Павлодар облысында 2022 жылдың соңына дейін 14 нысан «сақалды» құрылыстардың тізімінен шығарылады

Павлодар облысында 2022 жылдың соңына дейін 14 нысан «сақалды» құрылыстардың тізімінен шығарылады

Қала құрылысы және жерді бақылау басқармасы, Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларының әкімдіктері өздеріне осындай міндет қойып отыр. Өңірдегі «сақалды» құрылыс нысандарымен жұмыс істеу мәселесі облыстық әкімдікте өткен жиында талқыланды.

 

Қала құрылысы және жерді бақылау басқармасының басшысы Арман Бекбосыновтың ақпараты бойынша осы жылы өңірімізде құрылысы созылған төрт нысанды іске қосса, 2022 жылдың соңына дейін тағы 10 нысан пайдалануға беріледі. Облыстағы проблемалық құрылыс нысандарының жалпы саны – 26. Мәселен, Екібастұз қаласының Энергетиктер көшесінде отыз жыл ішінде құрылысы аяқталмаған үйлер бар. Қазіргі кезде үйлер салынған жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды. Ендігі жерде құрылысы аяқталмаған үйлердің иелері құрылыс жұмыстарын жалғастыруға немесе учаскені өз есебінен босатуға мүмкіндік алды.

 

- Облыстың үш қаласында да құрылысы созылған нысандар бойынша оң динамика бар екенін атап өту керек, - деді Арман Бекбосынов. – Жалпы алғанда, түйткілді мәселелер келіссөздер жүргізу, проблемаларды шешуге көмектесу, инвесторлар мен сатып алушыларды іздеу арқылы шешіледі. Кей жағдайда құрылыс иесіне абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін айыппұл салуға тура келеді.

 

Қазіргі кезде өңір билігінің бастамасы бойынша республикалық деңгейде қолданыстағы абаттандыру ережелеріне түзетулер енгізу мәселесі қаралып жатыр. Атап айтқанда, павлодарлық мамандар «сақалды» құрылыстың иесін нысанды қоршау, сәулеттік бейнесін қалпына келтіру және бөгде адамдардың кіруіне тыйым салуды заңнамалық тұрғыдан міндеттеуді ұсынып отыр. Бұл үдерісті бақылауға алу үшін мемлекеттік органдарға әкімшілік әсер ету тетіктері беріледі.

 

Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов жауапты мекемелер бұрынғы «сақалды» құрылыстармен жұмыс жүргізіп жатқан кезде, ондай нысандар тағы да пайда болып жатқанын айтты. Мысал ретінде №34 орта мектептің аумағында салынып жатқан студенттерге арналған жатақхананы алуға болады. Сондықтан, аймақ басшысы құрылысы жарты жылға тоқтап қалған нысандардың өзін бақылауға алуды тапсырды.

 

- Жағдайды бақылауда ұстау үшін өздеріңіз құрастырған «сақалды» құрылыстардың тізбесін үнемі жаңартып отыру керек, - деді әкім басқарма өкілдеріне. – Құрылысы аяқталмаған нысандардың барлығы бойынша олардың қасбетін жабу және қауіпсіздігін қамтамасыз ету талаптары болуы керек. Қазір біз құрылысы тоқтап қалған нысандардың негізгі кемшіліктерін – қала сәулетінің бұзылуы мен жақын маңда тұратын қала тұрғындары үшін туындайтын қолайсыздықтарды көріп отырмыз. Сондықтан, құрылысы жанданған нысандарды пайдалануға берілгенге дейін бақылау қажет.

 

Сонымен бірге, аппарат кеңесінде денсаулық сақтауды дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру талқыланды. Қазіргі кезде Павлодар облысында бағдарламаның 18 көрсеткішінің 14 индикаторы орындалды. Сәбилер өлімі, жаңа туған сәбилердің ерте шетінеуі, абайсызда уланудан қайтыс болу және медициналық ұйымдардың ескіруі сияқты төрт көрсеткіш бойынша денсаулық сақтау жүйесіндегі жағдайды жақсарту бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Әбілқайыр Сқақов ана мен бала денсаулығына ерекше назар аударуды тапсырды. Облыс әкімі аналарға босану кезінде көмек көрсету, әйелдер диагностикасы және кеңес беру ұйымдары басқа медициналық стационарларға қарағанда нашар жабдықталғанын атап өтті. Аймақ басшысы бұл мекемелерді жабдықтау және басқа да проблемалық мәселелерді Павлодар облысында медицинаны дамытудың үш жылдық бағдарламасына енгізуді тапсырды.

 

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі

Суреттерді түсірген Валерий Бугаев