Павлодар облысында қалалар мен аудандарды абаттандыру ережелеріне өзгерістер енгізу жоспарланып отыр

Павлодар облысында қалалар мен аудандарды абаттандыру ережелеріне өзгерістер енгізу жоспарланып отыр

Құрылысы ұзаққа созылған істерді қарау процесі заңның кейбір иірімдеріне қатысты күрделене түседі, оларды шешу үшін әкімдік мамандары өз ұсыныстарын ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне жіберді. Әңгіме қалалар мен аудандарды абаттандыру қағидаларын жаңарту қажеттігі туралы болып отыр.

Қала құрылысы және жерді бақылау басқармасының мәліметінше, Павлодар облысының үш қаласында құрылысы аяқталмаған 26 нысан бар. Жыл басынан бері Павлодарда 6 және Екібастұзда 3 проблемалық нысан пайдалануға берілген. Басқарма басшысы Арман Бекбосыновтың мәлімдеуінше, мысалы облыс орталығында Айманов көшесіндегі қараусыз қалған ғимараттың орнында дәмхана ашылып, бұл ауданның сәулеттік келбетін өзгертуге және 37 жұмыс орнын құруға мүмкіндік берген; ал Назарбаев даңғылы бойындағы басқа нысанның орнында азық-түлік дүкені іске қосылған.

Арман Бекбосыновтың айтуынша, қалған нысандардың иелеріне мемлекеттік органдардың бүгінде құқықтық ықпал ету тетіктері жоқ. Сондықтан Қала құрылысы және жерді бақылау басқармасы облыстық мәслихат бекітетін "Қалалар мен елді мекендер аумақтарын абаттандыру қағидаларын" өзгертуді ұсынады. Ол үшін алдымен ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және ТКШ істері комитеті әзірлеген "қалалар мен аудандардың аумақтарын абаттандырудың үлгілік қағидаларына" тиісті өзгерістер енгізу қажет болатын. Осы күні тиісті ұсыныстар енгізілген.

- Құрылысы ұзаққа созылған нысандарды аяқтау үдерісін реттеу үшін толыққанды құқықтық жағдай жасалуы қажет. Жергілікті жерлердегі басқармалар мен әкімдіктер ұзақ құрылыс санатына өтуі мүмкін объектілерді назарға алуы қажет. Құрылысқа кіріскен мердігерлерді бақылап, жұмысты аяқтау үшін оларға жан-жақты көмек көрсету керек, - деді облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов.

Аппараттық кеңес барысында Павлодар облысында цифрлық сауаттылықты арттыру мәселесі де талқыланды. Бүгінгі таңда өңірдің жергілікті атқарушы органдары 173 мемлекеттік қызмет көрсетеді, оның 160-ы - "Электрондық үкімет" порталы арқылы. Отырыста шалғайдағы ауылдық округтердегі азаматтардың өтініштерін жаңа жүйе бойынша қабылдау үшін "Нәтиже" орталықтарын ашу ұсынылды. Аталған жүйе биылғы жылы Қазақстан бойынша іске қосылып, орталықтандырылады және әкімдіктердегі өз-өзіне қызмет көрсету аймағын ұлғайтуға мүмкіндік береді.

- Бүгінде интернетте және цифрлық сервистерді пайдалану кезінде цифрлық қауіпсіздікті сақтау мәселесі өзекті болып тұр, - деді цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Бектас Дәуітеков. - Интернет-алаяқтардың құрған әртүрлі «торына» түсетін адамдар көп. Полиция департаментінің ақпараты бойынша, өткен жылмен салыстырғанда мұндай қылмыстар 68,5%-ға өскен. Алаяқтардың құрбандары негізінен мектеп оқушылары, зейнеткерлер және әлеуметтік осал топ өкілдері. Біз білім беру және жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларымен бірге осы санат өкілдерінің цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында кешенді жоспар әзірлеуді ұсынамыз.

Өңір басшысы мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа көшіру жөніндегі жұмыстың маңыздылығын атап өтіп, тұрғындар жиі пайдаланатын мемлекеттік органдарды Павлодар облысының геоақпараттық порталына қосуды тапсырды.

 

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі

Фото Валерий Бугаевтікі