Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі комиссияның отырысы өтті

Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі комиссияның отырысы өтті

Жұмыс барысында білім беру ұйымдарында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және аттракциондар мен батуттарды бақылау мәселелері талқыланды.

 

Бүгінгі күні Павлодар облысында жоғары тәуекел дәрежесіне жатқызылатын 675 білім беру нысаны бар. Бірінші жартыжылдықта 266 білім мекемесінде өрт қауіпсіздігін сақтау деңгейі тексеріліп, 255 мекемеде заңбұзушылық фактілер анықталды. Рәсімделген актілерде бақылаушылар мекемелердегі автоматты өрт сигнализациялардың жұмыс істемейтіндігін, терезелерге темір торлардың орнатылғанын, өртке қарсы сумен жабдықтау желілерінің жұмысқа жарамсыздығын және т.б. факторларды көрсетті.

 

- Білім беру мекемелеріндегі қазандықтарға қатысты өрт қауіпсіздігі талаптары орындалмай келеді, - деп қосты төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Алексей Двинянин. - Бұл Шарбақты және Успен аудандарындағы мектептерге қатысты айтылып отыр. Қазандықтарды қауіпсіз жылу беру жабдықтарына ауыстыру қажет.

 

Аталған мәселелерді облыстың білім беру мекемелерін орталықтандырылған түрде қаржыландырып отырған білім басқармасы шешетін болады.

 

- Барлық мектептерден қазандықтарды шығару жөніндегі кезеңдік жоспар құрыңыз, - деп тапсырма берді Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов. - Бұл өте маңызды мәселе. Сонымен қатар, жергілікті әкімдер мен Төтенше жағдайлар департаменті әсіресе адамдардың көп шоғырланған жерлерінде өртті болдырмау мақсатында ақпараттық жұмысты күшейтулері керек.

 

Комиссия отырысы барысында жазғы маусымның тағы бір өзекті проблемасы – аттракциондардың жұмысы талқыланды. Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының мәліметтері бойынша, бүгінде Павлодар облысында 26 түрлі аттракциондар мен 12 батут қызмет көрсетіп келеді.

 

Павлодар қаласының әкімі Ержан Иманслям облыс орталығында аттракциондарға техникалық қызмет көрсету және сынақ жұмыстарының жыл сайын өткізілетінін айтты. Әткеншектер мен батуттардың қауіпсіздігін мұқият қадағалау мақсатында қалалық әкімдікте өнеркәсіптік қауіпсіздік инспекторының орны ашылды.

 

Кез келген техника қысқы күтімнен жазғы қолданысқа және кері бағытта да дұрыс өткізілуі тиіс және біз бұл жұмыстың қалай жүргізілетінін қадағалауымыз керек, - деді аймақ басшысы. - Барлық қалалар мен аудандарда аттракциондардың қауіпсіз жұмысына жауап беретін бір мемлекеттік органды анықтау қажет. Бұл балаларды қызықтыратын объектілер болғандықтан, аттракциондардың иелеріне немесе жалға алушыларына деген «жылы шырай» танытуға болмайды.

 

Таяу уақытта облыстағы барлық аттракциондар мен батуттардың жай-күйі тағы да бақылаудан өткізіледі. Бұл жолы тексеруге депутаттар мен қоғам өкілдері тартылмақ.

 

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі

Валерий Бугаевтың суреті