Павлодар облысы қалалары мен аудандарының әкімдері эпидемиологиялық ахуалды жақсарту шаралары туралы хабарлады

Павлодар облысы қалалары мен аудандарының әкімдері эпидемиологиялық ахуалды жақсарту шаралары туралы хабарлады

Облыс әкімдігінің кезекті аппараттық кеңесі онлайн байланыс режимінде өтті.  
 
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Батырбек Әлиев хабарлауынша, облыстың 12 қаласы мен ауданы коронавирус бойынша «қызыл» аймақта орналасқан. Май ауданы «сары» аймаққа өтті.
 
- Ақтоғай ауданында КВИ-ге шалдыққандардың апталық өсімі 5,6 есеге, Баянауыл ауданында 4 есеге және Успен ауданында 9,5-тен 12,4-ке дейін ұлғайды. Ал, Баянауыл ауданы «қызыл» аймаққа енді, - деп хабарлады Батырбек Әлиев.      
         
Қалалар мен аудандардың әкімдері COVID-19 ауруының өсуіне жол бермеу үшін жергілікті жерлерде қандай шаралар қабылданып жатқанын айтты. Мысалы, Ақсу қаласына жолаушылар қоғамдық көлікте әлеуметтік қашықтықты сақтау үшін қалалық маршруттарға қосымша 10 автобус шықты. Дүкендерде, салондарда және қала тұрғындарына қызмет көрсетілетін басқа да жерлерде ауаны зарарсыздандыру үшін бактерицидті шамдарды орнату ұсынылып отыр.
     
Облыс аудандарында мобильді және стационарлық санитарлық бекеттер орнатылды. Тереңкөл ауданында бірден үш елді мекенге, оның ішінде аудан орталығына кіру және шығу шектелді. Аудан басшысының міндетін атқарушы Нұрболат Мақашев бүгінде автокөлік ағыны 46%-ға төмендегенін атап өтті.  
 
- Қажетті шаралар қабылданып жатыр, бүгінгі таңда ең бастысы – олардың тиісті түрде іске асырылуын бақылау. Сондай-ақ мониторингтік топтар жұмысының тиімділігін қадағалау қажет, - деді Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов.
 
Аппараттық кеңесте талқыланған келесі тақырып өңірдің мемлекеттік органдарында мемлекеттік тілді қолдану болды. Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Самал Бегалинова бейінді заңнама талаптарын сақтау жағдайына тоқталды.
 
- Облыс басқармалары мен қала, аудан әкімдіктерінің ресми сайттарына тіл заңнамасына сәйкестігіне мониторинг жүргізіліп, бірінші басшыларға кемшіліктерді жою туралы ұсыным хат жолданады. Атап айтсақ, Аққулы ауданы әкімдігінің басты бетіндегі жалпы ақпарат орыс тілінде ғана жазылған Тереңкөл ауданы әкімдігіне қарасты құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің атауы тек орыс тілінде ресімделген, сондай-ақ Павлодар ауданы әкімдігінің құрылымындағы кейбір ауылдық округ әкімдерінің өмірбаяндары тек орыс тілінде жазылған, - деп хабарлады ведомство басшысы.
Соңғы үш жылда өңірдің 1010 мемлекеттік қызметкері қазақ тілі курсынан өтті. Облыс әкімі 34 жекеменшік орталықта ұйымдастырылатын осы курстардың сапасы туралы мәселе көтерді.
 
- Мемлекеттік тілді насихаттау - барлық мемлекеттік қызметшілердің ортақ міндеті, - деді Әбілқайыр Сқақов. - Ең алдымен біз өзімізден бастауымыз қажет. Барлық бірінші басшылар қазақ тілін жұмыста және күнделікті өмірде қолдана отырып, әріптестеріне үлгі көрсетуі тиіс.
 
Облыс әкімі 10 күн ішінде өңірде қолданылатын мемлекеттік тілді оқыту жүйесінің тиімділігіне талдау жасауды, сондай-ақ мемлекеттік органдарда тіл заңнамасының бұзылуына жол бермеу үшін пәрменді ұсыныстар енгізуді тапсырды.    
 
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суретті түсірген Валерий Бугаев