Әбілқайыр Сқақов жұмыс сапарымен Шарбақты ауданында болды

Әбілқайыр Сқақов жұмыс сапарымен Шарбақты ауданында болды

Павлодар облысының әкімі «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасының жүзеге асырылуын тексеріп, ауданның тұрғын үй құрылысындағы жоспарларымен танысты және жем-шөп әзірлейтін жергілікті шаруалармен сұхбаттасты.

 

Аймақ басшысы Маралды көліндегі демалыс аймағында болды. Маусым басталғаннан бері мұнда санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып 20 мыңға жуық адам демалып үлгерді. «Павлодар» ӘКК-ен бірлескен кәсіпорынның басшысы Отарғалиева Гүлмираның айтуынша суқойманың жағаалуында 1000 жатын орын, 9 шатыр, 30 сауда павильоны, шайыну орындары мен санитарлық тораптар орналастырылған. Демалыс аймағының жұмысының арқасында 12 жеке кәсіпкер саудасын дөңгелетіп, 60 адам жұмыспен қамтылды.

   

- Қызметкерлер мен кәсіпкерлер – жергілікті тұрғындар. Олар жалға алу ақысын төлеуден босатылды, - деді Гүлмира Отарғалиева. – Шілде айында жағалаудағы киіз үйлердің саны күрт артты. Келесі жылы Маралды көлінде жұмыс істегісі келетіндердің саны көбейеді деп ойлаймын.

 

Алдағы екі жылы Маралды көлінің жағалау аймағын кеңейтіп, ашық бассейн, кең көлемді кафе орнату және тәулік бойы демалуға жағдай жасау жоспарлары бар.

 

- Өткен жылмен салыстырғанда күрделі өзгерістер орын алғанын байқауға болады, - деп атап өтті Әбілқайыр Сқақов.  – Туристер үшін негізгі жағдай жасалған. Демалыс аймағын дамытуды жалғастыру қажет. Жұмыс орындары ашылып, жергілікті тұрғындардың кәсіппен айналысуы аса маңызды.

 

Аудан орталығында Павлодар облысының әкімі «Еңбек» бағдарламасы бойынша өңірімізге қоныс аударып, жаңа үйлерден пәтер алған қандастармен кездесті. Шолпан Бодан жаңа пәтерге көшкен соң өз кәсібін ашуға мүмкіндік алған. Оралхан Жұмабек есімді қоныс аударушы құрылысқа қажетті кірпіш шығарумен айналысады.   

 

- Бізді жақсы қарсы алды, - дейді Шарбақты ауданының жаңа тұрғындары. – Үйлердің сапасына көңіліміз толады. Қазірдің өзінде қысқа әзірленіп, отын мен жем-шөп жинап жатырмыз.    

 

Шарбақты ауданында тұрғын үйлердің құрылысын жаңа үйлер салу арқылы ғана шешу көзделмейді. Аудан орталығында бірнеше жыл бос тұрған үйді реконструкциялау да жоспарда бар. Жаңарту жұмыстары аяқталған соң бұл үйде кезекте тұрған 21 отбасы қоныс тойын тойлайды деп күтілуде. Сондай-ақ, 2022 және 2023 жылдары аудан орталығында 24 пәтерлі үш үйдің құрылысын аяқтау жоспарлары бар. Бұл үйлерге де тұрғын үй кезегінде тұрған отбасылар қоныстанады.

 

Малиновка ауылының маңындағы егістіктерде аймақ басшысы жем-шөп әзірлеп жатқан фермерлермен кездесті.  Аграрийлер алдағы қыс пен көктемдегі өліара шақта қажет болатын шөптің 70%-ін жинап үлгерді. Олардың айтуынша осы жазда шөптің шығымы өткен жылға қарағанда жақсырақ болды. Әбілқайыр Сқақов биыл шаруаларды қолдау туралы шешім қабылданып, келесі аптадан бастап олар нарықтағы бағадан 25 процентке төмен бағамен арзандатылған жанармай алатындарын еске салды. Сонымен қатар, қазан айынан бастап, жем-шөп әзірлеушілер субсидиялар ала бастайды.     

 

- Бұл шаралар шөптің бағасын реттеуге көмектеседі, - деді облыс әкімі. – Жиналатын  шөптің басым бөлігі жеке аулаларға қажет. Біздің шаруалар өздеріне қажетті жем-шөпті әзірлеп алатынына сенім мол, алайда, біз ауылдастарымызға да қол ұшын созып, мал санының кемуіне жол бермеуіміз қажет.

 

Әбілқайыр Сқақов ауданның өсімдік шаруашылығымен айналысатын фермерлерімен де сөйлесті. Соңғы үш жылдың ішінде ауданда егістіктердің аумағы 150 мың гектардан 200 мың гектарға дейін ұлғайтылған. Ондаған жылдар бойы бос жатқан аумақтар ауыл шаруашылығы айналымына енгізілді.            

 

- Биыл дәнді дақылдардың астығы өткен жылға қарағанда жақсырақ болады. Гектарынан 10 центнерге дейін өнім жинаймыз, - деді «Победа» ЖШС-ің өкілі Николай Афанасьев. – Майлы дақылдар үшін тағы да бір жауын артық болмас еді. Дегенмен,  күнбағыс та былтырғыға қарағанда жақсы өсіп шықты.

 

Арбаиген ауылында аймақ басшысы жергілікті тұрғындардың сүйікті демалыс орнына айналған алаңға барды. Өткен жылы осы ауылдың тумасы, қазір елордада кәсіпкерлікпен айналысатын Мұрат Әбішев жерлестеріне жеміс бағы мен балалар алаңын сыйлады.

 

Әбілқайыр Сқақов Шалдай ауылындағы инфрақұрылымның дамуын өз көзімен көріп, бағасын берді. Осы жылы «Ертіс орманы» табиғи резерватының қызметкерлері мен ауыл тұрғындары ауылда дендропарк ашты. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша ауылдың төрт негізгі көшесіне асфальт төселіп жатыр. Олардың жалпы ұзындығы бес километрден артық. Жақын күндері Шалдайда мәдениет үйінің реконструкциясы басталады. Обыс әкімімен жүздескен ауыл тұрғындарының өздері де жөндеу және құрылыс жұмыстарының қарқынын атап өтті.   

 

- Мердігерлер атқарып жатқан жұмыстың сапасын бақылау үшін бірінші кезекте ауыл ақсақалдары енетін қоғамдық мониторинг тобын құру қажет, - деді Әбілқайыр Сқақов ауыл тұрғындарымен кездесуде.      

 

Сонымен бірге, биыл Шарбақты ауданындағы киелі орын – Ғабдыл Уахит хазірет кесенесіне апаратын жолды жөндеу де қолға алынды. Жыл сайын кесенеге жүздеген адамдар келеді. Алайда, кесенеге апаратын жолдың сапасы сын көтермейтін еді. Қазіргі күні кесенеге әкелетін 12 шақырымдық жол тегістеліп, қиыршық тас төселді. Кесененің алдындағы тұрақ асфальтталды.

 

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі

Суреттерді түсірген Ілияс Қанат