Павлодарда өткен жедел штаб отырысында COVID-19-ға қарсы іс-қимылдың өзекті мәселелері пысықталды. Басқосу барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдегі эпидемиологиялық ахуал жөніндегі кеңесте берген тапсырмаларын орындау барысы талқыланды.
Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сәуле Арыстанованың айтуынша, бүгінде Павлодар облысында тәулігіне орта есеппен 30 коронавирустық инфекция жұқтырғандар тіркеледі. Жұқпалы аурулар аураханалар мен бөлімшелердегі 1394 төсектің төрттен бірін науқастар алып отыр, бірақ соңғы бірнеше күнде ауруханаға жатқызылған адамдардың саны екі есеге жуық артқан.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы аймақтағы эпидемиологиялық ахуал өршитін жағдайда аймақта ауруларды жатқызатын 4051 төсек-орын құруға дайын. Өкпенің жасанды желдету қондырғылары жайына келер болсақ, 394 медициналық құрылғының 300-і жұқпалы аурулар ауруханаларында, ал қалғандары жедел және жоспарлы қызметтерде қолданылады.
- Сонымен қатар, мұндай жағдайда тәулігіне жалпы саны 3350 сынақ өткізе алатын 6 ПТР зертханасы тартылады, - деді С. Арыстанова. - 11 оттегі станциясы пайдалануға дайын, оның 8-і ковидтік ауруханаларда. Павлодар облысында 1484 төсек-орын оттегімен жабдықталып тұр. Біздің қолданысымызда 11 компьютерлік томография және 82 рентген аппараттары бар. Аймақтың барлық медициналық ұйымдарында жеке қорғаныс құралдары мен дәрі-дәрмектердің 45 күндік қоры бар. 580 медициналық мамандардан резерв құрылды.
Облыс әкімі денсаулық сақтау басқармасы басшылығына коронавирустың жаңа штамдарының пайда болуын ескере отырып, науқастанғандарды анықтау шараларын қайта қарау талаптарын қойды. Сонымен қатар, Ә.Сқақов халықты коронавирустық инфекциядан вакцинациялаудан өткізу ісіне баса назар аударуды тапсырды.
- Жаппай вакцинация – вируспен күрестің бірден-бір тиімді құралы, - деді ол. - Біз енгізген шектеу шараларының тек қысқа мерзімді ғана нәтижесі бар. Ал вакцинамен қамту деңгейі жоғары елдердегі жағдай қазірдің өзінде тұрақталып келеді. Пациенттерді ұжымдарға, қатерлі топтарға және басқа санаттарға бөле отырып, вакцинацияны ұйымдасқан түрде өткізуіміз қажет. Ауыл жұрты да назардан тыс қалмауы тиіс. Біз вакцина егу барысының динамикасын күнделікті қадағалап отырамыз.
Бүгін Павлодар облысында «Гам-КОВИД-Вак» препаратының І-ші компонентін 6018 адам, II-ші компонентін 2856 адам қабылдады. Жалпы, облысқа вакцинаның 90 мыңнан астам дозасы бөлініп отыр. Бұл көлем Павлодар облысына бөлшектеп жеткізіліп, емханалар желісіне таратылады.
Сондай-ақ облыс әкімі мониторингтік топтардың жұмысын қайта қарауды тапсырды. Кәсіпкерлік нысандарды тексерушілер эпидемиологтардың қойған талаптарын елемей, соның арқасында жосықсыз бәсекелестікке жол беретін қаскөй заң бұзушыларға назар аударуы тиіс. Аймақ басшысы бүгінде облыстағы кәсіпкерлердің жұмысы іс жүзінде шектелмейтіндігін еске салып, бизнес қауымдастығы өкілдерін белгіленген санитарлық нормалардың бұзылуына жол бермеуге шақырды. Сонымен қатар, шағын және орта бизнестің жұмысын үйлестіру үшін Әбілқайыр Сқақов COVID-19-ға қарсы іс-қимыл жөніндегі штаб құрамына «Атамекен» аймақтық кәсіпкерлер палатасының өкілдерін енгізуді тапсырды.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Валерий Бугаевтың суреті