«Бактицид» препараты су жағалауы бойына сенбі, 1 мамырда шашылды.
Дезинсекциямен айналысатын «Казахсельмаш-Строй» ЖШС мамандары биологиялық препарат суспензиясының қажетті көлемін жағалауда әзірледі. Дайындалған ерітінді өзенге құйылды. Сарапшылардың пікірінше, жануарлар мен адамдар үшін зиянсыз «Бактицид» судың жылы ағымында пайда болып үлгерген шіркей құртын жояды. Ертістің негізгі арнасын өңдеу 3 мамырда басталмақ. Дезинсекция жұмыстарының нақты уақытын ғылыми сүйемелдеу тобы хабарлайды.
Мердігер компания белгіленген 70 тонна «Бактицидтің» 40 тоннасын қоймаларға кеше, яғни 30 сәуірде, жеткізді. Дәрінің тағы 15 тоннасы бүгін жеткізіліп отыр. Жұмыс барысы мен оның нәтижелерін тапсырыс берушінің қызметкерлері – облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының мамандары, сондай-ақ партиялық бақылау өкілдері бақылайды. Сонымен қатар, барлық жұмыстар препарат пен оның қолданылу аясын белгілейтін ғылыми сүйемелдеу тобының бақылауымен жүзеге асырылмақ.
Естеріңізге сала кетейік, облыста авиациялық және тосқауылдық өңдеу аумағы былтырғыдай, 27 мың гектарды құрайды. Биологиялық өнімнің Ертіс өзені бойында қолданылу аясы 1,1 мың шақырымнан астам жерді қамтиды.
Павлодар облысының жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы