Әбілқайыр Сқақов Павлодардың ірі құрылыс учаскелерін аралады

Әбілқайыр Сқақов Павлодардың ірі құрылыс учаскелерін аралады

Өңір басшысы жаңа мектеп салынып жатқан «Сарыарқа» шағын ауданында және жұмыс істеп тұрған оқу орындарының ғимаратын кеңейту үшін жапсарлас құрылыс жүріп жатқан Жетекші және Мойылды ауылдарында болды. Сондай-ақ облыс әкімі облыстық клиникалық аурухананың инфекциялық бөлімшесінің құрылысын тексеріп, оңалту орталығын салуға ұсынылып отырған учаскеге барды.

«Сарыарқа» ықшам ауданындағы мектеп 650 орынға есептелген. Қазір құрылысшылар ғимараттың екінші және үшінші деңгейлерін тұрғызып жатыр. Алдағы күзде жұмыстарды аяқтауға уәде беріп отыр. Әбілқайыр Сқақов мектепті «Заманауи мектеп» бағдарламасының стандарттары бойынша рәсімдеуді тапсырды және мектеп құрылысы жобаларын олардың қуаттарын арттыру жағына қарай қайта қарау қажеттігін еске салды.

- Облыс орталығында оқушы орындарының тапшылығын ескере отырып, бізге 1000 және одан да көп орындық оқу орындары қажет. Павлодарда біз екі немесе үш деңгейлі емес, төрт қабатты ғимараттар тұрғыза аламыз, - деді әкім.

Сұлтанов атындағы облыстық клиникалық аурухананың салынып жатқан жұқпалы аурулар бөлімінде өңір басшысы кемшіліктерге назар аударды және оларды тапсыру кезінде жұмыс сапасын бақылауды тапсырды.

- Ең бастысы - істі аяғына дейін апарып, сапалы медициналық нысанға қол жеткізу. Бұл жағдайда авторлық және техникалық қадағалау барлығын тексеруі тиіс, - деді Әбілқайыр Сқақов.

Облыс әкімі «Восточный» шағын ауданындағы бос жатқан жерде де болды. Онда оңалту орталығын салу жоспарланып отыр. Учаскенің ауданы үлкен саябақ аймағы бар көпфункционалды медициналық кешенді орналастыруға мүмкіндік береді. Өңір басшысы жобалау кезінде санитарлық қорғау аймағының нормативтерін сақтау қажеттігін атап өтті.

Жетекші ауылында Әбілқайыр Сқақов 300 орынға есептелген жергілікті мектептің жаңа корпусының құрылысы қалай жүргізіліп жатқанын тексерді. Жаңа ғимаратта сондай-ақ 100 орындық шағын орталық орналасатын болады. Жаңа оқу орны биылғы жылдың күзінде таныстырылуы тиіс. Мойылды ауылында жұмыс істеп тұрған мектептің қуатын арттыру жоспарланып отыр. Онда облыс әкімі кемшіліктері анықталған жобаға түзетулер енгізуді тапсырды.

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суретті түсірген Әлібек Дженалинов