Әбілқайыр Сқақов азаматтардың жеке қабылдауын өткізді

Әбілқайыр Сқақов азаматтардың жеке қабылдауын өткізді

Павлодар облысының әкімі қабылдауға жазылған өңір тұрғындарын бейнеконференцбайланыс режимінде қабылдады.

 

Аймақ басшысымен кездесуге Қазақ көзі көрмейтін зағиптар қоғамының облыстық филиалының төрағасы Дүйсенбі Қабдолов жазылған еді. Оның айтуынша, соңғы жылдары зағиптар поштаны жіберу кезінде проблемаға тап болған. "Қазпошта" АҚ көзі көрмейтін мүгедектер үшін салмағы 5 келіден аспайтын арнайы жөнелтілімдерді ғана тегін қабылдайтын болған. Алайда, көзі нашар көретін жандардың  мамандандырылған кітапханасына салмағы белгіленген лимиттен асатын кітаптар келіп түседі.

 

- Нәтижесінде салмақ айырмасы үшін ақы төлеу керек, - деді Дүйсенбі Қабдолов. - Біз, ең болмағанда, өзіміздің облыс аумағында сәлемдемелердің салмағына лимиттің жойылғанын қалаймыз. Біз үшін бұл өте маңызды.

 

Қабылдауға қатысқан "Қазпошта" АҚ өкілдері бұл мәселенің шешілгенін айтты. 1 қазаннан бастап көру қабілеті нашар адамдар кез-келген сәлемдемелерді тегін жіберіп, тегін ала алады.

 

Сондай-ақ, аймақ басшысымен I топтағы мүгедек Берік Әлжанов та сөйлесті. Бірнеше ай бұрын ол көмек сұраған еді. Берік Әлжанов екі аяғының басы тобықтан төмен   жоқ болғанына қарамастан жүзумен айналысады. Ол белсенді өмір салтын тастамау үшін арнайы протездер жасап беруді өтінген. Облыс әкімі рухы жасымаған азаматқа  қолдау көрсетуді тапсырды. Нәтижесінде Ақсу қаласындағы "Ортопрот" ЖШС Берік Әлжановтың тапсырысын орындады.

 

- Бүгін мен жүзу бойынша біліктілік сынағынан өттім, бассейнге келгенде сатымен өзім көтерілдім. Мен үшін бұл өте қуанышты сезім, - деді ол. - Осы протездерді жасаған жандарға көп алғыс айтамын.

 

Павлодар облысы әкімінің қабылдауына келесі телефон нөмірлері: +7 (7182) 66-39-96, 65-10-50, сондай-ақ, WhatsApp мессенджеріндегі +7 702 1 661 661 нөмірі арқылы жазылуға болады.

 

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі

Суреттерді түсірген  Валерий Бугаев