Жолдар бұзылып, көшелерді су басты: Әбілқайыр Сқақов Павлодарды ретке келтіруге бір апта уақыт берді

Жолдар бұзылып, көшелерді су басты: Әбілқайыр Сқақов Павлодарды ретке келтіруге бір апта уақыт берді

Бүгін аймақ басшысы облыс орталығы көшелерінің жағдайын тексерді. Ол қала тұрғындарының бұзылған жолдар мен су басқан көшелер жөніндегі шағым-арыздарында негіз бар деп тауып, алдағы апта ішінде жағдайды түзетуді тапсырды.

 

Осипенко көшесіндегі жағдайды көрген Әбілқайыр Сқақов облыс орталығында дер кезінде тазаланбаған қардың еруі нәтижесінде ондаған учаскелердің су астында қалуына жол берген коммуналдық қызметтердің осал жұмыстарына наразылық білдірді. Бүгін Павлодар көшелерін тәулік бойы жұмыс жасап жатқан 10 ассенизаторлық машина құрғатып жатыр. Әкім көлшіктерді құрғататын арнайы техниканың санын көбейтіп, қала көшелерін бір апта ішінде ретке келтіруді талап етті.

 

Усоль шағын ауданына барған әкім Майра және Парковая көшелерінің қиылысындағы су құбыры ауыстырылған жерді көріп шықты. Қазір «Павлодар-Водоканал» ЖШС жұмысшылары жолда қазылған шұңқырды топырақпен толтырып, оны нығыздап жатыр. Компания өкілдері жол төсемін асфальт-бетон зауыты жұмысын бастай сала қалпына келтіреміз деп уәде беріп отыр. Әбірқайыр Сқақов қыста қалалық желілерде орын алған апатты жағдайларға байланысты барлық бұзылған жолдарды барынша тез және сапалы түрде қалпына келтіруді талап етті.

 

- Павлодар тұрғындары жолдардың жағдайына наразы, кейбір жерлерде жүру мүмкін емес, - деді ол қала әкімі Ержан Иманслямға. - Мен сізге қаланы ретке келтіру үшін бір апта уақыт беремін. Жұртшылықты жол жамылғысын жамау және қалпына келтіру кестесімен таныстырыңыз. Адамдар жолдың белгілі бір бөлігі қай кезде қалыпты жағдайға келетінін білуі тиіс. Жалпы, Павлодар қаласын абаттандыру мәселесіне келер болсақ, сәуір айында санитарлық тазарту айлығын ұйымдастыру қажет. Бұған еңбек ұжымдарын, мердігерлер мен мемлекеттік қызметкерлерді жұмылдырыңыз.

 

Қала әкімі ретке келтіру жұмыстары кестесінің монополистермен келісіліп жатқаны туралы баяндады. Ол жол қызметтерінің шұңқырларды жамап, жекеменшік үйлер секторларындағы жолдарға асфальт төсейтіні туралы хабарлады. Оның айтуынша, жалпы ұзындығы 19 шақырымға жуық қаланың 34 көшесіне асфальтбетон жабыны төселмек.

 

Сонымен қатар, биыл Павлодарда жеті жылы аялдама орнатылмақ. Нұр-Сұлтандық инвестор павильондарды өз қаражаты есебінен жабдықтауға дайын. Қазір жоба талқыланып жатыр. Егер тараптар ымыраға келетін болса, алғашқы аялдама бір ай уақыт ішінде құрастырылмақ.

 

Қаланы аралау барысында аймақ басшысы қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы жұмысты бақылау жүйесін енгізу жобасымен танысты. «Ertis Solutions» ЖШС өкілдері ұсынған сандық өнім коммуналдық кәсіпорындардың қоқыс пен қарды тазалау, көшелерді тазарту және басқа да қызметтер аясындағы өз міндеттемелерін қалай орындап жатқанын үзбей бақылауға мүмкіндігін береді. Әбілқайыр Сқақов мердігерлердің жұмысын бақылаудың қажеттігін ескерте келіп, ұсынылған жүйені пайдалану мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.

Облыс әкімі қала көшелерінің жағдайын тексеруді Естай және Е. Бекмаханов көшелерінің қиылысында орналасқан шағын саябақта жалғастырды. Қала әкімдігі бұл учаскені жаяу жүргіншілер жолдарын салу және урналар мен орындықтар орнату арқылы жақсартуды ұсынды. Белгілі павлодарлық биолог Татьяна Пономарева саябақта ағаштарға санитарлық шырпу өткізу қажеттігін атап өтті. Маман Металлургтер саябағын дамыту жөніндегі өз ұсыныстарын енгізді. Оның пікірінше, дәл қазір осы саябақта ағаш отырғызу тым ерте – алдымен саябақтың дренаж жүйесі өз міндетін шеше ме, жоқ па, соны тексеру керек.

 

- Былтырғы көктем мен жаз өте құрғақ болғандықтан, осы аймақтағы жер асты сулары максималды деңгейге көтерілген жоқ, - деді Татьяна Пономарева. - Сондықтан, қазір саябақты функционалдық жүктеме тұрғысынан іске қосатын жастардың қандай да бір жобасына беруге болады. Сонымен қатар, дренаждың қаншалықты жұмыс істейтінін тексерер едік. Мұнда көшет отырғызуға асығудың қажеті жоқ.

 

«Горзеленстрой» ЖШС базасында Әбілқайыр Сқақов павлодарлық тәлімбақтардың көктемгі маусымға дайындығымен танысты. Кәсіпорын бірнеше жүз мың дана гүл және 9 мың ағаш отырғызуға дайын. Оның үстіне, тәлімбақ мамандары көшеттерінің жүз пайыздық өміршеңдігіне кепілдік беріп отыр. Аймақ басшысы облыс орталығын көгалдандыру жұмыстарын кешіктірмей бастауды тапсырды.

 

- Биыл 20 мыңнан астам ағаш отырғызуға міндеттеме алған қалалық әкімдікте үәдесінде тұру үшін барлық қажетті ресурстар да, жергілікті өндірушілер де бар», - деді ол. - Абаттандыру жұмыстарының механизмін белгілеп алып, жұмысқа кірісу керек.

 

Сондай-ақ аймақ басшысы қалада жаңа демалыс аймақтарын құруға байланысты екі жобамен танысты. Оның бірі Мир көшесінің бойында салынбақ. Облыстық перинаталдық орталықтың аумағында пайда болуы мүмкін бульварда серуендеу жолдары, жолаушылар демалатын орындықтар және балалар алаңқайлары болады. Екінші жоба Мәшһүр Жүсіп, 9 және Едіге би, 80 мекенжайларында орналасқан үйлер арасында іске асырылмақ. Облыс әкімі екі жобаны да жергілікті тұрғындармен талқылап, олардың қалауын ескере отырып үйлестіруді тапсырды.

 

 

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі

Валерий Бугаевтың суреті