Павлодар облысының әкімі өңір тұрғындары алдында есеп берді

Павлодар облысының әкімі өңір тұрғындары алдында есеп берді

Әбілқайыр Сқақов «Ertis», «Ирбис», «Екібастұз қалалық телевизиясы» телеарналарында, облыстық әкімдіктің Facebook, Instagram және Pavlodarnews.kz YouTube каналындағы аккаунттарында тікелей эфирге шықты. Тұрғындар 109 бірыңғай байланыс орталығына қоңырау шалу, мессенджерлерге хабарлама жазу, әлеуметтік желілерде пікір қалдыру арқылы өз сұрақтарын қоя алды. Сонымен қатар шағымдар мен тілектерін әкімге Zoom арқылы жеткізді. Есеп беру кезінде 50-ге жуық сұрақ қойылды, жалпы 526 өтініш келіп түсті. Олардың барлығы алдағы жұмыста ескерілетін болады.

 Сөз басында Әбілқайыр Сқақов коронавирус салдарынан қайтыс болған жерлестерді еске алуды ұсынып, олардың туыстары мен жақындарына көңіл айтты.

Одан соң өңір басшысы өткен жылы қойылған міндеттер бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндады.

- Біріншісі - тұрғын үй мәселесі. Біздің үлкен проблемамыз – бұл пәтер алуға деген мыңдаған кезек. Біз оны қысқарту бойынша жүйелі әрі стратегиялық жұмыс істеу міндетін қойдық. Өткен жылы пайдалануға берілетін тұрғын үй алаңы ұлғайтылып, тұрғын үй сертификаттарына арналған қаржыландыру бірден 9 есеге артты. Нәтижесінде кезекте тұрған 1096 адам пәтер алды. Бұл 15 жылдағы орташа көрсеткіштен 3,5 есе, ал 2019 жылмен салыстырғанда 5 есе көп, - деді әкім.

Өңір басшысы тұрғын үй сертификатының көлемі мен қажетті қаражат шегі артқанын атап өтіп, тұрғын үй құрылысының қарқыны мен көлемін төмендетпеуді тапсырды. Әбілқайыр Сқақов сертификат беру шарттары мен тетіктері бойынша кеңінен түсіндіру науқанын жүргізуді тапсырды.

- Екіншісі - ТКШ және абаттандыру. Бұл - проблемалардың кең жиынтығы, олардың кейбірі жылдар, тіпті онжылдықтар бойы шешілмей келген. Біз олардан бас тартпаймыз. Нақты жоспарлар бар. Аяз кезінде жылу беру проблемаларын анық көре алдық. Жедел шаралар ретінде біз пәтерлерді аралап, әр жағдайды сараптау комиссияларын құрдық. Павлодарда оларға тәуелсіз сарапшылар да қосылды. Олар өз қорытындыларын шығарды және жылумен жабдықтау инфрақұрылымын дамыту жоспарының негізін құрайтын ұсыныстар берді. Атап айтқанда, биыл Павлодарда ЖМ-42 жылу магистралін салу қажет. Бұл Усолка және Дачный шағын аудандарындағы жылудың жетіспеушілігі проблемаларын шешуге көмектесуі тиіс, - деді Әбілқайыр Сқақов.

Әкім аулаларды абаттандыру мәселесіне де тоқталып өтті. Ол кварталішілік аумақтарды жарық, жолдар мен балалар алаңдарын қоса, толық жасау қажет екенін атап өтті. Өткен жылы дәл осылай 185 аула жөнделіп, жайластырылған аулалардың үлесі екі есеге артты. Өңір басшысы жұмыс қарқынын төмендетпеуді және кешенді түрде абаттандырылған квартал ішіндегі аумақтар үлесін кемінде 70%-ға жеткізуді талап етті.

- Ауылдағы коммуналдық проблемаларға келетін болсақ, ең өзекті мәселе – орталық сумен жабдықтау. Біз алдымызға ауылдарды жоспарланғаннан екі жыл бұрын таза ауыз суға қол жеткізу, яғни 2023 жылдың соңына қарай толық қамтамасыз ету міндетін қойдық. ТКШ мен абаттандыру проблемаларын шешу біздің жұмысымыздың басты бағыты болып қала береді. Мен сіздерге күн сайын келіп түсіп жатқан ондаған өтініштеріңіз үшін алғыс айтамын. Бұл сіздердің  облысымыздың дамуына бей-жай қарамайтындарыңызды білдіреді. Мердігерлердің жұмысын қоғамдық бақылауға  қатысқан әр адамға ерекше алғыс айтамын. Біз қала мен ауылдағы өмір сүру деңгейін бірлесе отырып қана көрете аламыз, - деді Әбілқайыр Сқақов.

2020 жылы мемлекеттік бағдарламалар бойынша шағын және орта бизнесті несиелеу 1,5 есе өсті, облыс бойынша шағын индустриялық аймақтар іске қосылды. Онда кәсіпкерлер жалға алу төлемінсіз жұмыс істейді; орта бизнестің өндірістік қуатын жүктеу 75%-ға дейін ұлғайтылды, «Zhas-Halyk.Ertis» кепілсіз несие берудің өңірлік бағдарламасы іске қосылды.

- ШОБ-та әлі де көптеген проблемалар бар: карантиндік шаралардың салдары, жергілікті атқарушы органдар тарапынан қолдаудың жеткіліксіздігі, мемлекеттік көмектің қолда бар шаралары туралы хабардар болмай жатады. Біз осы мәселелерді талдап, «Business Ertis» өңірлік бағдарламасын әзірледік. Кәсіпкерлікке, әсіресе жаңадан басталған бизнеске қызмет көрсету режиміне көшу қажет. Олардың кейбіреулері өз ісін бастау идеясынан бастапқы кезеңде-ақ  бас тартады. Мұндай олқылықты жоққа шығара алмаймыз. Біз бұны ең алдымен ШОБ-қа арналған сервистік қолдауды сапалы күшейту арқылы түбегейлі өзгертуіміз керек, - деп атап өтті өңір басшысы.

