Тұрғындарға жақын болу үшін: Павлодар облысында модульдік полиция пункттері ашылды

Тұрғындарға жақын болу үшін: Павлодар облысында модульдік полиция пункттері ашылды

Облыс орталығындағы төрт және Баянауыл ауылындағы бір тірек пункттердің учаскелік полицейлері өздерінің әкімшілік учаскелерінің дәл ортасында жұмыс істейтін болды. Осылайша тәртіп сақшылары полицияның әрдайым жақын болу эффектісін қалыптастырып, тұрғындардың учаскелік инспекторлардың жұмысына деген сенімін күшейтпек.

Аймақ басшысы Әбілқайыр Сқақов облыс орталығындағы модульдік бекеттерді аралап көрді.

 

Павлодар облысы мұндай тәжірибе қолдана бастаған еліміздегі тұңғыш өңір. Модульдік полиция пункттері криминогенді оқиғалар көп тіркелетін орындарда құрылды. Олардың әрқайсысы бейнені тәртіп сақшыларының пультіне жіберетін  камералармен жабдықталған. Мұндай тірек пункттердің құрамына учаскелік полицейлер, кәмелеттік жасқа толмағандардың ісімен айналысатын инспекторлар және аймақтық жедел уәкіл кіреді. Адамдар полицейлерге көмекке жүгініп қана қоймай, олардан заң мәселелері бойынша кеңес алуына болады.   

 

- Біздің үйдің ауласында полиция пункті құрыла бастағанда қатты қуандық, - дейді Қамзин көшесіндегі №164 үйдің тұрғыны  Светлана Алейникова. – Біз сияқты  қарттар үшін полицейлердің жақын болғаны керек. Біздің аудан аса тыныш емес, енді, мұнда тәртіп күшейеді деп ойлаймын.

  

Халықпен жұмыс істейтін учаскелік инспекторлар да жұмыстың жаңа форматы тиімді әсер етеді деп есептейді. Өзінің әкімшілік учаскесінің орталығында болу арқылы олар адамдармен үнемі байланыста болып, жағдайдың бәрін бақылап отырады.

 

- Бұрын тірек бекеті өзіміз жауапты учаскенің шекарасында орналасатын еді, бұл адамдар үшін көп жағдайда қолайсыз болды, - дейді учаскелік инспектор Ерсін Омаров. – Біздің учаскемізде 23 мынан астам адам тұрады. Енді біз оларға шынымен де жақынбыз деп айтуға болады. Тұрғындардың біздің жұмысымызға деген сенімі артады деп үміттенемін. Модульдік полиция пункттерінде қызметіміз үшін барлық жағдай жасалған.

 

Аймақ басшысы Әбілқайыр Сқақов Диспетчер және Екінші Павлодар шағын аудандарында орналасқан модульдік полиция пункттерін қарап шықты. Ол полиция жұмысының сервисі одан сайын жақсарады деп үміттенетінін айтты.

 

- Біздің басты міндетіміз – полицияның жақын болуын қамтамасыз ету, - деп атап өтті облыс әкімі. – Қалалар мен аудандардың тұрғындары өздерінің учаскелік инспекторларын білулері қажет. Мұндай шешімдер бұған септігін тигізеді. Тәртіп сақшылары бірінші кезекте тұрғындарды толғандыратын мәселелерге назар аударып, олардың сауалдарына жауап берулері тиіс. Сонда ғана полицияның жұмысының  сапасының артқаны туралы айтуға болады.

 

Аймақ басшысы жаңа бекеттердің ішінде тұрғындарға пайдалы ақпаратты ілуге кеңес беріп, тәртіп сақшыларының жұмысына табыс тіледі.

 

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі

Суреттерді түсірген  Валерий Бугаев