Павлодар облысында ауыл әкімдерін сайлау қорытындылары шығарылды

Павлодар облысында ауыл әкімдерін сайлау қорытындылары шығарылды

Сайлау күні, 25 шілдеде, облыста дауыс берген халық үлесі 76,9% құрады.

 

Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Гүлнар Аманжолова Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифинг барысында ауыл әкімдерін сайлаудың алдын ала нәтижелері туралы айтты. Өткен жексенбіде жұмыс жасаған барлық 126 сайлау учаскелерінде дауыс беру сағат 07: 00-ден 20: 00-ге дейін өтті.

 

- Барлық сайлау учаскелерінде 146 сенімді өкіл болды, олардың 103-і саяси партиялар ұсынған кандидаттардан, 43-і өзін-өзі ұсынған кандидаттардан болды, - деді Гүлнар Аманжолова. - Сонымен қатар, барлық саяси партиялардан 150, қоғамдық бірлестіктерден 340 бақылаушы қатысты. Осы күні республикалық және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының 42 өкілі дауыс беру барысын жариялады. Сағат 22:00-дегі жағдай бойынша сайлаушылар белсенділігі 76,9% құрады, бұл облыстың 40626 тұрғыны.

 

Сайлауға қатысудың ең жоғары деңгейі Тереңкөл, Успен, Ақтоғай, Шарбақты аудандарында, сондай-ақ Екібастұз және Ақсу қалаларында тіркелген. Кейбір ауылдық округтерде дауыс беруге құқығы бар барлық адамдар сайлауға келді. Мысалы, Железнодорожный ауылдық округі (Екібастұздың ауылдық округі) мен Ақтоғай ауылдық округі (Ақтоғай ауданы) бойынша сайлауға 100 пайыз қатысты.

 

Павлодар облысының аумақтық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша

Валерий Бугаевтің сүреті