«Атүсті қарамай, зейін салып жасалатын іс»: әкім ағаш отырғызу тәсілдемесін өзгертуді талап етті

«Атүсті қарамай, зейін салып жасалатын іс»: әкім ағаш отырғызу тәсілдемесін өзгертуді талап етті

Павлодар облысында ағаш көшеттерін отырғызу көктемгі науқаны сәуір айының үшінші онкүндігінде басталмақ. Экологиялық кеңес отырысы барысында аймақ басшысы елді мекендерді көгалдандыру жоспарларының толықтай орындалуы керектігін атап өтті.

Жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Қадылжан Сатиевтің айтуынша, алдағы бес жылда қалалар мен облыстардың әкімдіктері 420 мыңнан астам ағаш отырғызуды жоспарлап отыр. 2021 жылы 102 мыңнан астам көшет отырғызылады. Қазірдің өзінде Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларына осы мақсатта бөлінген жер телімдері белгіленіп отыр. Әр қалада көгалдандыруға қатысам деп ниет білдірген адамдар үшін арнайы бөлінген аймақтар бар. Павлодарда бұл «Гусиный перелет» пен теміржол көпіріне дейінгі жағалау бөлігі, Екібастұзда – «Шахтер» саябағындағы, ал Ақсуда – 14 және 15 шағын аудандардағы алаңдар.

- Бұл жерлерде ағаш отырғызу схемасы, жекеменшік ағаш тәлімбақтарының мекен-жайлары мен прейскуранттары көрсетілген стендтер орнатылады, - деді Қ. Сатиев. - Ағаш отырғызуға арналған қазбалар осы айда дайын болады. Қалауы болса, тұрғындар отырғызған ағаштарының жанына өз есімдері жазылған белгілер де орната алады. Отырғызған ағаштарын өздері күтіп-баптап, аймақты көгалдандыруға үлес қосады.

Санитарлық-қорғау аймақтарын көгалдандыру жайын қозғар болсақ, биыл Павлодар облысының ірі кәсіпорындары есебінен 23 мыңнан астам көшет отырғызу жоспарда. Өткен жылдармен салыстырсақ, 2019 жылы өнеркәсіпшілер 6,5 мың, ал 2020 жылы 15 мың ағаш отырғызған екен. Өңiр басшысы Ә.Сқақов кәсiпорындардың жер пайдалану келiсiмшарттарын олардың абаттандыру жөнiндегi мiндеттемелерi тұрғысынан зерттеудi тапсырды.

- Санитарлық-қорғау аймақтарына отырғызуға жоспарланып отырған ағаштар саны стандарттарға сай ма – осыны қайта қарау қажет, - деді ол. - Әрбір компанияға көгалдандыруға қойылатын талаптардың орындалуы туралы ескерту тапсырылу керек және олар осы талаптарды міндетті түрде орындаулары тиіс.

Бейнеконференция режимінде өткен кездесу барысында экологиялық кеңес мүшелері жасыл қорды құратын ағаштарды жою мәселесін көтерді. «Эком» бірлестігінің жетекшісі Светлана Могилюк Торайғыров көшесіндегі 81-ші үйдің ауласындағы жағдайға назар аударды – онда бірнеше ағашты кесу туралы дербес шешім қабылданған. Осыдан шамамен 25 жыл бұрын шағын саябақтағы алаңқай жекеменшік иелікке өткен екен, ал қазір меншік иесінің бұл жерде құрылыс бастау жоспарлары туралы белгілі болып отыр. Қазір қала билігі жасыл желектерді сақтау жөнінде жер иесімен келіссөздер жүргізіп жатыр. Облыс әкімі алдағы уақытта мұндай жағдайларға жол бермеуді тапсырды.

- «Орамдық құрылыс» деген ұғым бар, - деді ол. - Ол жекеменшік және қоғамдық кеңістіктердің нақты бөлінуін білдіреді. Сол ұғымға сүйенсек, кез келген қоғамдық орындарда құрылыс барынша шектелу керек. Егер қаланы көріктендіру ережелеріне өзгерістер енгізу қажет болса, бұны да жасау керек. Бұл болашаққа бағытталған жұмыс. Ал дәл қазір, құрылыс жүргізуге рұқсат қағаздары алынған қаладағы барлық аулаларға ревизия жүргізіп, тұрғындар мен кәсіпкерлер арасындағы жаңа наразылықтардың туындауын күтпестен, әрбір жеке істі халықпен талқылау қажет.

Отырысқа қатысқан тағы бір сарапшы, биолог Татьяна Пономарева, көптеген павлодарлықтарға таныс тағы бір мәселе жайын қозғады.

- Аулалардағы авариялық жағдайдағы ағаштар мәселесін назарымыздан тыс қалдырмау керек, - деді ол. - Қыста ағаштар көліктерге құлаған істер бойынша соттарға қатысуым керек болды. Абырой болғанда, ешкім зардап шекпеген. Көктем келді, енді жапырақтар гүлдеген кезде жаңа қиындықтар туындауы мүмкін. Сондықтан апаттық жағдайдағы ағаштарды кесу қажет. Мұндай ағаштар жөніндегі мәліметтер базасы қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімдерінде бар.

Басқосуды қорытындылай келе, Әбілқайыр Сқақов жер-жердегі басшыларға елді мекендер мен санитарлық-қорғау аймақтарын көгалдандыру бойынша өз міндеттерін толық орындауды тапсырды. Ол экологиялық кеңес мүшелерінің айтқан барлық ескертулерінің ескерілетіндігін жеткізді.

- Ағаш отырғызу ісі атүсті қаралмай, зейін сала жүргізілуі керек, - деді облыс әкімі. - Қандай жұмыс болмасын, соның ішінде жасыл желектерді күтіп-баптау болсын, суару болсын – бірыңғай техникалық сипаттама болуы тиіс. Сондықтан біз осы экологиялық кеңес аясында әзірленетін талаптарды қатаң сақтауды әрбір ықтимал өнім берушіге міндеттей аламыз. Біз көгалдандыру бағдарламасын іс жүзінде, бүгін бастауымыз керек. Бұл жұмысымызды өңір тұрғындары бағалайтын болады.

Әбілқайыр Сқақов экологиялық кеңестің жұмысы отырыстар барысында емес, күнделікті жүргізілуі керек екенін еске салды. Павлодар облысының экологиялық жағдайын түбегейлі өзгерту мүмкіндігі тек мемлекеттік аппарат пен қоғамның өзара іс-қимылдары жақсарған жағдайда ғана туындайды.

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Валерий Бугаевтың суреті