Екібастұздық 72 отбасы қоныс тойын тойлады

Екібастұздық 72 отбасы қоныс тойын тойлады

Екібастұздың шағын аудандарының бірінде бой көтерген жаңа тұрғын алабында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша салынған көп қабатты ғимараттың тұсаукесері өтті. Жаңа үй тұрғындарына кілттер тапсыру салтанаты қала күнімен тұспа-тұс келген екен. Бүгін, 12 маусым күні, Екібастұз қаласына 64 жыл толып отыр.

 

- Осы жылдар ішінде Екібастұз елді жылумен және электр қуатымен қамтамасыз ететін республикалық маңызы бар қала болды, - деп атап өтті аймақ басшысы Әбілқайыр Сқақов. - Өткен жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша қаланың тұрғын үй құрылысы секторы үлкен қолдау тауып, Екібастұз Ертіс өңіріндегі нағыз құрылыс орталығына айналды. Мен бәріңізді жаңа қоныстарыңызбен құттықтап, шаңырақтарыңызға бақыт тілеймін!

 

Жаңа ғимараттағы пәтерлерді көпбалалы отбасылар, жетім балалар, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері және тұрғын үй кезегінде тұрған Екібастұздың басқа да тұрғындары – барлығы 72 отбасы иеленді. Олардың көпшілігі жаңа үйге кіріп, эмоцияларын жасыра алмады.

 

- Шынымен де, Екібастұз жыл сайын көркейіп, өмірге жайлы болып келе жатыр, қаладағы жолдардың, тұрғын үйлер мен аула аумақтарының құрылысы қалай жүргізіліп жатқанын өз көзімізбен көріп жүрміз, - деді жаңа қоныстанушылардың бірі Севда Фарзалиева. - Мен бәрімізді қала күнімен құттықтаймын! Жаңа қоныс иелеріне бақыт пен сәттілік тілегім келеді!

 

Көп қабатты ғимараттың жанында дәл осындай тағы бес үй пайдалануға берілді. Сонымен қатар, Екібастұзда тағы бес жаңа ғимарат салып, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 86 пәтер сатып алу жоспарланып отыр.

 

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі

Валерий Бугаевтың суреті