Әбілқайыр Сқақов физика пәні бойынша халықаралық олимпиада жүлдегерлерімен кездесті

Әбілқайыр Сқақов физика пәні бойынша халықаралық олимпиада жүлдегерлерімен кездесті

Павлодар қаласы № 8 лицей-мектебінің оқушылары Антон Драганчук пен Дінмұхамед Рахымжанов International Physics Olympiad күміс жүлдегерлері атанды. Өңір басшысы оларды марапатпен құттықтады.

 

Павлодар облысының әкімі оқушыларды өңірдің ғана емес, бүкіл елдің мақтанышы деп атап, оларға алдағы уақытта да табыс тіледі.

 

- Осындай жоғары деңгейде сіздер тамаша нәтиже көрсеттіңіздер, - деді Әбілқайыр Сқақов. - Сіздердің мектебіңіздің басшылығына, барлық педагогтерге, атап айтқанда Анатолий Билидаға алғыс айтқым келеді. Физиканы білу бір бөлек, ал оны оқушыға жеткізу бір бөлек. Әрине, ата-аналарыңызға үлкен рахмет, олардың еңбегін бағалау мүмкін емес шығар. Бұл сіздер үшін үлкен жолдың басы екеніне сенімдімін және жақын арада сіздер өз ісіңізде ең үздік боласыздар.

 

Биыл 11 сыныпты бітіріп, Мәскеу физика-техникалық институтына түсуді жоспарлап отырған Антон Драганчук физика жөнінде халықаралық ареналарда сөз сөйлеу  тәжірибесі туралы айтты. Жас жігіттің айтуынша, әдетте олимпиадаларда екі нәтиже болады.

 

- Біріншісі – тапсырмалар өте күрделі болған кезде және олармен не істеу керектігін білмейсін, екіншісі – тапсырмаларды орындау қолдан келеді, бірақ оларды шешуге уақыт жетпейді, - деді жас физик. - Халықаралық физикалық олимпиадада тапсырмалар қызықты болды, бірақ уақытқа байланысты проблема болды. Теориялық турда мен барлық үш тапсырмаға бірдей уақыт бөлуге тырыстым. Бірақ мен бір тапсырмаға көп уақыт бөліп, ұзақ ойландым және уақытты өткізіп алдым. Тапсырманы орындағаннан кейін ғана  асыққаныңды, оны одан да жақсырақ шығара алатыныңды түсінесің.

 

Бейнеконференция байланысы режимінде кездесуге қосылған Дінмұхамед Рахымжанов келесі жылы да International Physics Olympiad-ға қатысуды жоспарлап отырғанын айтты. Өңір басшысы осы олимпиаданың «күмісі» бар оқушы «алтын» үшін таласа алатынына сенім білдірді.

 

International Physics Olympiad (IPhO) биыл Латвияда 17-25 шілде аралығында қашықтық форматта өтті. Бұл зияткерлік сайысқа 70-тен астам елдің өкілдері қатысты. Қазақстан құрамасының намысын 2021 жылы физика пәні бойынша республикалық олимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанған және еліміздің олимпиадалық резервіне енген бес «олимпиадашы» қорғады. Олардың қатарында павлодарлық Антон Драганчук пен Дінмұхамед Рахымжанов та болды. Жалпы алғанда, қазақстандық вундеркиндтер ұлттық құраманың IPhO қоржынына бес күміс медаль әкелді.

 

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі

Валерий Бугаевтің фотосы