Туризм және шыбын-шіркей туралы

Туризм және шыбын-шіркей туралы

Жиынның алғышқы кезеңінде қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Ирина Сорокина облыстағы шыбын-шіркейге байланысты жағдайдың тұрақтылығы туралы мәлімдеді.

– Масалардың бірінші ағыны бойынша жұмыстар аяқталды, – деді ол. – Бүгінгі күні бұл шыбын-шіркейдің қанатты түрінің біраз өкілдері Ленин кентіндегі №2 авиаегістігінде  және Усолка өзеніндегі автомобиль көпірінің маңында адамдар тұрмайтын жағында байқалды, – деді Ирина Сорокина. – Авиаегістікте  авиаөңдеу жұмыстары, ал көпір маңында – жердегі химиялық өңдеу жүргізілетін болады. Павлодар саябақтарында масаның қанатты түріне қарсы өңдеу жұмыстарын жүргізудің қажеттілігі жоқ. Онымен біз Кенжекөл мен Ақсу жақтарынан барьерлік өңдеу жұмыстарын жүргізу арқылы күресеміз. Біз Ертіс жағасында орналасқан облыс аудандарында бақылау жұмыстарын жалғастырып келеміз. Осы мәселеге байланысты тұрғындардан ешқандай шағым түскен жоқ.

Содан кейін трибунада кәсіпкерлік, сауда және туризм басқармасының бастығы Қанат Шәбенов өңірдегі туризмнің дамуы туралы айтып берді. Ол Баянауыл  ауданындағы жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтқанда Болат Бақауов ол ауданның туристерді қабылдауға 100%-ға дайын еместігі жөнінде пікір білдірді.

– Өткен жылы Баянауылда ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің басында, яғни 10 маусымда барлық объектілер жұмыс істеді, – деді аймақ басшысы. – Әрине, климаттық жағдайлар дайындық жұмыстарына кері әсерін тигізуі мүмкін, алайда мен бұл жердегі жұмыстардың төменгі деңгейде жүзеге асырылып жатқанын өз көзіммен көрдім.

Сонымен қатар, Павлодар облысының әкімі бес негізгі туристік аймақты дамыту қажеттілігі туралы айтып өтті. Соның ішінде: Баянауыл, Маралды және Тұз-Қала тұзды көлдері, Шалдай ормандары мен павлодарлық «Ertis Promenade» жағажайы.

– Кәсіпкерлік, сауда және туризм басқармасының қызметкерлері бұл объектілерде тұру керек, – деді Болат Бақауов. – Баянауылды қалпына кетіріп болғаннан кейін Маралды жағасына көштік, Маралдыны қалпына келтіргеннен кейін Тұз-Қалаға жылжыдық!

Жалпы алғанда, аймақ басшысы туризмді ұйымдастыру саласында қызметкерлерінің жұмысына қанағаттанған жоқ. Бұл сала үшін жауап беретін басқарма бастығы Қанат Шәбенов сөгіс алды.