Өңір активі жұмыс кездесуінде Мемлекет басшысының жолдауында айтылған жеті негізгі міндетті іске асыру мәселелерін талқылады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше бұл міндеттер мемлекет, бизнес қауымдастық пен азаматтық қоғамның бірлескен күшімен жүзеге асырылуы тиіс.
Отырыс Достық үйінде өтті. Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов 1-қыркүйекте айтылған Президент жолдауындағы жеті бағыттың өңірлік деңгейде қалай жүзеге асырылатынына тоқталды. Бірінші кезекте пандемиядан кейінгі кезеңде өңір экономикасын дамытуға көңіл бөлу қажет. Атап өту керек, Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлерге қолдау көрсету үшін «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» сияқты мемлекеттік бағдарламалардың қызмет ету мерзімін ұзарту туралы шешім қабылдаған еді. Сонымен қатар, облысымызда экономиканы әртараптандыру және экспорт аймақтарын ұлғайту жалғастырылады.
- Индустрияландыру жылдарында біздің облыста жетпіске жуық, олардың ішінде 25-і экспорттық, жаңа өнім түрлері шығарылатын өндірістер іске қосылды, - деді әкім. – Өнімдер әлемнің 90 еліне экспортталады. Олардың қатарында «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында шығарылатын тауарлар да бар. Біз экономикалық дамудың үш негізгі бағыты: алюминий, мұнай-химия және теміржол кластерлері бойынша даму жолын таңдадық. Бұл бағыт экономиканың индустриялық негізін қалыптастыруға жағдай жасайды.
Кездесуде 2022 жылғы 1-қаңтардан бастап еңбекақының ең төменгі деңгейін қырық екі жарым мың теңгеден алпыс мың теңгеге дейін арттыру туралы Президент тапсырмасы талқыланды. Бұл шара ел бойынша бір миллионнан астам адамды қамтиды. Кәсіпкерлерге осы бағытта көмек көрсету үшін Үкімет бизнесті қолдаудың «жұмсақ» механизмдерін құрастыратын болады.
- Соңғы он жыл ішінде еңбекақы төлеу қорының өсімі кәсіпорындардың табысының артуынан кейін қалып келді, - деп атап өтті Павлодар облысы кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесінің төрағасы Қобыланбек Қожин. – Сондықтан, қызметкерлерінің еңбекақысын көтеріп жатқан жұмыс берушілер үшін реттелетін сатып алулар шеңберінде жеңілдіктер беріліп, мемлекеттік қолдаудың қолжетімділігі арттырылады.
Ауыл шаруашылығы туралы айтқанда, Әбілқайыр Сқақов агроөнеркәсіптік кешенді дамыту стратегиясын құрастыру және бұл жұмысқа С. Сейфуллин атындағы Қазақ агроөнеркәсіптік университетінің ғалымдарын тарту туралы тапсырма берді. Ол бұл жұмысты ішкі азық-түлік нарығын толық қамтамасыз етумен және дайын өнімдерді облыстан тыс аумақта сатылымға шығарумен үйлестіру қажеттігін атап өтті. Сонымен бірге, өңірде азық-түлік өнімдерінің бағасына мониторинг жүргізу және реттеу жүйесін қалыптастырылады.
- Біз шаруаларға өз өнімдерін тұтынушыға екі арадағы делдалсыз сатуға мүмкіндік беретін екі көтерме-тарату орталығы мен фермерлік сауда орталығының құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз, - деді аймақ басшысы. – Осындай бақылау жүйесі де бағалардың артуын тежеу проблемасын толықтай шеше алмайды немесе 19 әлеуметтік маңызы бар тауарлар бойынша ғана шешуге мүмкіндік береді. Сондықтан, өңірде осы 19 аталымға енбейтін тауарлар бойынша оларды арнайы дүкендер арқылы сатылатын AITU Sauda цифрлық жобасы енгізілетін болады.
Аталған цифрлық шешімдерге тоқталған әкім Мемлекет басшысының жүз мың ІТ-мамандарды даярлау туралы тапырмасын еске салды. Бұл міндетті іске асырудағы жетекші роль Павлодар ақпараттық технологиялар колледжіне жүктеледі.
- Мықты өңірлік ІТ-қауымдастық құруға күшіміз жетеді, - деп атап өтті оқу орнының директоры Серік Жартыбаев. – Ол үшін біз ІT-хаб құруды аяқтап, еліміздің ірі хабы «Астана», Сәтбаев университеті және өңірлік жоо-лардың қолдауына қол жеткіздік. Әрине, біз нақты экономика секторының өкілдерімен де әріптестікті жалғастырамыз. Біздің колледж - «Жас маман» жобасының қатысушысы. Колледждегі төрт зертхананың құрал-жабдықтары ТМД көлемінде теңдессіз болып табылады. Сонымен бірге, облыстық бюджеттің есебінен күрделі жөндеу бастап, ІТ-орталыққа лайық тиісті аймақ пен кедергісіз орта қалыптастыратын боламыз.
Денсаулық сақтау саласы туралы айтқан әкім «Достық» шағын ауданында 500 орындық аурухананың құрылысын бастау жоспарлары туралы айтты. Сонымен бірге, №4 емхананың базасында Үздік тәжірибелер орталығы құрылып жатыр. Сондай-ақ, облыс орталығында №1 қалалық емханаға реконструкция жүргізу және кардиорталықты кеңейту жоспарлары бар.
- Денсаулық сақтау жүйесінің адамның денсаулығын сақтаудағы үлесі 15 пайызды ғана құрайды, мықты денсаулықтың негізгі кепілі – дене тәрбиесі, - деді әкім. - 2022 жылы төрт мың бала қосымша спортпен шұғылдануға тартылса, 2023 жылы тағы да 13 мың бала бұқаралық спортпен айналысатын болады. Жақын арада бұқаралық спортты дамыту бағдарламасын құрастырып, оны азаматтық қоғаммен талқылау қажет.
Әбілқайыр Сқақов Президент жолдауында айтылған барлық деңгейдегі әкімдерді бағалау механизмін енгізу туралы айтып өтті. Олардың қатарында әкімдердің жұмыс сапасының шынайы бағасын беру үшін тәуелсіз сауалнамалар жүргізу әдістері де бар.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев