Павлодар облысында құрылыс индустриясын дамыту бағдарламасы жасалады

Павлодар облысында құрылыс индустриясын дамыту бағдарламасы жасалады

Нашар жобалаушылар мен жауапсыз құрылысшылардан туындайтын проблемалар кең ауқымды ортада қарастырылды – саланың қордаланған мәселелерін өнеркәсіп ардагерлері мен мердігерлік компаниялар басшылары арнайы кеңес отырысы барысында талқылады. Жиналысты аймақ басшысы Әбілқайыр Сқақов жүргізді.

 

Осы кездесу өткізілместен көп уақыт бұрын Павлодар облысының қала құрылысы және жерді бақылау басқармасы жүйелік проблемаларды анықтап, оларды шешу жолдарын ұсыну мақсатында аймақтағы құрылыс индустриясын терең талдауға кіріскен болатын. Осы жұмыстың нәтижелерін басқарма басшысы Арман Бекбосынов ортаға салды.

 

- Аймақтағы 958 құрылыс ұйымының тек 17%-ы ғана жұмыс істесе, сенімді қарым-қатынастар орнатуға лайық кәсіпорындар саны 3%-дан аспайды, - деді Арман Бекбосынов. - Жобалау ұйымдарындағы жағдай да ұқсас: 283 компанияның тек 6%-ын ғана жарамды деп атауға боларлық. Осының бәрі құрылыс саласындағы міндеттерді жүзеге асыру мүмкіндіктерінің шектеулі екендігін көрсетеді.

 

Маманның айтуынша, аймақта құрылысқа қажетті материалдардың тек 40% ғана өндіріледі. Мәселен, кірпіш жетіспейді. Аймақта жүргізілетін құрылыстың 100%-да осы материал қажет. Бұл жағдай кірпіш қалаушы мамандардың жетіспеушілігінен күрделене түседі. Сондықтан, басқармадағылар осы жағдайды баламалы құрылыс технологияларына көшу арқылы өзгертуге болатындығын айтып отыр – бұл панельдік плиталарды қолдану, монолитті-каркастық және құрамалы құрылыс тәсілдері.

 

- Қазақстанда біраз уақыттан бері қолданылып келе жатқан жаңа технологиялардың жетіспеушілігі аймақтық құрылыс индустриясының өсу қарқынын баяулатудың маңызды факторы, - деп атап өтті Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов. - Көршілес облыстардың құрылысшылары аймақта өндірілетін кірпішті екі жылға алдын ала сатып алған. Осы материалдың жетіспеушілігі және кәсіби құрылысшылардың жетіспеушілігі құрылыс жобаларын дер кезінде аяқтап, тапсыру  мерзімдерін кешіктіруге әкеліп соқтыруы  мүмкін.

 

Өнеркәсіптің тағы бір маңызды проблемасы – құрылысты ұзыннан-ұзақ созылған тізбектегі мердігерлерге берілуі. Құрылыс мерзімдерінің кешеуілдеуі мен жұмыс сапасының төмендеуіне көбінесе осы мәселе себеп болады. Ереже талаптарына қарамастан, саладағы мердігер компаниялардың дені қосалқы мердігерлерді тарту ниеттерін тапсырыс берушілермен және техникалық қадағалаушы ұйымдарымен келісіп-үйлестіруді міндет санамайтын көрінеді. Оның үстіне, қосалқы мердігерлердің көмегімен белгіленген құрылыс жұмыстарының тек жарты көлемі ғана жасалады – бас мердігерлерге қойылатын заң талаптары сондай.

 

- Қосалқы мердігерлерді тарту ережелерінің сақталуы құрылыс нысандарының мердігерлер арасында біркелкі бөлініп, жалпы жұмыс сапасының жақсаруына және белгіленген мерзімде сәтті аяқталуына ұйтқы болар еді, - деді Арман Бекбосынов. - Біз техникалық қадағалау ұйымдарына қосалқы мердігерлерге берілетін жұмыс көлемдерінің талаптарға сай болуын қадағалап, келісімшарттарда бас мердігердің қосалқы мердігерлерге жұмыс көлемін беру кезінде ереже талаптарын бұзушылықтарға жол бергені үшін жауапкершілігін белгілеп, жүктеуді ұсынамыз.

 

Басқосу барысында жобалау мәселелері де жан-жақты талқыланды. «Kazakhstan Project» ЖШС өкілі Мұрат Әлжановтың айтуынша, бүгінде жобалаушылар бірінші кезекте төленетін салық мөлшерлемесі бойынша тексеріліп, қажетті мамандар мен жабдықтармен қамсыздануы жағынан бақыланбайды.

 

- 2021 жылдың басынан бастап бүкіл Қазақстан аумағындағы жобалық жұмыстар бойынша 840 миллион теңгелік көлемдегі тендерлерді ұтып алған бір компания бар, - деді баяндамашы мысал келтіріп. – Бұл небәрі 5–10 адамнан тұратын шағын кәсіпорын. Мемлекеттік сатып алу туралы заңға өзгеріс енгізілсе, жобаға тапсырыс беруші жобалаушының техникасы мен кеңсесінің бар-жоғын тексеріп, қажетті мамандардың болуына талаптар қоя алатын жағдай туындар еді. Олай болмаса, жобаларды «қарындаш» фирмалар жасай бермек.

 

«Стройпроектгрупп» ЖШС өкілі Сержан Асанбаев техникалық қадағалаушы ұйымдардың бірден 10–15 құрылыс нысандарында жұмыс істейтіндіктеріне назар аударды. Нәтижесінде техникалық қадағалаушы маман құрылыс алаңына екі аптада бір рет қана барады.

 

Кадр тапшылығы мәселесін талқылау барысында өңірде сумен қамтамасыз ету, газ және жылу вентиляциясы, гидротехник, әрлеуші ​​және кірпіш қалаушы мамандардың жетіспейтіндігі айтылды. Құрылыс басқармасы мен Торайғыров атындағы университеті қосарлы және жобалық оқытуды енгізіп, студенттердің практикаларын құрылыс алаңдарында өткізу мүмкіндіктері қарастырылып жатыр.

 

«Біз теориялық курс өткіземіз, бірақ қажетті тәжірибе алмай, бүкіл құрылыс циклымен танысып, тәлімгерлердің қолынан өтпей, білікті құрылысшы жұмыскер даярланбайды, - дейді инженерлік факультеттің деканы Руслан Мұқанов. - Бізде құрылыс индустриясына керекті кадрларды даярлауды қайта бастауға мүмкіндік бар. Менің ойымша, билік пен бизнестің қолдауы болса, біз бұны жасай аламыз.

 

Талқылау барысын қорытындылай келе, Әбілқайыр Сқақов құрылыстың барлық кезеңдерінде де проблемалардың бар екендігін айтты. Әкім атап өткендей, мәселенің  көпшілігі жауапты адамдардың профильдік ережелер мен нұсқауларды орындамауы нәтижесінде туындайды. Сонымен қатар әкім бұл мәселелерге салалық қауымдастықтың белсенді қатысуы қажеттігін атап өтті. Әбілқайыр Сқақов саланы дамытудың Жол картасын дайындауға қоғам өкілдерін тартып, олардан түскен барлық ескертулер мен ұсыныстарды ескеруді тапсырды.

 

- Біздің құрылыс саласының нарығы заманауи технологиялардан артта қалып отыр, - деді әкім. - Мәселе тіпті ресурстарда да емес – қажет болған жағдайда біз қосымша қаражат тарта алар едік. Бұл мәселе құрылыс индустриясының дайын еместігінен, оның белгілі бір көлемдерді орындай алмайтындығынан туындап отыр. Тәуекелдер баршылық. Біз құрылыс индустриясын дамытудың жол картасын әзірлеуіміз керек. Бұл жағдайды тұрақтандырып, саладағы әділ бәсекелестіктің дамуына жаңа серпін беріп, құрылыс мәдениетін көтеруге мүмкіндік береді.

 

Осындай талдау сәулет және қала құрылысы саласында да жүргізілетін болады. Жұмыс нәтижелері сала және қоғам өкілдерімен дәл осындай басқосуда талқыланбақ.

 

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі

Валерий Бугаевтың суреті