Павлодар облысының әкімі өңір тұрғындарын онлайн режимде қабылдады.
Олардың қатарында қоғам белсендісі, эколог, «Павлодар облысының азаматтық альянсы» бірлестігінің басшысы Светлана Могилюк болды. Ол үкіметтік емес ұйымдар арқылы жүзеге асырылатын мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың тиімділігі мәселесін көтерді.
- Бүгінде мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында шығарылатын лоттарда негізінен мерекелік іс-шаралар. Бұл жұмыс тек бір бағытта құрылмауы тиіс, азаматтық сектордың барлық бастамаларын дамыту қажет. Біз мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы тұрғындарды облыстың елді мекендерін абаттандыруға тарту бойынша жобаны іске асыруды ұсынамыз, - деді Светлана Могилюк.
Әбілқайыр Сқақов қоғам белсенділеріне жұмыстары үшін алғысын білдіріп, оларды әрқашан, соның ішінде мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс түрінде де қолдайтынын айтты.
- Шынында да, проблемалық мәселелермен нақты жұмыс жүргізу қажет. Бұл үшін қаржы ресурстары бар. Біз ҮЕҰ-мен жұмыс істеу үшін 5-7 негізгі бағытты таңдап, күтілетін нәтижені белгілеуіміз керек. 1 наурызға дейін бұл мәселе бойынша нақты ұсыныстар әзірлеу қажет, - деп жауап берді әкім.
«Jebe» қоғамдық қорының басшысы Данияр Жұмаділов облыс әкіміне шығармашыл жастарды қолдауды сұрады. Павлодар ақындарына кітап шығаруға, ал айтыскерлерге шығармашылық кештер өткізуге көмек көрсету қажет. Қоғам белсендісіне заманауи Павлодар облысының аумағынан шыққан «Алаш» қозғалысының өкілдері туралы бейнероликтер жасауды қарастыратын «Алаш жолымен» жобасын жүзеге асыруға қолдау көрсетілетін болды.
Өңір басшысының алдында Ақсу ауылдық аймағындағы шаруа қожалығының басшысы Гүлмира Ұлықпанова да өз мәселесін көтерді. Фермер суармалы егіншілікпен айналысатынын айтып, егістік жерлеріне электр энергиясын өткізуде көмек сұрады. Оған арналған жобалық-сметалық құжаттама бар. Инфрақұрылымды жүргізуге арналған ЖСҚ өңірлік үйлестіру кеңесінің отырысында қаралатын болды.
Облыстық сурдо-паратэквондо федерациясының басшысы Мұхтар Жүсіпов Әбілқайыр Сқақовтан мүгедектер спортын қолдауды сұрады. Ол федерация тәрбиеленушілері қазақстандық және халықаралық аренада өңірдің намысын қорғап келе жатқанын, алайда дайындық жасайтын залдың жоқ екенін атап өтті. Облыс әкімі қысқа мерзімде параспортсмендерге көмек көрсетуді тапсырды.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суретті түсірген Валерий Бугаев