Әбілқайыр Сқақов есептік кездесуден кейін азаматтарды қабылдады

Әбілқайыр Сқақов есептік кездесуден кейін азаматтарды қабылдады

Павлодар облысының әкімі онлайн-режимде тұрғын үй және әлеуметтік мәселелерге алаңдаған тұрғындарды қабылдады.

Өңір басшысына жүгінгендердің қатарында Баянауыл ауданының бір топ медицина қызметкері болды. Олар 2018 жылы аудан орталығында пайдалануға берілген жатақханада жылумен қамтамасыз етуде үнемі іркілістер болып тұратынын айтты. Әсіресе суық күндерде бірнеше баласы бар отбасылар пәтерлерінде тоңып отырады.

Онлайн-қабылдауға қатысқан аудан әкімі Қанат Кәрімов тұрғын үйдің кейбір техникалық қателіктермен тапсырылғанын айтып, төрт дәрігердің отбасына салынып жатқан үйлерден пәтер ұсынды. Әбілқайыр Сқақов аудандық билікке дәрігерлерге ұсынылып отырған тұрғын үй құрылысының сапасын бақылауды және сонымен бірге жатақхана мәселесін шешуді тапсырды.

- Біздің міндетіміз - ауылдық жерлердегі дәрігерлерге, педагогтарға жағдай жасау. Ал егер осындай жағдайлар орын алатын болса, ертең ауыл тұрғындарын кім емдеп, ауылдағы балаларды кім оқытады? Бұл мәселені биыл шешу қажет, - деді облыс әкімі.

Өңір басшысы бүгін азаматтарды өзінің тұрғындар алдындағы есептік кездесуінен кейін қабылдады. Ол да эпидемиологиялық жағдайға байланысты онлайн-форматта өтті. Естеріңізге сала кетейік, Әбілқайыр Сқақов үш телеарнаның және әлеуметтік желілердің тікелей эфирінде есеп берді. Оның барысында әкім 50-ге жуық сұраққа жауап берді, барлығы 526 сұрақ келіп түсті. Олардың барлығы назарға алынып, алдағы уақытта жауаптары берілетін болады.

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суретті түсірген Валерий Бугаев