Әбілқайыр Сқақов Екібастұз қаласының даму жоспарына жасалған қоғамдық талқылауға қатысты

Әбілқайыр Сқақов Екібастұз қаласының даму жоспарына жасалған қоғамдық талқылауға қатысты

Екібастұзда қаланы кешенді дамыту жоспары (КДЖ) талқыланған үлкен кеңес отырысы өтті. Демалысқа тұспа-тұс келген мереке күнінде – бүгін екібастұздықтар қала күнін атап өтті – стратегиялық сессияға еңбек ардагерлері, қаланың белсенді тұрғындары, өнеркәсіп кәсіпорындарының басшылары, кәсіпкерлер, Екібастұздан шығып, табысқа жеткен азаматтар, тәуелсіз сарапшылар және басқалар жиналды. Сессия бейресми форматта өтті.

 

Басқосуда алғашқы сөз сөйлеген Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов көмір өндірісінің төмендеуі мен бүкіл әлемдегі инновациялық технологияларға көшу үрдісі аясында Екібастұз экономикасын да әртараптандырудың маңыздылығын атап өтті. Бүгінгі таңда отын-энергетикалық кешеннің қала экономикасындағы үлесі 65% құрайды. Осы тұрғыда КДЖ міндеттерінің бірі – осы тәуелділікті азайту.

 

- Бұл бағытта белгілі бір негіз қаланды. Атап айтқанда, Екібастұзда теміржол кластері белсенді дамып келеді. Темір жолдың үстіңгі құрылымының барлығын дерлік – ажыратқыштарды, шпалдарды, қапсырмалар мен дөңгелектерді – машина жасау саласындағы біздің кәсіпорындар ұсынады. Қала маңында индустриалды аймақ құрылып, ГРЭС-1 мен ГРЭС-2 қуаттары осында тартылатын инвестициялық жобаларға сай жаңартылатын болады, - деді аймақ басшысы. - Біз өмірге жайлы қала, қауіпсіз орта мен адами капиталды дамытуға мүмкіндіктер жасай отырып, Екібастұз экономикасының құрылымын эволюциялық түрде өзгертуіміз керек. Кешенді даму жоспарының мәні – алдағы бес жылда экономика мен нарықтың сын-қатерлеріне жауап беретін даму траекториясының негізін қалау. Қарапайым тілмен айтқанда, біз алдағы 25–30 жыл ішінде қандай өмір салтымен өмір сүретіндігімізді анықтауымыз керек.

 

Сессия жұмысына онлайн қосылған ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Тимур Сүлейменов те жанармайға тәуелділіктен құтылу қажеттігі туралы айтты. Оның пікірінше, дамуға бағытталған басқа қадамдар жасай отырып, Екібастұз көмір химиясы технологияларына көшуі тиіс – бұны әлемдік экономиканың ағымдағы дамуының бірқатар тенденциялары көрсетіп отыр.

 

- Сонымен қатар біз моноқалаларымыздың құрылымын өзгертуге тырысуымыз керек. Бұл қала құрушы бір-екі кәсіпорынға, әсіресе көміртектік ізі жоғары кәсіпорындарға байланып қалмас үшін қажет, - деді Тимур Сүлейменов. - Ірі кәсіпорындарға тәуелділіктен алғашқылардың бірі болып Екібастұз шығуы тиіс. Мұнда өңдеу, шағын және орта бизнес салаларын дамыту қажет. Бұл қала облыс орталығына тартылыс күшіне  айналуы мүмкін. Ол үшін тұрғындар санын 180–200 мың адамға дейін өсіріп, қаланы дербес экономикалық орталыққа айналдыру керек.

 

Екібастұзды дамытудың кешенді жоспары түрлі сала өкілдерімен және қала тұрғындарымен жүздеген сұхбат жүргізген тәуелсіз сарапшылардың мәліметтеріне негізделмек. Мамандар анықтағандай, бүгін Екібастұз тұрғындарын халықтың мойнындағы несиелік қарыздың үлкен жүктемесі, жоғары білікті кадрлардың кетуі және экологиялық жағдай алаңдатады. Осы мәселелердің шешілу жолдарын стратегиялық құжат ұсынуы тиіс.

 

- Екібастұздың одан әрі өркендеуі үшін экономиканың жаңа бағыттарын игеру қажет, - дейді танымал қазақстандық экономист Олжас Құдайбергенов. – Біріншіден, көмір химиясы. Көмірді қазып, жағу бір бөлек нәрсе де, одан жоғары құны қосылған күрделі өнімді шығару – мүлде басқа зат. Егер көмір химиясы бағытындағы ғылыми орталық құрылса, ол көмірден қандай өнім алуға болады деген сұраққа жауап береді. Екіншіден, Екібастұздың ауыл шаруашылығының даму қарқыны төмен. Бұл көрсеткіштерді бірнеше есе арттыру мүмкіндігі бар салалардың бірі. Тағы бір бағыт – шығармашылық индустрия. Павлодар облысы Скриптонит және Иманбекпен танымал. Тиісті қолдау көрсетілер болса, өңірдегі дарынды адамдар еселеп шығар еді. Шығармашылық индустрияны жетістікке жеткен тұлғаларды тарта отырып дамытуға болады – олар дарын иелерін іздеп, олардың танымал болуына қолғабыс етер еді.

 

Стратегиялық сессияның жұмысындағы үзілісте Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов облыстық және республикалық БАҚ өкілдерімен кездесіп, олардың сұрақтарына жауап берді.

 

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі

Валерий Бугаевтың суреті