Мыңбаевтар отбасын «онлайн» режимде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев құттықтады.
Бүкіл ел бойынша байқаудың облыстық кезеңдерінің 17 лауреатына құрмет көрсету бейнеконференцбайланыс арқылы бір мезгілде өтті. Марапаттау рәсімі елімізде 12-қыркүйекте атап өтілетін Отбасы күніне орайл өткізілді. Кездесуге қатысушыларға Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев сөз сөйлеп, Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.
– Мен Қазақстандағы әр шаңырақ берік болып, әрбір әулет бақытты ғұмыр кешкенін қалаймын. Сол үшін отбасы саясатына баса мән беремін. Ұрпақтың бойындағы адамгершілік пен адалдық, еңбекқорлық пен мейірімділік, ұлтжандылық пен отаншылдық сияқты асыл қасиеттердің бәрі, ең алдымен, отбасында қалыптасады. Қазақ – қашанда ата-ананы сыйлаған, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білген жұрт. Қазіргі жаһандану заманында рухани құндылықтарды халқымыздың өмір салтына айналдыру – аса маңызды міндет. Жыл сайын «Отбасы күніне» орай өткізілетін ұлттық конкурс бұған зор үлес қосуда. Оның, әсіресе, жастар үшін берер тағылымы мен тәлім-тәрбиесі зор, – делінген Президент құттықтауында.
Павлодар облысындағы «Мерейлі отбасы» өңірлік кезеңінің жеңімпаздары болып екібастұздық Мыңбаевтар отбасы танылды. Мыңбаевтар отбасы - «Богатырь Көмір» ЖШС разрезінде жұмыс істейтін кеншілер әулеті. Отағасы Жұмақан Мыңбаев кәсіпорында тартқыш агрегатты жүргізеді. Зайыбы Ғалия - жылу пунктінің операторы. Ұлдары Темірханов Естай электрмен жабдықтау дирекциясында слесарь болып жұмыс істейді, қыздары Әсем Әшімтаева бала күтімінде, ал, күйеу балалары Бауыржан Әшімтаев роторлық экскаватор машинисінің көмекшісі болып жұмыс істейді. Барлық өңірлердегі ұлттық байқау лауреаттары сияқты Мыңбаевтар отбасы да жүлде ретінде 5 миллион теңгенің сертификатын алды. Жеңімпаздарға сыйлықты Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов табыс етті.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев