Облыстық әкімдікте инвестициялар тарту және жылыту маусымына дайындық мәселелері талқыланды

Облыстық әкімдікте инвестициялар тарту және жылыту маусымына дайындық мәселелері талқыланды

Өңірге инвестициялар тарту қарқыны туралы аппараттық жиналыста кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының м.а. Нүркімбаев Сағыныш айтып берді. Бірінші жартыжылдықта Павлодар облысының негізгі капиталына 217 миллиард теңге инвестиция құйылды. Бұл 2020 жылдың бірінші жартыжылдығындағы көрсеткішке қарағанда 15%-ке артық.

 

- Біз өзімізге екі міндет қойдық. Біріншіден, қолда бар инвестициялық жобаларды ұстап қалып, оларды іске асыру қажет, екінші міндетіміз жаңа инвесторларды тарту болып табылады, - деді Сағыныш Нүркімбаев. – Бірінші міндетті орындау үшін инвестициялық штаб 2021-2025 жылдарға арналған жобалар пулын қалыптастырды. Пулға жалпы сомасы 1,9 триллион теңгені құрайтын 174 жоба енгізілді. Екінші міндетті іске асыру үшін біз Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп салалық жобаларды анықтау бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Сондай-ақ, Екібастұз қаласындағы индустриялық аймақты және «Павлодар» арнайы экономикалық аймағындағы жобаларды дамытып жатырмыз. Жыл басынан бері сомасы 112 миллиард теңгені құрайтын 9 жаңа жоба жүзеге асырылды.

 

Баяндамашы негізгі қиындық инвесторлардың өз жобасына қажетті техникалық шарттарды алуға байланысты екендігін атап өтті. Павлодар облысының әкімі осы және басқа да міндеттерді шешу өңірлік инвестициялық штабтың міндеттерінің бірі екендігін еске салды.

 

- Біздің міндетіміз – инвестицияларды тартуға байланысты бизнес үдерістерді оптимизациялау болып табылады, - деді Әбіәлқайыр Сқақов. – Өңірге келген инвестор жобаны жүзеге асыру үшін дайындық жұмыстарын көруі қажет. Жыл сайын біз техникалық шарттарды алу, жер мәселесі және басқа да қиындықтарға тап боламыз. Инвестицияларды тарту үдерісінің әрбір қатысушысы рұқсаттар мен шешімдер беру кезінде бұл рәсімдерді жеңілдетуге тырысуы қажет.

 

Павлодар облысындағы алдағы жылыту маусымына дайындық туралы энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Ержан Салханов айтып берді. Жалпы, өңір бойынша биыл жылу желілерінің 12,4 километрі жөндеуден және реконструкциядан өтуі қажет.  5,6 километр жылу желілері қазірдің өзінде жөндеуден өтті. Облыс орталығында салынып  жатқан №42 ЖМ мен №6 ҮСС сорғы станциясының құрылысы 15-ші қыркүйекте аяқталуы тиіс.

 

- Өткен қыс біздің жылыту жүйесінің әлсіздігін көрсетті, - деп атап өтті аймақ басшысы. – Сапалы дайындық жұмыстарын жүргізіп, коммуналдық қызметтермен бірлесіп жұмыс атқару аса маңызды. Олардың апаттық бригадалары алдағы жылыту маусымына сақадай сай болуы керек.

 

Өткен қыста жылу «жетіспеген» облыс орталығындағы 319 көп қабатты үйге биыл «Павлодар жылу желілері» ЖШС қызмет көрсетеді. Шаһар басшысы Асайын Байхановтың айтуынша кәсіпорын проблемалы үйлердің үйішілік желілерімен де айналысатын болады.

 

- Тиісті кесте бекітіліп, бұл үйлердің тұрғындарымен жиналыстар өткізілді, - деді ол. – Жылыту маусымына дейін осы үйлердің үштен екі бөлігін орталық жылыту жүйесіне қосу және әзірлігін тексеру үшін біз барлық үдерістердің мерзімін барынша қысқарттық.

 

Әбілқайыр Сқақов қыс мезгіліне қалалар ғана емес, ауылдық аймақтар да әзір болуы қажеттігін еске салды. Бірінші кезекте бұл мектептер, ауруханалар және басқа да әлеуметтік нысандарға көмір жеткізуге байланысты. Сонымен бірге, әкім қатты отынның бағасының қолдан көтеруге тосқауыл қоюды тапсырды. Көмірдің бағасы өткен жылмен бір деңгейде болуы тиіс.

 

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі

Суреттерді түсірген Ілияс Қанат