қыздырылған мұнай коксы өндіріледі.

 

Әкім Қазақстандағы темір жол өндірісінің 73%-ын қамтамасыз ететін бес кәсіпорыннан құралған темір жол кластерінің дамуы туралы да айтып берді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жақында Екібастұзға жасаған жұмыс сапарының кезінде олардың бірін – серпімді клеммалар мен бұрандалар жасап шығаратын зауытты іске қосты. ТМД бойынша бірегей өндіріс болып табылатын зауыттың арқасында ұлттық тасымалдаушының клеммалар мен бұрандаларға деген қажеттілігі өтелетін болады.

 

Әбілқайыр Сқақов ароөнеркәсіптік кешенге жеке тоқталды. Он айдың қорытындысы бойынша Павлодар облысы екі жылдың ішінде 100 миллиард теңгеге дейін артқан ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы өндірісінің өсу қарқыны бойынша көш бастап келеді. Биыл өңір аграрийлері 30 жылдың ішінде алғаш рет бір миллион тоннадан астам дәнді дақылдар жинады. Сонымен бірге, қарақұмық астығы ел бойынша өндірілген қарақұмық көлемінің жартысынан астамын, сәбіз үштен бірін, картоп 16%-ын пайызын құрады. Бұл істе суармалы егістік алқаптарының аумағын 135,9 мың гектарға жеткізген шаруалардың еңбегі де бар.

 

- Жыл басынан бері ет және ет өнімдерінің экспорты 40%-ға артты, жыл соңына дейін 4 мың бас ірі қара малға арналған тағы да бес мал шаруашылығы нысандарын іске қосу жоспарланып отыр.- деді аймақ басшысы. – 9 айдағы өңдеу кәсіпорындарының өндірісі 90 миллиард теңгеден асты, жыл соңына дейін тағы 32 нысан іске қосылады. Қазір біздің ауыл шаруашылығында әрбір бюджеттік теңгеге 4 теңге жеке меншік инвестициядан келеді. Шағын және орта бизнес пандемиялық шектеулерден кейін оң қарқынмен қалпына келіп жатыр. Шағын және орта бизнес кәсіпорындарының саны 1,5 мыңға, ал, олардың өнімдерінің өндірісі 60 миллиард теңгеге артты. Жыл басынан бері «Бизнестің жол картасы», «Қарапайым заттар экономикасы» және «Еңбек» бағдарламалары бойынша жалпы сомасы 58,8 млрд теңгені құрайтын 1 524 жоба қолдауға ие болды.  «Halyk bank»-ен арадағы әріптестік нәтижесінде өткен жылы жас кәсіпкерлер, биыл әйел кәсіпкерлер үшін кепілсіз несиелеу желісі іске қосылды. Павлодар облысында «Business Ertis» бағдарламасы бойынша бірден алты бағыт бойынша несиелеу жүріп жатыр.

 

Әбілқайыр Сқақов ауылдың дамуына қажетті шарттардың бірі ретінде ауылдық инфрақұрылымды дамытуды атады. Елбасының бастамасымен құрылған «Ауыл – Ел бесiгi» бағдарламасы бойынша 2019 жылдан бері облыста 120 мыңға жуық ауыл тұрғындарының өмір сүру жағдайы жақсарды. Өңірде  169 нысанның құрылысы мен жөндеу жұмыстары аяқталды. Биыл 70 жоба жүзеге асырылады.

 

- Ауылдағы өмір сапасының негізгі көрсеткіші – сапалы ауыз суға қол жетімділік болып табылады, - деді Әбілқайыр Сқақов. – Жыл соңына дейін біз тұрғындардың ауыз сумен қамтамасыз етілуін 94,7%-ға жеткіземіз. Соңғы екі жыл ішінде бұл көрсеткіш 20%-ға артып, қамту деңгейі 40,6 мың адамды құрады. Осылайша біз жобаларды жүзеге асыруды жылдамдатып, 2024 жылдың өзінде 100 пайыз көрсеткішке қол жеткізбекпіз.

 

Павлодар облысында өңір тұрғындарының 71%-ы өмір сүретін қалалардың инфрақұрылымдық дамуы да ұмыт қалған жоқ. Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 4 негізгі блок пен 114 іс-шарадан тұратын Екібастұз қаласының 2025 жылға дейінгі Кешенді даму жоспары құрастырылды. Іс-шаралардың 90%-ға жуығы жеке инвестициялар есебінен іске асырылады. Бюджеттік қаражат инженерлік және әлеуметтік нысандардың құрылысы мен жаңғыртылуына жұмсалады. Жалпы алғанда стратегиялық құжатты жүзеге асыру есебінен Екібастұзда 16,5 мың жаңа жұмыс орнын құру, орташа айлық жалақыны 43%-ға арттыру, 200 мың шаршы метр тұрғын үй тапсыру және өнеркәсіптік өндірісте 1 триллион теңге деңгейіне шығу жоспарланып отыр.

 

- Ақсу қаласы биыл 60-жылдық мерейтойын атап өтті, - деп еске салды аймақ басшысы. – Қазіргі кезде қалада жалпы аумағы 28,5 мың шаршы метрді құрайтын тұрғын үй құрылысы жүріп жатыр. Бұған қоса әлеуметтік осал топтардың өкілдеріне 16 пәтер сатып алынады. Екі мектептің модернизациясы аяқталып келеді. Келесі жылы мұз сарайының құрылысын аяқтау жоспарланып отыр.

 

Денсаулық сақтау саласына келер болсақ, биыл Павлодарда облыстық аурухананың жанынан инфекциялық бөлімше іске қосылады. Келесі жылы  «Достық» шағын ауданында көпбейінді аурухана салу жоспарланып отыр, оған қоса үш ауылда үш жаңа медициналық мекеме пайда болады. 2024 жылға дейін өңірде 12 денсаулық сақтау нысанын іске қосу және тұрғындардың 90%-ың медициналық ұйымдарға жақыннан қолжетімділігін қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Тәуелсіздік жылдарында Павлодар облысында 96 медициналық нысан қолданысқа берілді.

 

- Олардың бірі – бүгінде аз инвазивті, күрделі аритмологиялық оталар өткізіліп, күрделі құралдар мен гибридтік жасандылар имплантациялау жүргізілетін кардиохирургиялық орталық, - деп атап өтті Әбілқайыр Сқақов. – Тоғыз жылға жуық уақыт ішінде орталықта 18 мыңнан астам ота өткізіліп,  олардың үштен бірі ашық жүрекке жасалды. Мұнда басқа облыстардың да тұрғындары - жыл сайын 80 мыңнан астам науқас - жоспарлы және кезек күттірмейтін көмек алады. Өткен жылдан бастап кардиохирургиялық орталықта инсульттік орталық жұмысын бастады, жүрек-қан тамырлар аурулары бар науқастарды емдеу үшін заманауи технологияларды енгізу жоспарланып отыр.

Инфрақұрылымның дамуымен бірге өңірлік медицина саласында кадрлық әлеуетті дамытуға да көңіл бөлінеді. Жыл басынан бері ауылдарға жұмыс істеуге келген 85 медицина қызметкері көтерме ақы ретінде 41 млн теңге алса, осы санаттағы 52 маман 211 миллион теңгенің бюджеттік несиелерін рәсімдеді. Сонымен бірге, Павлодарда медицина қызметкерлері мен медицина колледждерінің студенттері үшін 400 орындық жатақхана салу жоспарланып отыр.   

 

- Біз ауылдық жерге жұмыс істеуге баратын ұстаздар үшін тұрғын үй сертификаттарын іске қосуды жоспарлап отырмыз, - деді әкім. – Педагогтарға материалдық қолдау көрсету  - өңірлік білім беру жүйесін нығайту бағыттарының бірі. Өткен жылы «Павлодар облысының білім беру саласына қосқан үлесі үшін» төс белгісі бекітіліп, қазіргі кезде оны 59 мұғалім алды. Белгіге қоса 1000 АЕК немесе 3 миллионға жуық қаржылық сыйақы беріледі.

   

Екі жыл ішінде білім беру саласының бюджеті екі есеге, ал, білім беру нысандарының материалдық-техникалық қамтамасыздандырылуын қаржыландыру бірден 12 есеге өсті. Осының арқасында 50-60 жыл бойы жөндеу көрмеген мектептерді толық модернизациялау мүмкін болды. Оқу мекемелерін кешенді жабдықтау және көріктендіру үшін 2025 жылға дейін 85 оқу мекемесін жаңғырту көзделген өңірлік «Заманауи мектеп» бағдарламасы қабылданды.

    

- Мектептерде өңірлік Жаңа кәсіптер мен құзыреттіліктер атласы шеңберінде оқушыларды кәсіби бейіндеу енгізілді, - деп жалғастырды Әбілқайыр Сқақов. – Тәуелсіздік жылдарында Павлодар облысының оқушылары республикалық және халықаралық олимпиадаларда 9 мыңға жуық медальдер жеңіп алды. 20 жыл бойы өңірдің құрамасы республика бойынша үздік олимпиадалық команда атанып келеді. Өңірдің зияткерлік және кадрлық әлеуетін сақтап қана қоймай, оны ары қарай дамыту - біздің парызымыз. Тәуелсіздіктің 30-жылдығында Павлодар облысының 300 білім алушысы ерекше жетістіктері үшін материалдық сыйақыға ие болды.

 

Салауатты өмір салтын дәріптеу үшін Павлодар облысында биыл көпшілік және балалар мен жасөспірімдер спортына 682 миллион теңге қайта бөлінді. Жан басына қаржыландыру бағдарламасы бойынша өңірде 17 спорт түрі бойынша 7 мыңға жуық бала шұғылданатын 472 топтар мен секциялар жұмыс істейді. Бұл алғашқыда жоспарланғаннан 3,5 есеге артық. Сонымен бірге, облыста тұрғындардың спорттық инфрақұрылымға қол жетімділігін арттыруға тырысып жатыр. Үш жылдың ішінде 12 ірі нысан мен 20 түрлі алаңдар мен алаңшалар іске қосылды. Қазіргі таңда облыс тұрғындарының үштен бірінен көбі тұрақты түрде спортпен айналысса, 2025 жылға қарай өңір тұрғындарының жартысынан көбін, оның ішінде балалар мен жасөспірімдердің 40%-ын спортпен қамту жоспарланып отыр.

 

- Тәуелсіздік жылдары мәдениет нысандарының саны екі есеге артып, олардың саны 511 нысанды құрады, - деді әкім. – Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның 10 кәсіби ұжымы жаңғыртылды. Халық шығармашылығы орталығында 10 шығармашылық ұжым құрылып, 9 музей мен облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалдары құрылды. Екібастұз қаласының кешенді дамыту жоспары бойынша «Исабек ишан Хазірет» музейінің құрылысы жоспарланып отыр. Ж. Аймауытов және А. Чехов атындағы облыстық театрлар өздерінің репертуарларын кеңейтіп, көрермендерін қуантып жатыр. Өткен жылы карантинге жабылу кезінде екі театрда да жөндеу жұмыстары жүргізілді.     

 

Әбілқайыр Сқақов өңірдегі бейбітшілік пен келісімнің ошағы ретінде Қазақстан халқының Ассамблеясын атады. Қазіргі кезде облыстық ҚХА-ың құрамына қоғамдық өмірге белсенді қатысатын және өңірдің дамуына өлшеусіз үлес қосатын 23 этномәдени бірлестіктің өкілдері кіреді. Сөз соңында әкім Павлодар облысының жетістіктері өңір тұрғындарының ұйымшылдығы мен олардың адал еңбегінің арқасында мүмкін болғанын атап өтті.

 

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі

Суреттерді түсірген Валерий Бугаев