
Ескерткіштің ашылу салтанаты көктемнің басты мерекесі – Наурыз қарсаңында өтті. Естай есімін иеленген қалалық мәдениет сарайының алдына қазақтың ұлы ақыны, сазгері мен әншісіне ескерткіш орнатылды.
Ақын бейнесі мүсінделген ескерткіштің биіктігі – 8 метр. Естай Беркімбайұлының мүсіні қоладан, ал тұғыры граниттен жасалған. Ескерткіштің авторы – Азат Баярлин, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі. Оның жобасын ҚР мәдениет және спорт министрлігі жанында құрылған арнайы комиссия басқа үміткерлердің туындыларымен қатар қарастырып, мақұлдаған болатын.
- Естай ескерткішінің ашылуы бәріміз үшін де қуаныш. Ұлы жерлесіміздің
Өңір тарихында, ұлттық өнерде алатын орны ерекше. Өшпес туындылары асыл шығармашылық мұраға айналған автордың аты ел есінде мәңгі сақталуы керек, - деді салтанатты шараға қатысушыларға Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов, - Жақында біз Абайдың ескерткішін ашсақ, бүгін, міне, Естай есімін ұлықтап жатырмыз. Бұл ата-бабаларға деген құрметіміздің белгісі, Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған сыйлығымыз. Сіздерді шын жүректен мерекемен құттықтаймын!
Ескерткіштің тұсаукесер рәсіміне ҚР Парламенті Сенатының депутаты Алтынбек Нұхұлы мен Естай Беркімбайұлының ұрпағы, журналист Фархат Әмренов қатысты.
- Кезінде Павлодарда Естай атындағы республикалық дәстүрлі әндер байқауы өтетін, - деді Фархат Амренов, - Мен бұл байқауды қайта жаңғырту жөнінде өтініш айтамын, өйткені ол Қазақстан ақындарын біріктіретін, өнер иелерінің бастарын қосатын шара болар еді. Сонымен қатар, ол туралы барлық мәліметтерді бір кітапқа жинап, Естай мен Қорланның махаббат хикаясы туралы көркем фильм түсірсе деген ұсыныс бар.
Естай Беркімбайұлы ескерткішінің ашылу салтанатына қатысып, гүл шоқтарын қойғандардың қатарында әйгілі опера әншісі Мария Мудряк пен қазақ эстрадасының жұлдызы Меруерт Түсіпбаева болды. Осылайша олар ұлы ақын мен композитордың рухына тағзым етуді жөн көрді.
- Естай біздің көптеген замандас музыкант әріптестерімізге, суретшілерімізге бағыт көрсеткен жұлдыз іспетті, - деді Мария Мудряк, - Жеке өз басым үшін ол – аты алтынмен жазылған музыкант, әуені адам жүрегін жаулап алатын өте сирек дарын иесі. Естай бүкіл жан дүниесі мен сүйіспеншілігін шығармаларына дарыта білген шебер. Оны композитор Джузеппе Вердимен салыстыруға болады.
Ескерткіштің ашылу салтанаты аясында өнер сүйір қауым мәдениет сарайында Естай Беркімбайұлына арналған мұражай бұрышындағы жәдігерлермен танысып, таяуда жаңартылған концерт залына барды. Жаңа сахнада қонақтарға «Qagan» этно-фьюжн тобы өнер көрсетті.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Валерий Бугаевтың суреті