Павлодар облысының әкімі жергілікті және республикалық БАҚ өкілдеріне жағдаяттық-сараптамалық орталықты таныстырып, екі сағаттан астам уақыт журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Облыстық әкімдіктің жаңа бөлімшесі туралы Әбілқайыр Сқақов жағдаяттық-сараптамалық орталық мұнда келіп түскен ақпараттың негізінде билік органдарына сапалы басқарушылық шешімдер қабылдауға көмектесетінін айтты.
- Жергілікті атқарушы органдарға келіп түсетін түрлі ақпаратты өңдеуге көп уақыт кетеді, - деп атап өтті әкім. – Сондықтан біз жағдаяттық-сараптамалық орталықты іске қостық. Біздің алдымызда цифрлық сараптамалық инфрақұрылымды қалыптастыру міндеті тұр. Бұл халықтың үнін естіп қана қоймай, кез келген нысанда, түрлі саладағы көлеңкелі тұстарды есепке алғанда бәрін көріп отыруға мүмкіндік береді. Сонда ғана мемлекеттік органдардың басшылары қабылдайтын шешімдер нақты әрі толық болады.
Жағдаяттық-сараптамалық орталық түрлі ақпараттық жүйелерге қосылған. Олардың қатарында азаматтардың өтініштерін қабылдауға арналған е-Otinish жүйесі де бар. Азаматтардан түсетін өтініштер автоматты түрде құзыретті органға жолданып, оған жауап беру үшін жауапты маман бекітіледі.
- Ақпараттық-сараптамалық жүйе статистикалық мәліметтердің негізінде экономиканың жеке алған секторындағы жағдайды бақылауға мүмкіндік береді, - деді баяндамашы. – Мәселен, біз шынайы уақыт режимінде ауыл шаруашылығындағы нақты көлем индексін бақылап, оны өткен жылдардың көрсеткіштерімен салыстырып, болашақтағы динамикасын болжай аламыз. Шағын және орта бизнес желісі бойынша кәсіпкерлердің аудандардағы бөлінісін көріп, олардың қаншалықты белсенді жұмыс істейтінін байқауға болады. Дәл қазір Павлодар облысында ШОБ-ің 46,5 мың белсенді субъектілері бар. Жыл басынан бері олардың саны 1,7 мыңға артты, яғни, әр ай сайын 170-200 жаңа кәсіпкер тіркеледі.
Әкімдіктің жаңа бөлімшесінің негізгі міндеттерінің бірі қауіпсіздікті қамтамасыз ету болып табылады. Қазіргі таңда Павлодардың барлық мектептерінде деректері жағдаяттық-сараптамалық орталыққа жолданатын бейнебақылаудың цифрлық жүйесі орнатылды. Алдағы уақытта бала бақшалар мен мектеп-интернаттардың бейнебақылау жүйесі де орталыққа қосылады.
- Қазіргі кезде Павлодарда мың адамға бір камерадан келеді, - деді Әбілқайыр Сқақов. – Басталған жобаны аяқтаған кезде бұл көрсеткіш 20 есеге артады. Оқу мекемелерінен бөлек камералар медициналық ұйымдар, саяжай кооперативтері мен жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін облыс орталығынның көшелерінің ірі қиылыстарына орнатылады.
Жағдаяттық-сараптамалық орталықтың тұсаукесерінен соң Павлодар облысының әкімі масс-медиа қызметкерлерімен бейресми сұхбаттасты. Жергілікті және республикалық БАҚ өкілдері аймақ басшысына өздерін толғандырған сауалдарды қоюға мүмкіндік алды. Мемлекеттік аппараттың трансформациясы тақырыбы бойынша тілшілер мемлекеттік қызметшілер штатын оңтайландыру жоспарлары туралы сұрады. Әбілқайыр Сқақовтың айтуынша 2023 жылдың соңына дейін өңірде мемлекеттік қызметшілердің 25%-ы қысқартылады. 2021 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік органдардың 321 штат бірлігі қысқартылуы тиіс.
- Мемлекеттік аппаратты оңтайландырумен қатар жағдаяттық-сараптамалық орталықтың мүмкіндіктерін арттырамыз, - деді әкім. – Бұл бағытта екі негізгі міндет бар. Біріншіден, өңірдің цифрлық егізін құру қажет. Облыстың барлық инфрақұрылымы мен өмір сүруді қамтамасыз ету жүйесінің нысандары картаға көшіріліп, біз ол бойынша апаттарды болжау мүмкіндігіне ие боламыз. Сонда ғана желілердегі ақаулардың санын азайтып, оларды болжауға мүмкіндік аламыз. Тағы бір міндет қалалар, аудандар мен ауылдардың дамуындағы диспропорцияны жоюға мүмкіндік беретін блоктық бюджетті енгізуге қатысты. Осының арқасында біз қаржылық ресурстарды қажеттілігіне қарай елді мекендердің арасында бөле аламыз.
Аймақ басшысына орталық жылумен қамту жүйесінің көптеген проблемалары қалай шешілетіні туралы да сұрақ қойылды. Әбілқайыр Сқақов арнайы құрылған комиссия бұл мәселемен үкіметтік деңгейде айналысып жатқанын айтты. Сарапшылар бірнеше бағыт: энергия көздерін модернизациялау, жылу магистральдерін қалпына келтіру және аулаішілік желілерді жаңғырту бойынша жұмыс істейтін болады.
- Келесі жылдан бастап қала тұрғындарының көбі ыстық сусыз қалмауы үшін жөндеу бригадаларының санын арттыру арқылы желілердегі жұмыс мерзімдерін қысқартпақпыз, - деп жалғастырды әкім. – Бұдан бөлек, біздің жылу компаниялары жылыту маусымында жылу жетіспеген үйлерді өз қызметіне алады. Болашақта біз орталық жылумен қамту жүйесінің барлық мәселелерін шешу үшін монополисттер мен үкімет арасында стратегиялық келісім жасауға мүдделіміз.
Кездесу барысында журналистер үш ай бұрын Қ.Сәтбаев атындағы каналда орын алған апат туралы еске салды. БАҚ қызметкерлерінің пікірі бойынша каналдың 22 сорғы станциясының бірі істен шықса, өнеркәсіптік кәсіпорындар мен ірі елді мекендер сусыз қалуы мүмкін.
- Қ. Сәтбаев атындағы канал көп жылдар бойы жұмыс істеп келеді, сондықтан, оның жүктемесі белгілі бір өзгертулерді талап етеді, - деп жауап берді Әбілқайыр Сқақов. – Жергілікті атқарушы органдар суды тұтынушылардың мүддесін қорғайтынына сенімдімін. Сондықтан, каналдың модернизациясына қаржы бөлінген кезде қажетті орынды жөндеу үшін оның инфрақұрылымына техникалық аудит жүргізу керек деп есептеймін. Естеріңізде болса, Павлодардың жылумен қамту жүйесіне техникалық аудит жүргізілгенде де көптеген сын-пікірлер айтылған болатын. Ал, бұл шара бізге станциялар мен жылу желілеріндегі кезек күттірмейтін проблемаларды анықтауға және осы мәселе бойынша міндететрді белгілеуге мүмкіндік берді. Қ. Сәтбаев каналына қатысты жағдайда да осылай істеу керек. Мен бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің басшылығымен міндетті түрде сөйлесемін.
Кездесуде тараптар шағын және орта бизнестің проблемалары туралы да сөйлесті. Әкім бұған дейін кішігірім кәсіпорындарды аралау кезінде оған кадрлардың жетіспеушілігі туралы көп айтылғанын тілге тиек етті.
- 40-50 адам жұмыс істейтін компания штатты кеңейту үшін тағы 20-30 жаңа қызметкерді жұмысқа алмақ болған, - деді аймақ басшысы. – Нәтижесінде мамандар қабылдауға қажетті екі-үш айдың орнына бұл жұмысқа 8-9 ай кетеді. Барлық салада – мемлекеттік басқару, квазимемлекеттік және жеке секторда біікті мамандар жетіспейді. Қуатты экономика үшін мықты кадрлар керек болғандықтан бұл проблемамен мықтап айналысу керек. Әрі бұл жұмысты мектептен бастау керек. Сондықтан біз Жаңа мамандықтар атласын құрастырып, оқу мекемелерінде жастарға еңбек нарығында сұранысқа ие мамандық таңдауға көмектесетін кәсіби бағдарлаушылар институтын құрдық.
Сонымен бірге, Әбілқайыр Сқақовқа шалғай ауылдарды интернетпен қамтамасыз ету, қала құрылысының саясаты, оқу мекемелерінің жүктемесін азайту және тағы басқалар туралы сұрақтар қойылды. Жалпы алғанда облыс әкімінің БАҚ өкілдерімен кездесуі екі сағатан астам уақытқа созылды.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев