Міндет мекеменің маңдайшасын ғана ауыстырумен шектелмейді - Павлодар облысының әкімі ПИК-тен МИБ-ке көшу жайында

Міндет мекеменің маңдайшасын ғана ауыстырумен шектелмейді - Павлодар облысының әкімі ПИК-тен МИБ-ке көшу жайында

Өңірдегі ПИК-тен мүлік иелері бірлестіктері мен қарапайым серіктестіктерге көшу жұмыстары қалай жүргізіліп жатқандығы облыс әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте талқыланды. Аймақ басшысы Әбілқайыр Сқақов шенеуніктердің бұл бағыттағы жұмысының алдын ала нәтижесін сәтсіз деп бағалады.

 

Энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Ержан Салхановтың айтуынша, бүгінде 1913 көппәтерлі тұрғын үйді ПИК басқарады, тағы 377 үй өзіне-өзі қызмет көрсетеді. Алайда, бір жылдан кейін пәтер иелерінің кооперативі түріндегі басқару жүйесі жойылады. 2022 жылғы 1 шілдеден бастап ПИК-терін мүлік иелерінің бірлестіктері (МИБ) мен қарапайым серіктестіктер (ҚС) алмастыру тиіс.

 

- Мүлік иелерінің бірлестігі заңды тұлға болып табылады, ал қарапайым серіктестік бірлескен қызмет туралы шарт негізінде жұмыс істейді, - деп атап өтті Ержан Салханов. – МИБ-тің ПИК-тен айырмашылығы - басқарудың жаңа жүйесі арқылы тұрғындар тек өз үйлерін қадағалайтын болады. Бұл оларға өз үйлерін күрделі жөндеуге қажетті қаражат жинауға және қаражаттың түсуін бақылауға мүмкіндік береді. ПИК болған кезде жиналған қаражат барлық қызмет көрсетілетін үйлердің жалпы шотына түседі де, бұл олардың мақсатты пайдаланылуын бақылауға мүмкіндік бермейді. Егер ПИК тапсырыс беруші әрі ортақ мүлікті күтіп ұстау бойынша мердігер болса, МИБ тек тапсырыс беруші ретінде ғана әрекет ететін болады. Яғни, тұрғындар басқарушы немесе сервистік компанияларды тартып, орындалған жұмыстардың көлемі мен кондоминиумның нақты объектісі бойынша олардың төлемін бақылайтын болады. Бұл ретте әр үйдің тұрғындары банкте өздерінің ағымдағы және жинақ шоттарын ашып, оларды дербес басқарады.

 

Бүгінгі таңда Павлодар облысында барлығы 48 МИБ және 39 ҚС тіркелген. Қала әкімдерінің айтуынша, түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, алайда тұрғындар реформаны жүзеге асыруда белсенділік танытпайды. Әбілқайыр Сқақов бұл жерде тек түсіндіру жұмыстарын жүргізумен шектелмеу керектігін атап өтті.

 

- ПИК басқарудың қазіргі нысаны ретінде, әсіресе жылыту маусымы кезінде тұрғын үй қорының қажетті дайындық деңгейін қамтамасыз етпейді, - деп атап өтті облыс әкімі. – Мәселе тек мекеме маңдайшасын формальды түрде ауыстырумен шектелмеуі тиіс. Бұл реформаның тәуекелдерін есептеп, қажет болған жағдайда МИБ және ҚС менеджментін оқыту, әкімдіктердің, коммуналдық компаниялар мен қызметтердің жұмысын үйлестіру қажет. Біз басқарудың жаңа формасының тұрғындарға түсінікті оңтайлы моделін ұсынуымыз керек.

 

 

Тұрғын үй реформасын түсіндіруде қала әкімдіктерінің шағын аудандардағы өкілдері көмек беруі тиіс. Өкілдер институтын қайта жаңғырту қажеттігі туралы Әбілқайыр Сқақов бірнеше ай бұрын айтқан болатын, алайда ол әлі күнге дейін қолға алынбаған. Павлодар қаласының әкімі Ержан Иманслям бұл жұмысты бір ай ішінде ұйымдастыруға уәде берді.

 

Аппараттық кеңес барысында Павлодар облысында 5 маусымда аяқталған көктемгі дала жұмыстарының қорытындысы да талқыланды. Жалпы алғанда, аймақта 1,5 миллион гектардан астам жер егілді. Басым бөлігін дәнді дақылдар - 917,5 мың гектар, жемшөп дақылдары - 360,5 мың гектар, майлы дақылдар - 211,3 мың гектар, сондай - ақ картоп-19 мың гектар алды.

 

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі

Фото Валерий Бугаевтікі