Облыс әкімі қоршаған ортаны қорғауды тағы бір басты басымдық деп атады. Ертіс-Баян өңірінде экологиялық белсенділермен өзара іс-қимыл күшейтілді.

- Біз қоғамдық кеңестің жұмысын жаңарттық, оның мүшелерімен және Экология министрлігі басшылығымен бірлескен жұмыс жоспарын бекіттік. Көгалдандыру бағдарламасын қайта қарадық. Бес жыл ішінде облыстың қалалары мен аудандарында 420 мыңнан астам ағаш пен көшет отырғызу жоспарланып отыр. Олардың жартысына жуығы қалаларда, оның ішінде 100 мыңнан астамы - Павлодарда. Сонымен қатар елді мекендерден тыс жерлерде бес жыл ішінде 100 миллионға жуық қарағай көшеттерін отырғызу жоспарланған, - деп хабарлады Әбілқайыр Сқақов.

Әкім денсаулық сақтау жүйесіндегі өзгерістерге де тоқталып өтті. Облыста жедел жәрдем станциясының автопаркі жаңартылды, аудандарға жылжымалы медициналық кешендер жіберілді, инфекциялық госпиталь, Павлодар қаласының №1 ауруханасы жанынан шұғыл көмек бөлімшесі салынды, ал облыстық кардиологиялық орталық базасында инсульт орталығы құрылды.

- Биыл Павлодарда «Достық» шағын ауданында 500 төсектік көпбейінді аурухананың құрылысы басталады. Екібастұзда қалалық аурухананың инфекциялық бөлімін қайта жаңартуды жоспарлап отырмыз. Жаңа медициналық нысандарды іске қосу, әсіресе алғашқы медициналық-санитарлық көмек үшін медицина кадрларының резервін кеңейтуді және нығайтуды талап етеді. Денсаулық сақтау басқармасы мен басқа да жұмылдырылған ведомстволарға медицина кадрларын тарту, даярлау және қайта даярлау бағдарламасын әзірлеуді тапсырамын, - деді өңір басшысы.

Білім беру саласында өткен жылғы есептік кездесуден кейін мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту және мұғалімдерді қолдау басымдыққа ие болды. 2020 жылы облыста 8 білім беру нысаны салынып, қайта құрылды және 90-нан астам білім беру нысаны жөнделді. Павлодарлық 6 мектеп жаңартылды, олар да заманауи жабдықтармен жарақталып, «Заманауи мектеп» бағдарламасы бойынша жаңа жиһазбен жабдықталды. Өткен жылы облыста мұғалімдерге арналған сыйақы тағайындалса, биыл дарынды және талантты балаларға материалдық ынталандыру болады.

Павлодардың «Достық» шағын ауданында биылғы жылы мектеп құрылысын бастау қажет, ол орам құрылысының бір бөлігі болуы тиіс. Сонымен қатар биылғы жылы «Сарыарқа» шағын ауданында мектеп, Павлодар қаласының ауылдық аймағындағы Железнодорожный кентінде шағын жинақты мектеп салу, сондай-ақ Жетекші ауылында мектеп салу және Мойылды мектебіне қосымша құрылыс салу қажет.

Әбілқайыр Сқақов ауылдық жерлерде жүргізілген жұмыстар туралы да егжей-тегжейлі айтып берді. 2020 жылы Павлодар облысының ауылдарында 5 аурухана, 44 мектеп, 16 спорт нысаны және 165 шақырым жол салынды және жөнделді. 26 мың ауыл тұрғыны алғаш рет сапалы ауыз суға қол жеткізді.

- Павлодар облысы ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісінің өсуі бойынша елдегі көшбасшылар үштігіне кірді, ал Қазақстан бойынша енгізілген барлық суармалы жерлердің жартысы біздің өңірге тиесілі. Бұл бізге АӨК дамыту есебінен облыс экономикасын әртараптандыруға одан да көп негіз береді. Бірақ №1 міндет – өңірдің  азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Ол үшін ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамыту, егіс алаңдары мен өсірілетін дақылдарды әртараптандыру, суармалы жерлерді іске қосуды жалғастыру және етті және сүтті мал шаруашылығының даму қарқынын бәсеңдетпеу қажет. Биылғы жылы тазартылған май мен макарон өнімдерін өндіру жөніндегі жобалардың іске қосылуын қамтамасыз етуді тапсырамын. Павлодарда жоспарланған фермерлік базарды ұйымдастыруға назар аударамын: бұл тұрмыстық инфрақұрылыммен, ыңғайлы қолжетімділікпен және ең бастысы сапалы өніммен жабдықталған ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінің жетілдірілген нұсқасы болуы тиіс, - деп хабарлады өңір басшысы.

Әкім ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырған Екібастұзды дамыту жоспарына жеке тоқталды. Мемлекет басшысы кеншілер қаласының кадрлық әлеуетін сақтау қажеттігін ерекше атап өтті. Әбілқайыр Сқақов мәлімдегендей, Екібастұздағы оқу орталығын Торайғыров университетіне беру жоспарланып отыр. Болашақта аталмыш орталық өңірлік экономика үшін кадрлар ұстаханасы ғана емес, тәжірибе алмасу және еңбек дәстүрлерін нығайту орнына айналуы тиіс.

 

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі

Суретті түсірген Валерий Бугаев