Павлодар облысында елді мекендерді абаттандыру және санитарлық тазарту айлығының қорытындысы шығарылды

Павлодар облысында елді мекендерді абаттандыру және санитарлық тазарту айлығының қорытындысы шығарылды

Облыста 145 мың ағаш пен бұта отырғызылып, 374 ескерткіш жөнделіп, 244 автобус павильоны ретке келтірілді. Әкімдіктегі аппараттық кеңес барысында айлық шара аяқталғаннан кейін де назардан тыс қалдырылмауы тиіс мәселелер талқыланды.

 

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ержан Салханов хабарлағанындай, бір ай ішінде жаппай сенбілікке 4 мыңнан астам ұйымдар немесе 125 мыңға жуық адам қатысқан. Тазаланып абаттандырылған аймақтарды қадағалап өткен жұмыс топтары рұқсатсыз пайда болған 80 қоқыс үйінділерін анықтады. Оларды жоюға облыс қалаларының әкімдіктері коммуналдық қызметтерді тартса, ауылдарда ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің ірі техникасының мүмкіндіктерін пайдаланды. Аймақ басшысы Әбілқайыр Сқақов қалған астыртын төгілген қоқыстарды тез арада жоюды тапсырып, Павлодар облысындағы абаттандыру және санитарлық тазарту жұмыстарының осымен аяқталмайтындығын баса айтты.

 

- Тазарту шарасына қатысқандардың барлығына алғыс айтамын, - деді әкім. - Менің ойымша, жергілікті атқарушы органдардың, ірі кәсіпорындардың, шағын және орта бизнестің және белсенді тұрғындардың бірлескен жұмысы жақсы нәтиже берді. Алайда бұл жұмыс аулаларда, саябақтар мен алаңдарда, қоғамдық орындарда әрі қарай жалғасуы тиіс. Учаскелердің ұйымдар, кәсіпорындар және пәтер иелері кооперативтерінің арасында бөлініп-бекітілуі тазарту шарасының аяқталуынан кейін де жалғастырылуы тиіс.

 

Аймақ басшысы жол инфрақұрылымын ретке келтіру қажеттілігіне назар аударды. Ол тұрғындар тарапынан қыстан кейінгі жолдың жағдайы әділ сыналатынын атап өтіп, жөндеу жұмыстарының уақытылы және сапалы жүргізілуіне жергілікті басшылардың жауапты екендігін еске салды.

 

- 2021 жылы облыс жолдарындағы шұңқырларды жөндеу көлемі жоспар бойынша 39 400 шаршы метрді құрайды. Оның ішінде республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында 28 500 шаршы метр, облыстық маңызы бар автомобиль жолдарында 1100 шаршы метр, аудандық маңызы бар жолдарында 9800 шаршы метр жөнделмек. Жұмыс жалғастырылып келеді, оны маусым айында аяқтауды жоспарлап отырмыз, - деп хабарлады облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Марат Зенов.

 

Сонымен қатар, ол Ақсу қаласындағы қоғамдық көліктердің жағдайы туралы хабарлады: қалада жұмыс істейтін екі тасымалдаушының бірі 5 маусымнан бастап 8 бағыт бойынша жұмысын тоқтатпақ ниетте. Қазір қала әкімшілігі Павлодар тасымалдаушыларымен келіссөздер жүргізіп жатыр, бірақ, Марат Зенов белгілі бір тәуекелдердің бар екендігін жеткізді.

 

- Ақсу тұрғындары қоғамдық көліктерден кенде қалмас үшін жағдай бақылауға алынуы қажет, - деді аймақ басшысы тапсырма беріп. - Мен қалалардың, аудандардың және жалпы облыстың өміріне қатысты кез келген шешімді қоғаммен бірге қабылдау керектігін тағы еске саламын. Халықпен бірге және дер кезінде. Алайда, іс жүзіндегі жағдай басқаша. Нұржан Кемерұлы, тасымалдаушыға қатысты болсын, сүт-тауар фермасы бойынша болсын, барлық тараптардың көңілінен шығатын шешімді сіз көпшілік пен сарапшылармен кеңесіп табуыңыз керек еді.

 

Облыс әкімі сүт-тауар фермасындағы жағдайдың сот процедураларының жалғасуына қатысты қала тұрғындарының проблемалары шешілмей жатқанын атап өтті – бір тұрғындар айналадағы жағымсыз иіске шағымданса, екіншілері фермадағы жұмыс орындарынан айырылып қалу қаупінен қорқып отыр.

 

- Екі тарап та - біздің облысымыздың тұрғындары, сондықтан екі жақтың да мүддесі қорғалуы тиіс. Сіз мәселенің шешілуін белгісіз мерзімге созып жібердіңіз. Ернұр Нұрмұханұлы, - деп аймақ басшысы облыстық мәслихат хатшысына жүгінді, - Қоғамдық кеңес бұл жағдайға қоғамдық бақылау жүргізіп, туындаған мәселелерді шешу үшін өз ұсыныстарын беруі керек. Менің ойымша, осы топты кеңес төрағасы, Ақсу қаласының бұрынғы әкімі, облысымыздың құрметті азаматы Нұрлан Нәбиев бастауы керек.

 

Сонымен қатар, аппараттық кеңес отырысы барысында Павлодар облысындағы эпизоотикалық жағдай талқыланды. Өткен жылдың күзінде құс тұмауы өршігеннен кейін аймақта құстарға вакцина егіліп жатыр. Бұл мақсатқа 500 мыңнан астам доза вакцина бөлініп, бүгінде 190 мыңға жуық құсқа егілді. Бірінші кезекте Жетекші, Шарбақты және Қызылжар ауылдарында орналасқан фабрикалардың айналасындағы төрт аймақтың  құстары қамтылды.

 

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі

Валерий Бугаевтың суреті