Павлодар облысында сенбілік кезінде 5 мыңға жуық ағаш мен бұта отырғызылды

Павлодар облысында сенбілік кезінде 5 мыңға жуық ағаш мен бұта отырғызылды

Павлодардағы Металлургтер саябағына бірден 400 жаңа көшет отырғызылды. Өңір басшысы Әбілқайыр Сқақов та жаппай ағаш отырғызуға қатысты.

 

Облыс орталығындағы ең үлкен саябақтардың бірі үйеңкі, тал және терекпен безендірілді. Осы күзгі ағаш отырғызу кезінде Металлургтер саябағында барлығы 900-ге жуық жаңа көшет пайда болады. Рекреациялық аймақты көгалдандыру үшін 6-7 жастан кем емес жапырақты ағаш түрлеріне басымдық берілген.

 

- Қалалық урбанистика кеңесі шеңберінде біз бұл саябақтағы инфрақұрылымды азайтып, көгалдандыруға көңіл бөлуді шештік, - деді Павлодар қаласының әкімі Асайын Байханов. – Металлургтер саябағында иттерді серуендетуге арналған ашық тор, пейнтбол, шағын футбол мен баскетбол алаңдары, воркаут пен балалардың ойын алаңы болады. Қазір саябақтың дренаждық жүйесі жұмыс істеп тұр. Жер асты суының басуы байқалмайды.

 

Металлургтер саябағының дамуы тәуелсіз сарапшылардың мұқият бақылауымен жүзеге асуда. Биолог Татьяна Пономареваның айтуынша, бұл жердегі жер асты суларының белгілі бір бөлігін сорып алуы үшін көп көлемде ағаштарды отырғызатын уақыт келді.

 

- Саябақта қалып қойған ағаш түбірлеріне келетін болсақ, адамдар алаңдамауына болады, - деп сендірді маман. – Табиғи ормандарда мұндай нәрсе әрқашан болады. Бұл топырақтың жағдайын жақсартуға көмектесетін құрылымның бір түрі. Түбірлер біртіндеп ыдырап, жақсы органикалық заттарға айналады.

 

Павлодар облысының әкімі Металлургтер саябағының қиын тағдырын еске түсіріп, алдағы жылдардағы басты міндет – бұрын осы жерде болған ағаштар санын қалпына келтіру екенін айтты. Сондықтан ол саябақтағы дренаж жүйесі мен суару жұмыстарын үнемі бақылауды талап етті.

 

- Жай ғана ағаш отырғызу жеткіліксіз, - деді Әбілқайыр Сқақов. – Оларға үнемі және дұрыс күтім қажет. Бұл жағынан бізде жиі проблемалар туындайды. Біз экологиялық төлемдерден түсетін бюджеттің көп бөлігін көгалдандыруға бағыттайтын боламыз. Бұл өңірімізді жасыл желектермен қамтамасыз ету үшін тәлімбақтарды дамытуы тиіс кәсіпкерлерге белгі болуы керек. Біздің бағбандар көшеттердің сапасын жақсартуы қажет. Себебі, оған сұраныс артады.

 

Өңір басшысы Усолка шағын ауданында да болды. Онда Nur Otan партиясының мүшелері мен Jas Otan белсенділері тазалыққа шықты. Тырмамен және күрекпен қаруланған еріктілер Усолка өзенінің сол жағалауынан қоқыс жинады.

 

- Сенбілікке барлығы 50-ден астам Jas Otan белсенділері қатысты, - деді Jas Otan облыстық филиалының төрағасы Санира Жүсіпова. – Біздің жастар жаппай тазалыққа қатысып қана қоймай, мұқтаж зейнеткерлердің үй шаруасына көмектеседі немесе картоптарын қазып береді.

 

Сонымен қатар, облыс әкімі Благовещенск соборы аумағындағы Үшінші мыңжылдық саябағының жөндеу жұмыстарын тексерді. Қолданыстағы ағаштардан бөлек, бұнда абаттандыру бойынша өткел жол жасалып, жаяу жүргіншілерге арналған жолақ төселіп, жарықтандыру бағандары орнатылып, демалыс орындары жабдықталуда. Үш гектар аумақты алып жатқан жасыл желікті алаң суару жүйесімен жабдықталады. Мердігерлер нысанды қазан айының соңында тапсыруға міндеттенеді.

 

Облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының ақпараты бойынша, жалпы облыстық сенбілік кезінде Павлодар облысында 5 мыңға жуық ағаштар мен бұталар отырғызылды. Елді мекендер аумағынан 43 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды. Ол үшін 600-ге жуық техника жұмылдырылды. Барлығы жаппай тазалыққа шамамен 35 мың адам қатысты.

 

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі

Суреттерді түсірген  Валерий Бугаев