І топ мүгедектеріне көмек көрсетушілерге жәрдемақы төленеді

І топ мүгедектеріне көмек көрсетушілерге жәрдемақы төленеді

Парламент депутаттары Қазақстан Республикасының әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі заңнамалық актілеріне тиісті толықтыруларды мақұлдады. Жаңа өзгерістер бойынша мүгедектігі бар балаларға берілетін жәрдемақының көлемі өседі.

 

Қабылданған түзетулерге сәйкес елімізде І топ мүгедектеріне қамқоршылық жасайтын тұлғаларға жәрдемақы беріле бастайды. Бұл әлеуметтік төлемдер мүгедектік алудың себептеріне қарамастан тағайындалады. Атап өту керек, Павлодар облысындағы І топ мүгедектерінің саны 2832 адамды құрайды.

 

Отбасында мүгедектігі бар баланы асырап отырған отбасыларға қатысты тағы бір өзгеріс бар. Егер, қазіргі кезде барлық мүгедек балалар ай сайын 48023 теңге көлемінде жәрдемақы алып отырған болса, заңнамаға енгізілетін түзетулер бекітілгеннен кейін әлеуметтік төлемдерді алушылар үш топқа бөлінеді. Бұдан кейін І топтағы мүгедек балалар 65860 теңге, ІІ топтағы балалар – 54541 теңге, ал, үшінші топ мүгедектігі бар балаларға 48023 теңге беріледі.

 

Сонымен бірге, заңнамаға енгізілетін өзгерістерге сәйкес мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды мүгедектігі және асыраушысынан айырылуы бойынша қатар беру мүмкіндігі пайда болады. Бұған дейін ерекше балаларға осы жәрдемақылардың бір түрін ғана тағайындауға болатын. Қазіргі таңда  Павлодар облысында 2077 мүгедектігі бар бала тұрып жатыр.

 

Павлодар облысының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы

Фото: https://stv24.tv/novosti/soczrabotnikov-stavropolya-nauchat-uhazhivat-za-pozhilymi-i-invalidami/