Әбілқайыр Сқақов Павлодар облысындағы әскери қызметкерлерді Отан қорғаушылар күнімен құттықтады

Әбілқайыр Сқақов Павлодар облысындағы әскери қызметкерлерді Отан қорғаушылар күнімен құттықтады
Мемлекеттік мереке қарсаңында аймақ басшысы қорғаныс істері жөніндегі департаменттің бес қызметкерін құрмет грамоталарымен марапаттады.
Салтанатты жиын барысында Павлодар облысының әкімі ел қорғау ісін ең маңызды қызметтердің бірі ретінде атап өтті. Ол Ұлы Отан соғысында өз Отаны мен болашақ ұрпағы үшін күрескен алдыңғы буын ерлігін мысалға келтіріп, бүгінгі сарбаздардың олардың қаһармандығын есте сақтауы керектігін баса айтты.
- Сіздер өз Отаныңызға қызмет ету жолын таңдадыңыз, бұл өте құрметті іс, - деді Әбілқайыр Сқақов іс-шара себепкерлеріне. – Елдің бейбіт өмірі әскери қызметкерлерге тікелей байланысты болғандықтан, бәріміз сіздерге деген ризашылығымызды білдіруіміз керек. Сіздерді келе жатқан Отан қорғаушылар күнімен құттықтап, зор денсаулық, бақ-береке және бейбітшілік тілеймін.
Құрмет грамоталары Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің заң қызметінің бастығы Төлеген Баядиловке, департамент бастығының әскери-патриоттық тәрбие және ардагерлермен жұмыс жөніндегі орынбасары Эльмира Жанеловаға, психологиялық қызметтің бастығы Анар Құрманғалиеваға, мемлекеттік құпияларды қорғау және ақпараттық қауіпсіздік қызметінің сержанты Әсел Салиноваға және мемлекеттік қызметтерді көрсету жөніндегі қызметтің аға сержанты Серік Тоқжігітовке табысталды.
 
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Валерий Бугаевтың суреті