Облыс әкімі Павлодарда жолдарды жөндеу және жасыл желек қорын күтіп ұстауға қатысты бірқатар тапсырма берді

Облыс әкімі Павлодарда жолдарды жөндеу және жасыл желек қорын күтіп ұстауға қатысты бірқатар тапсырма берді

Әбілқайыр Сқақов Павлодарда жолдарды жөндеу және жасыл желек қорын күтіп ұстау мәселелері жөнінде кеңес отырысын өткізді.

 

Павлодар қаласының әкімі Ержан Иманслямнің мәліметінше, бүгін облыс орталығының 18 мың шаршы метр жолы жамалып, тағы шамамаен 6 мың шаршы метр ойықтарды тегістеу 21 маусымға дейін аяқталмақ. Жөнделетін жолдардың жалпы ауданы – 30 мың шаршы метр. Жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары аясында негізінен қаланың шағын аудандарында орналасқан алты учаскеде асфальт төселіп, сегіз учаскеге жүргінші жолы салынып, көлік тұрақтарын орнату жоспарланып отыр.

 

Сонымен қатар, Павлодарда жолдар жабынын полимерлі материалдармен төсеу тәжірибесі енгізілмек – биыл қаланың алты көшесінде жалпы ауданы 227 800 шаршы метр жол төселмек. Астана көшесінің 4 шақырым бөлігі күрделі жөндеуден өткізіледі.

 

Қаланың жасыл желек қорын күтіп ұстауға үш мердігер тартылып отыр. Олардың міндеттері – өсімдіктерді суару, гүлзарларды күту, бұталар мен өсірілген шарбақтарды шырпу. Суару жұмыстарына тоғыз арнайы көлік бөлінген.

 

Әбілқайыр Сқақов жолдарды жамау, жолдарға белгі салу және жасыл желекті суару жұмыстарының сапасын сынға алды. Облыс әкімі кемшіліктерді жою үшін шұғыл шаралар қабылдауды, соның ішінде суару жұмыстарына тартылатын көліктер санын 30-ға дейін көбейтуді тапсырды. Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшылығына облыс орталығының жасыл желек қорын жазғы маусымда күтіп-ұстауға арналған техникалық сипаттаманы әзірлеу тапсырылды.

 

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі

Фото Валерий Бугаевтікі